Қазақстан • 05 Қыркүйек, 2018

Алматы облысында италиялық инвестицияға зауыт салынады

405 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жетісу өңірінің агралық саладағы қолайлы мүмкіндігі мен қол жеткізген жетістігі әлемнің дамыған елдеріндегі жекелеген кәсіпорындардың қызығушылығын туғызып отыр.

Алматы облысында италиялық инвестицияға зауыт салынады

Жалпы, аймаққа инвестиция салушылардың қатары жыл сайын көбейіп, олардың дені ауыл шаруашылығы өнеркәсібі бағытында бірлесіп жұмыс істеуге бейіл екендіктерін білдірген. Оны соңғы бір-екі жыл көлемінде облыс экономикасына құйылған шетел инвестициясының көлеміне қарап бағамдауға болады. Мысалға, 2017 жылы облысқа 527 млрд теңге инвестиция тартылып, өңір республика бойынша алғашқы төрттікке енген болатын. Яғни, Алматы облысының инвестициялық тартымдылығы сыртқы нарыққа қаржы салушылардың ынтасын арттырғаны анық. Солардың қатарында италиялық Areas More компаниясы да бар. Жақында Алматы облысына осы компанияның президенті Сильвия Пессини арнайы сапармен келіп, жергілікті кәсіпкерлермен кездесті.

Areas More компаниясы тек Италия ғана емес, кәрі құрлық нарығындағы өзіндік орын бар ірі сауда-саттық әрі өңдеуші кешен ретінде танымал. Негізінен агроөнеркәсіп тауарларын өңдеу, қайта өңдеу әрі сатумен айналысады. Areas Moreнің сауда саясатындағы басты ерекшелік ретінде ашық әріптестік пен тең серіктестік ұстануында болса керек. Қазіргі кезде компанияның дүние жүзі бойынша ірі 50 серіктесі және жүзден асатын әріптес компаниясы бар екен. Сильвия Пессиниді Жетісу топырағына осы үміт, Қазақстан аумағынан серіктес болатындай ыңғайлы кәсіпорын іздеу мақсаты жетелеп келсе керек. Италия кәсіпкерінің бұл мақсаты орындалғандай да. Өйткені, Алматы облысының кәсіпкер палатасында болған екіжақты кездесуде бірқатар келісімнің басы ашылып, ыңғайлы талаптар турасында сөз болды.

Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің жетекшісі Римма Салықовамен кездескен Areas More компанияның президенті Сильвия Пессини Жетісу жерінде ауыл шаруашылығы саласының жақсы дамығанын тілге тиек етті. Бұл шетелдік инвесторлар үшін өте тартымды және қайтарымы мол бизнес көзі ретінде қаржы салуға жол ашады. Осы кездесуде Пессини ханым аймақтағы бизнес – ахуалмен жіті танысқаннан кейін, өңірде бірнеше өңдеу кәсіпорындарын салуға бел буғанын айтты. Бұйырса, биыл Алматы облысының аумағында агроөнеркәсіп өнімдерін өңдейтін және қайта өңдейтін 5 шағын зауыт салынады. Бірлескен кәсіпорындарды италия тарапы толықтай жабдықтап, іске қосады. Ал шикізатпен қамту, дайын өнімді жөнелту ісімен жергілікті серіктес компания айналысады.

- Алматы облысының аумағында өңдеуші кәсіпорын құруға қол жеткізу біз үшін тиімді жоба болып отыр. Жалпы, Италия тарапы Қазақстанның агросекторына инвестиция салуға мүдделі. Өйткені, елдің аулы шаруашлығы саласының мүмкіндігі мол. Табиғи өнім алуға, оны өңдеуге сұраныс бар. Біз бұл жақта жаңа бағыттағы кәсіпорындар ашып, олардың дамуына көңіл бөлеміз. Италия банктері мен қорлар бұл жобаларды қаржыландыруға дайын. Әсіресе, соя, алма және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, сонымен бірге агротехниканы шығаруға қызығушылық жоғары, - дейді Сильвия Пессини.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы