Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың халыққа Жолдауы алдағы онжылдық мерзімге бағытталғандығымен маңызды. Бәрінен бұрын Елбасы инновациялық технологиялар мәселесін алға қойып отыр. Бұл жөнінде Үкіметтің арнайы бағдарламасы да бекітілген.
Соңғы жылдары өнеркәсіп өнімдері тікелей шикізат саласымен байланысты артқанын көреміз. Шикізат экспорты экономикамыздың 70-80 пайызын құрайтындығы да жасырын емес. Әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге арналған технологиялар қолданысқа еңбегендіктен, бұл салада кешеуілдеп қалудың бар екендігін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Енді қалыптасқан жағдайды түбірімен өзгертетін уақыттың келгендігін Жолдау айқындап берді.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев “Нұр Отан” ХДП Саяси бюросы отырысында бізге ескі құрал-жабдықтардың қажеті жоқ, тек заманауи озық технологиялар керек дегенді айтты. Бұдан шығатын қорытынды – индустриялық бағдарламаны тек жаңа технологиялар негізінде ғана жүзеге асыруға болады. Алдағы онжылдықта индустрияландырудың арқасында еліміздің ішкі жалпы өнімі бірнеше есе өсуі тиіс.
Елбасы, сондай-ақ өңірлерге басымдық беру қажеттігіне назар аудартты. Мәселен, әр облыстың даму деңгейі әрқилы. Батыс Қазақстан облысындағы даму мұнайдың арқасында болса, мұнайы жоқ, өзге өндірістері де мардымсыз Оңтүстік Қазақстан мен Жамбыл облыстарының экономикасы төмендеу. Павлодар, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстары кен өндірудің арқасында жағдайларын түзей алып отыр. Уақытында Елбасы атап көрсеткеніндей, біз осы өңірлердің деңгейін көтеретіндей жұмыстар атқаруымыз керек. Оңтүстік Қазақстан облысын алсақ, қазір онда 3 миллионға жуық халық тұрады. Солардың мәселесін шешу үшін мұнда көптеген жобаларды жүзеге асыру қажет. Өкінішке қарай, біз көптеген жеміс-жидектерді көршілес Өзбекстаннан әкелеміз. Бұл өнімдерді өзімізде де өндіре алар едік. Судың тапшылығына байланысты өңірде тамшылатып суару әдісін барынша кеңейту қажет. Одан кейін алынған өнімді тереңірек өңдеп, оны консервілеуді толық жүзеге асыра алмаудамыз. Қазір сауда орындарындағы өңделген көкөністердің көпшілігі шетелден әкелінгендер. Жылыжайлар әзірге тым аз, сондықтан алдағы жылдары оның санын арттыру мәселесіне де ден қою орынды болмақ.
Осы ретте тағы бір айта кететін мәселе, еліміздегі бірқатар облыстар дотациялы саналады. Бұл, әрине, сол облыстар тоқырап қалған дегенді білдірмейді. Дегенмен, қосымша құн салығы мен корпоративті кіріс салықтарының барлығы дерлік республикалық бюджетке түседі. Менің қосымша құн салығына ешқандай таласым жоқ, әйтсе де корпоративті салықтың бір бөлігін сол өңірлерде қалдыру арқылы облыс басшыларын ынталандыруға болар еді деп ойлаймын. Менің пайымымша, әр облыстың жағдайына қарап, корпоративті салықтың 25-50 пайыздайын жергілікті жерлердің бюджетінде қалдырсақ, көп нәрседен ұтылмасымыз анық. Қаржының белгілі бір бөлігі өз өңірлерінде қалатындығына көз жеткізген соң, жергілікті басшылардың жаңа кәсіпорындар ашуға және инвестициялар тартуға мүдделі болары айтпаса да түсінікті. Сонымен бірге, жергілікті жерлердегі көптеген әлеуметтік мәселелер өзді-өзінен шешіле бастар еді. Бұл мәселе үнемі Үкімет алдына көлденең тартылғанымен, әзірге ол шешімін таба қойған жоқ. Егер сол корпоративті салықтың белгілі бір бөлігін жергілікті жердің иелігіне қалдырсақ, индустриялық даму да күшейе түсер еді. Барлық облыс басшыларының бірінші кезектегі ойы – қалайда облыстық бюджетке түсетін салық көлемін көбейту. Шет елдерден ақшалы азаматтар мен өзіміздің қалталылар көптеген ұсыныстарымен облыс басшыларына келіп жатады. Енді жаңа кәсіпорындар ашамын дегендерге кейбір жеңілдіктер беру қажет. Мейлі, оларды бірнеше жылға корпоративті немесе қосымша құн салығынан босату, сондай-ақ шет елдерден алып келетін құрал-жабдықтарын кедендік төлемдерден босату сияқты жеңілдіктер қарастырылғаны жөн. Әрине, мұның барлығы тиісті заңнамаларға белгілі бір өзгерістерді көздейді.
