Фото: Ашық дереккөз
Сот процесін БАҚ өкілдерінің қатысуынсыз өткізу туралы өтініш білдірген ол марқұмдардың туыстарынан кешірім сұрап, өз кінәсін мойындауға дайын екенін айтты.
«Жәбірленуші тараптан кешірім сұраймын. Сіздерге өз көмегімді аямауға дайынмын. Ешқандай сөз сіздерге көмектесе алмайтынын білемін, әр отбасыға қайғы әкелгенімді де түсінемін. Заңға сай жазамды алуға дайынмын», деді сотталушы.
Прокурордың мәліметінше, жүргізуші апат кезінде жеңіл дәрежеде мас болған. Сонымен қатар ол жалған нөмір тағылған Zeekr көлігімен 219 км/сағ жылдамдықпен қарсы бағытқа шығып кеткен. Сотта жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев моральдық шығын ретінде 100 млн теңге көлемінде талап қоюы мүмкін екенін жеткізді.
«Қорғаушы ретінде 100 млн теңге сұраймын. Заң бойынша жазасы 7-10 жыл аралығында алады. Алайда ол кісі абайсызда адам өлтірді деген баппен сараланып отыр. Сосын ол жазасын қатаң түрдегі түрмеде емес, колония санатындағы түрмеде, яғни жеңіл санатты түрмеде өтейді», деді адвокат.
Бұған дейін атышулы «Шерзат ісіне» араласқан қорғаушы қаза тапқан қыздардың бірінің атындағы несиені әлі де ата-анасы төлеп отырғанын айтты.
Әл-Фарабидегі 3 адамның өмірін қиған жол апатына қатысты тергеу қашан аяқталады?
Еске салайық, қайғылы жол апаты 21 наурызға қараған түні Алматыдағы әл-Фараби даңғылында болған. Апат салдарынан Mercedes жүргізушісі және көліктегі 20 және 22 жастағы екі қыз қаза тапты.