Еліміз егемендігін алғаннан кейін урбанизация үдерісі белең ала бастады. Жалпы, республика бойынша халықтың 42 пайызы ауылдық жерлерде қоныстанған болса, оңтүстік облыстарда ол тіпті 50 пайыздан асады. Ауыл тұрғындары бәрін тастап, қалаға босқа келе салмайды, ондағы бар мақсаты – нәпақа табу. Базар айналасындағылар күнделікті тамағына қажеттісін ғана тауып жүр. Астанада қызмет көрсету саласында істейтіндердің көбі сол оңтүстік жақтан келген азаматтар. Әрине, олардың басым бөлігі жағдайлары жақсы болғандықтан келіп жатқан жоқ. Сондықтан қалаларда көптеген кәсіпорындар ашып, соларға ауылдық жерлерден жұмысшыларды тартуымыз қажет. Оларды әуелі кәсіби-техникалық оқу орындарында оқытып алғанымыз жөн. Урбанизация жоспарлы түрде ұйымдастырылғаны орынды. Көптеген іргелі елдерде, әсіресе, Еуропада қала халқын асырайтын ауылдықтар саны жалпы халық санының 10-15 пайызынан аспайды. Мысалы, АҚШ-та ол 5 пайыз ғана құрайды. Біз ауыл шаруашылығын неғұрлым дамытатын болсақ, ауыл шаруашылығында істейтін азаматтардың саны соғұрлым азаяды. Елбасы өзінің Жолдауында да агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселесіне назар аудартты. Дамыған елдерде ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі 50-70 мың доллар болса, бізде 3 мың долларға жетер-жетпестей екен. Ауыл шаруашылығында өңделетін өнімдердің санын көбейтуіміз арқылы біз бұл саладағы кемшіліктерді жоя аламыз. Өкінішке қарай, біздің бидай, мақта сияқты ауыл шаруашылығы дақылдарымыз шетелдерге өңделмей жөнелтіледі. Егер соларды терең өңдеп сатсақ, оның құны да артып, одан түсетін пайда да қомақты болар еді. Мысалы, мақтаның 10 пайызы ғана өңделіп, қалғаны шетелдерге кетіп жатыр. Мақта кластері бойынша Шымкентте 3 фабрика ашылып, мақтаны өңдеу 17 пайызға дейін өсті. Егер сол мақтаны терең өңдеп, одан киім тігуді толық жүзеге асырсақ, онда мақсатымыздың орындалғаны. Көптеген тігін фабрикаларымыз бәсекеге түсе алмай, тоқтап қалған жайы бар. Кедендік одақтың құрылуымен 170 миллион халқы бар еуразиялық кеңістікте өзіміздің өнімімізді сатуға мүмкіндік аламыз. Әрине, ол үшін біз бәсекелестікке бейім болғанымыз жөн. Біздер үшін 600 миллион халық мекен ететін Еуропалық Одақ үлгі болуы тиіс. Мәселен, мен облыс басшысы болып тұрған кезімде Белоруссияның Могилев облысымен қарым-қатынаста болдық. Сол облыстағы тоқыма фабрикалары толықтай жұмыс істеп, белоруссиялықтарды жұмыспен қамтып отыр. Бізге де неге солай жасамасқа. Солармен бәсекелестікте болсақ, соның өзі біздің кәсіпорындарға айтарлықтай серпін береріне мен кәміл сенімдімін. Бұл жерде мүмкіншілік көп, сондықтан Елбасының бастамаларына қолдау білдірілуі шарт.
Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың биылғы “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты халыққа Жолдауында көтерілген мәселелердің барлығын жан-жақты пысықтап, оның орындалуын заңнамалық қамтамасыз ету басты міндетіміз деп санаймын.
Болат ЖЫЛҚЫШИЕВ, Сенат депутаты.
ЕЛДІ ЗАМАН АҒЫМЫНАН ҚАЛМАЙТЫН МАМАНДАР АЛҒА БАСТАЙДЫ
Жексенбай ДҮЙСЕБАЕВ, Мәжіліс депутаты.
Парламент депутаттары үш ай сайын өңірлерге шығып тұрады. Әрбір сапардың өз мақсаты болады. Бұл жолғы міндет – Елбасы Жолдауының мақсатын түсіндіру, онда көтерілген мәселелер бойынша ел-жұртпен пікір алмасу және халықтың көңіл-күйін, хал-ахуалын біліп қайту. Осы орайда Ақмола облысының Ақкөл, Бұланды, Бурабай аудандарында және облыс орталығы – Көкшетау қаласында болып, бірнеше кездесулер өткіздік. Оның ішінде ауыл шаруашылығы, медицина және білім беру салалары бойынша жеке жүздесулер өтті. Жоғары оқу орындарының, колледждердің жағдайымен танысып, оқытушылармен және студенттермен кездестік.
Кездесудің барлығы Жолдаудан туындаған мәселелер төңірегінде өрбіді. Бұл Жолдау халықтың көңілінен шығып отыр. Жолдауда, ең бастысы, қол жеткізген елдің табыстары сараланды, әлемдік қаржы дағдарысынан қалай шығып келе жатқанымызға нақты баға берілді. Алдағы он жылдықта атқаратын міндеттер жеке-жеке кезең-кезеңімен көрсетіп берілді. Оны орындаудың жолдары, іс-шараларды жүзеге асыру жоспары және оның базасы қалай болуы керектігі ашып айтылды. Осының бәрін саралай келіп, сайлаушыларға өз пікірлерімізді жеткізіп: “Құдайға шүкір, қазір экономикамыз тұрақты даму жолына түсіп келеді. Елімізде қаржы бар. Дағдарыстан сүрінбей өттік деуге болады. Келесі белес өткен он жылдық кезеңнен әлдеқайда биік межелерге қол жеткізуді талап етіп отыр. Сондықтан барлық азаматтардан елдің ынтымағы мен бірлігін сақтап, ауқымды істер атқару талап етіледі”, – дедік.
Жолдауға сәйкес еліміздегі маңызды міндеттерді іске асыруда, халықтың жағдайын жақсартуда әрбір саланы дамытудың жолдары қарастырылып отыр. Соның ішінде ауыл шаруашылығына тоқталар болсақ, ең басты міндет – ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, бәсекеге қабілетті ету және ішкі сұраныстың 80 пайызын өзіміздің ауыл шаруашылығының өнімдерімен қамтамасыз ету арқылы экспортқа шығару. Ол үшін Үкіметте қаржы мәселелері қарастырылған, дегенмен, несие беру жүйесін оңтайлы дамытуымыз керек. Бұл – өзекті мәселелердің бірі. Мысалы, екінші деңгейлі банктер былтыр ауыл шаруашылығына 3,5,-4 пайыз ғана несие берген. Сондықтан, бүгінгі таңда ауыл тұрғындарын несие бөлу мәселесі қатты толғандырып отыр. Ауылдың несие алуға қолын жеткізу қажет.
Айталық, шағын және орта кәсіпкерлік саласын мемлекеттік қолдау үшін алдағы бес жылдықта арнайы қаржы қарастырылған. Оның ішінде 8 млрд. АҚШ доллары көлеміндегі қаржыны ел бюджетінен бөлу көзделген. Яғни, бұл – шағын және орта кәсіпкерлік алған несиенің пайыздық үстемесін төмендету мақсатында қарастырылған қаражат.
Елімізде қазіргі уақытта сарапшылардың болжамы бойынша, шағын несиеге 180 млн. АҚШ доллары керек екен. Бұл – бүгінгі таңдағы сұранысты қамтуға қажетті қаржы көлемі. Ал біз оның жартысын да бере алмаймыз. Және несиенің пайыздық үстемесі өте жоғары болып отыр. Сол себепті Жолдаудағы көрсетілген межелер болашақта орта және шағын кәсіпкерлікті дамытуға өзінің үлесін қосатындығы сөзсіз.
Ал ауыл шаруашылығындағы мал бордақылау, сүт өнімін шығаратын кешендер, құс фабрикалары, егін шаруашылығы, көкөніс өндіретін жылыжайлар, қайта өңдеу кәсіпорындары және басқа осындай үлкен бірлестіктерге де қажетті несиені бөлудің жолдарын Үкімет қарастыруы қажет. Оны да жолға қоятын дұрыс жүйе керек. Жуырда Ақмола облысын аралап келген бір топ парламентшілерге депутаттық сауал жолдадық. Біз онда Кредиттік корпорацияның базасында ауылдық банкті ашу мәселесін алға қойып отырмыз. Кредиттік корпорация өз талаптарынан шыға білген санаулы шаруашылықтарға ғана несие беріп отыр. Бәрін қамти алмайды. Ал ауылдық банк құрылса, ауыл шаруашылығының барлық саласын қамтыр еді. Яғни, үлкен де, шағын да шаруашылықтар несиеге қол жеткізер еді. Сол кезде кішігірім шаруашылықтар да несие алу үшін бір-бірімен бірігіп, үлкен өндіріс кешеніне айналар еді. Өз кезегінде үлкен шаруашылықтар да одан әрі дами түстетіні сөзсіз. Осы ұсыныстарымызды нақты мысалдармен келтіре отырып, Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдадық. Енді жауабын күтеміз. Мен бұл жерде ауыл шаруашылығының бір-ақ мәселесін айтып отырмын, ол – несиеге қол жеткізу.
Елбасы өз Жолдауында халықтың денсаулығын арттыру, қазақстандықтардың өмір сүру көрсеткішін ұлғайту жөнінде айтып өткені белгілі. Кездесулерде денсаулыққа қатысты мәселе де аз қозғалған жоқ. 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап медицина саласы жаңа заңмен жұмыс істеп жатыр. Айталық, емделгісі келген адам өзінің дәрігерін таңдауына, қалаған емханасына баруына мүмкіндік жасалуда. Сол арқылы қызмет көрсету сапасы артып, баламалы медицинаға жол ашылады деп күтілуде. Дәрігерлер мен ауруханалар арасында бәсекелестік туады. Сапалы қызметтің нәтижесінде қаржы да тиімді орнына жетеді деген тоқтам жасалып отыр. Бір сөзбен айтқанда, денсаулық сақтау саласында жұмыс жақсаруы тиіс. Қазір осы мақсатта жұмыстар жүргізілуде. Жаңа бастамаларды медицина саласының мамандары да қолдап отыр.
Дегенмен, ауылдық жерде кездескенімізде тұрғындар бір қолайсыз жәйт туралы айтты. Егер ауылдық округте тұрғындар саны екі мыңға жетпейтін болса, дәрігерлік-амбулаториялық учаскелер жабылып жатқан оқиғалар бар екен. Ал екі мыңнан асса, ондай қауіп жоқ. Мысалы, бір ауданның елді мекендерінде 11-12 дәрігерлік-амбулаториялық емхана болса, соның жартысы қалып жатқан көрінеді. Біздің ойымыз – қазіргі уақытта барды жоғалтпай, жоқты таба білетін кез! Сондықтан бірнеше депутат болып, осы мәселенің шешілу жолдарын қарастырып, Үкіметке, Денсаулық сақтау министрлігіне ұсыныстарымызбен шыққалы отырмыз. Басты мақсат – халықтың денсаулығын сақтап, одан әрі жақсартып, азаматтарымыздың хал-ахуалын бәсекелестік қабілетіне жеткізу. Бұл жәйттер Елбасының Жолдауында да атап көрсетілген.
Денсаулық тек емханаларда қаралып, ауруханаларда емделу арқылы емес, спортпен шұғылдану, саламатты өмір салтын ұстану нәтижесінде келетіні анық. Біз кездесулер барысында осы жағына да мән бердік. Мектептерге барғанымызда дене шынықтыру пәні қалай жүргізілетінін сұрадық. Біздер оқыған кездегідей емес, қазір дене тәрбиесі пәні аптасына үш рет тұрақты өткізіледі екен. Оның сыртында саламаттылыққа, ізгілікке баптайтын сабақтар да өткізілетінін естідік. Жалпы, баланың денесі қимылдаумен, ой-өрісі жақсылыққа талпынумен өседі! Неге десеңіз, қазір әскерге шақырылғандардың арасында әлжуаз балалар өте көп. Олардың 50 пайыздан астамы тексеру комиссиясынан өте алмай жатады. Денсаулығы да, білімі де жоқ жастарымыз ертең елімізге не береді? Әрбір адамның сынға түскен шағында олар қалай бәсекелестікке төтеп бере алады?! Қалай әлжуаз ұрпақпен адам капиталын өсіре аламыз? Бұл – ойланарлық жәйт.
Жоғары оқу орындары мен колледждерге барып өткізген кездесулерімізде келешек мамандардың сапасы туралы ой қозғадық. Өйткені, қазір білім алып жатқан жастарымыз ертең-ақ бітіріп шығып, екінші он жылдықты, яғни Елбасы атап көрсеткен 2020 стратегиялық бағдарламасын жүзеге асыратындар. Сондықтан, олар қалай білім алуда, өз деңгейінде мамандық алып шығуы үшін не жетіспейді, оқу орындарын қалай жетілдіру керек? Осы сұрақтар төңірегінде ой бөлістік.
Қазір арнаулы орта білімді мамандар жетіспейді. Мысалы, көп жерде электрмен дәнекерлеуші, сантехниктер мен электрмонтерлер жетіспейді. Ол кез келген адамның атқара беретін жұмысы емес. Сондықтан бізге кәсіптік-техникалық білім беру орындарын дамыту керек. Ол үшін елге қандай мамандықтар керектігі жөнінде сараптама жасалып, нарық заманында бәсекеге түсе алатын, нақты керек мамандар тәрбиелейтін жаңа деңгейдегі орта кәсіптік оқу орны болғаны жөн. Сондай оқу орнын ашу жобасы Ақмола облысындағы, Целиноград ауданының орталығы – Ақмол кентінде белгіленген. Және басқа өңірлерде де ашу көзделген. Қазіргі білім беріп жатқан кәсіптік-техникалық училищелердің деңгейі төмен. Олардың шығарып жатқан мамандарына сұраныс та көп емес.
Өнімдерді қайта өңдеу, сондай-ақ механика саласындағы мамандар тапшы. Елімізге шетелден көптеген жаңа заманның озық үлгідегі техникасы мен құрал-жабдықтары келіп жатыр. Соның тілін білу үшін білікті мамандар керек. Бұрын шетелге бір-екі айға жіберіп оқытып алатын болсақ, ендігі жерде ондай мамандарды өзімізде тәрбиелеп шығаруға мүмкіндігіміз бар. Экономика өзгерген сайын техника да өзгереді. Соған сәйкес мамандар да өзгеріп отырады. Осы даму жолы үзілмеуі керек. Заман ағымынан қалмайтын мамандар елді алға бастайды. Еліміздің индустриялық-инновациялық бағдарламаларын тікелей жүзеге асыратындар да – біздің білікті мамандарымыз. Сапалы мамандар болған жерде жұмыссыздық та азаяды. Сол арқылы экономикамыз дамып, қоғамымыздың іргесі беки түседі.
МАҚСАТ —СТРАТЕГИЯЛЫҚ ӘРІПТЕСТІКТІ ДАМЫТУ
Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кезекті отырысы өтті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Комитет мүшелері ең алдымен әріптестері, Мәжіліс депутаты Валерий Котовичтің бастамасымен жасалған “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мұнай және мұнай өнімдерінің айналымы саласында мемлекеттік бақылауды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасы туралы бастамашының өз баяндауымен қарастырып, қолдау білдірді.
Одан кейін Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Омаров “Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестік туралы шартты ратификациялау туралы” заң жобасымен таныстырды. Аталған құжатқа 2008 жылғы маусымда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Францияға ресми сапары барысында қол қойылған. Ол Қазақстан жағының бастамасымен “Еуропаға жол” мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде еліміздің жетекші еуропалық елдермен стратегиялық әріптестік деңгейіне шығу мақсатында әзірленген.
Заң жобасына қатысты Сыртқы істер министрінің орынбасарына депутаттар Сәт Тоқпақбаев, Уәлихан Қоңырбаев, Сәуірбай Есжанов сұрақтар қойды. Заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Бағила Баймағанбетова елге керек осы заң жобасы бойынша қосымша баяндап, әріптестерін қолдауға шақырды.
Сондай-ақ, осы отырыста комитет мүшелері “Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын декларациялау тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы”, “Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындаудың дұрыстығын бақылауды жүзеге асыру тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы”, “Тауарлардың дамушы және аз дамыған елдерден шығарылғанын айқындау ережесі туралы келісімді ратификациялау туралы” заң жобаларын талқылап, палатаның жалпы отырысына жіберуге келісті.
САРАПТАУ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Денсаулық сақтау министрлігінен Парламент Мәжілісінің депутаты Владимир Нехорошевтің ағымдағы жылдың 3 ақпанында палатаның пленарлық отырысында жолдаған сауалына жауап келді. Сауалда энергетикалық (алкогольсіз, аз алкогольді және алкогольді) сусындардың қауіпсіздігін анықтауға байланысты мәселе көтерілген болатын. Министрліктің жауабында былай делінеді:
“Еліміздің Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2007 жылғы 30 наурыздағы №12 қаулысымен мектепке дейінгі және жалпы білім беру мекемелерінде энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынған. Денсаулық сақтау министрінің 2008 жылғы 15 қаңтардағы №7 бұйрығымен энергетикалық сусындарға тыйым салу жөніндегі осы норма (38-тармақтың 2-тармақшасы) “Жалпы білім беру және интернат ұйымдарының құрылымдарына, күтіп-ұстауына және оқыту жағдайына қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар” санитарлық ережесі мен нормаларына енгізілген.
Қазіргі кезде халықаралық тәжірибені зерделеу мақсатында энергетикалық сусындардың адам денсаулығына әсері туралы соңғы ғылыми зерттеулердің деректерін ұсыну жөнінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (Рим, Италия) Алиментариус кодексінің комиссиясы хатшылығына сұрау жолданды.
Денсаулық сақтау министрлігінің Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті Қазақ тағамтану академиясымен және Республикалық санитарлық-эпидемиологиялық стансамен бірлесіп, аталған сусындардың құрамын зерделеуді бастады.
Республика аумағында энергетикалық сусындарды отандық өндірушілердің және экспорттаушылардың тізімі, сондай-ақ босатылатын сусындардың ассортименттері анықталуда.
Энергетикалық сусындардың қауіпсіздік талаптарына сәйкестілігіне іріктеп санитарлық-эпидемиологиялық сараптау жүргізілуде”.
БАЛАЛАР САУЛЫҒЫ БАСТЫ НАЗАРДА
Парламент Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитеті Қазақстандағы ЮНИСЕФ Өкілдігімен бірлесіп, “Қаржылық және экономикалық дағдарыстың Қазақстандағы балалардың саулығына тигізетін әсері” атты тақырыпта дөңгелек үстел өткізді.
Комитет төрайымы Гүлжан Қарағұсова шараны алғысөзбен бастап, Қазақстандағы ЮНИСЕФ Өкілі Ханаа Сингер ханым беташар сөз сөйледі. Одан кейін “ҚР Үкіметі мен Ұлттық банк жанындағы ұлттық талдамалық орталық” АҚ-тың басқарма бастығы Аяна Манасова 2009 жылдың соңында талдау орталығы, ЮНИСЕФ пен Халықаралық даму институты жүргізген зерттеу нәтижесімен таныстырды. Зерттеу “Қазақстандағы әйелдер мен балалардың өміріне экономикалық дағдарыстың, азық-түлік пен отынға баға тұрақсыздығының әсері” деп аталған болатын.
Аталған зерттеу қорытындысын жариялаған А.Манасова бүгінгі таңда балалардың жағдайы көңіл алаңдатарлықтай емес екендігін мәлімдей келе, дегенмен, осындай экономикалық тұрақсыз заманда балалардың құқығын қорғау үшін превентивті шаралар туралы бүгіннен бастап ойлау қажеттігін айтты.
Дөңгелек үстелдің мақсаты – ҚР Үкіметі мен Парламентіне Қазақстандағы балалардың саулығына қаржы және экономикалық дағдарыс ықпалы салдарының алдын алу жөніндегі шараларды әзірлеуге қолдау көрсету.
Шараға қатысушылар зерттеулердің қорытындысымен танысқаннан кейін дағдарыс және одан кейінгі кезеңдерде балалардың саулығын жақсарту жөніндегі ұсынымдарды талқылап, ұсыныс жасады.
Оның жұмысына Парламент депутаттары, халықаралық және орталық мемлекеттік ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Сәуле ДОСЖАНОВА, журналист.
РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МӘРТЕБЕ БЕРУ ӘДІЛДІК БОЛМАҚ
Алдан СМАЙЫЛ, Мәжіліс депутаты.
Астана қаласы республиканың елордасы ретінде барлық жағынан дамып келеді. Бүгінде қаланың архитектуралық сәулетіне мәдениеті сай деп анық айта аламыз. Шаһарда астаналықтардың ғана емес, республиканың көз қуанышы мен мақтанышына айналған өнер ордалары аз емес. Солардың бірі және бірегейі – Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ драма театры мен Максим Горький атындағы орыс драма театры.
Аталған өнер шаңырақтарының тарихы қала мен өңірдің кешегі және бүгінгі шежіресімен астасып жатыр. Орыс драма театрының құрылғанына 80 жылдан асса, қазақ драма театрының алғашқы қойылымы өткен ғасырдың 30-шы жылдары сахна-ға шығарылған. Кеңестік кезеңдегі ұлттық солақай көзқарастың салқынымен жабылып, кейін 90-шы жылдары көрермендерімен қайта қауышты.
Екі театр да ұзақ уақыт қала мен аймақтың рухани-эстетикалық сұранысын қанағаттандырумен бірге, қазақ өнерін шетелдерге танытуға ойдағыдай қызмет етті. Бүгінде астаналық жоғары талғамға сай сахналық шеберлігімен және репертуарлық бай мазмұнымен ерекшеленуде. Әлемдік драматургияның озық үлгілері мен қазақ драмасының классикалық туындыларын сахналауда айтарлықтай жетістікке ие. Оларда 4 халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген 14 қайраткері, халықаралық және республикалық мәртебелі сыйлықтардың лауреаттары қызмет етеді.
Театрлар ұжымдары астаналық және республикалық жоғары деңгейдегі барлық шараларға ұдайы атсалысып жүр. Мемлекеттік маңызы бар фестивальдер мен қойылымдардың бәрі дерлік сахна талаптарымен бірге, ұлттық және классикалық музыка өнерін еркін меңгерген осы екі театр актерлерінің қатысуымен өтіп келеді.
Астана еліміздің мәдени-рухани ордасына айналып, әлемдік өнерге ұмтылған, ғаламға танылған шақта аталған театрлардың қалалық деңгейде қалуы орынсыз деп ойлаймыз. Олардың дәрежесі Астананың биік мәртебесіне сай болуға тиіс. Бүгінде осы өнер ордаларына республикалық статус беру қай жағынан алсақ та әділдік болып табылады. Бұл театрлардың елге белгілі өнер шеберлерімен толығуына, әлеуметтік, материалдық-техникалық базасын нығайтуға ықпал етеді. Және де бұл үстіміздегі жылы 13 жылдығын атап өткелі отырған, ел Президентінің тарихи ерлігі болып табылатын Астанаға құрметтің лайықты көрінісіне айналар еді.