Атап өтсек, аймақта 396 жекеменшік балабақша бар, яғни мектепке дейінгі білім мекемелерінің жалпы санының 75 пайызын құрайды. Бұл республика бойынша ең жақсы көрсеткіш.
«Біз мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде салынған бірқатар балабақшалардың, нысандардың жұмысымен таныстық. Әріптестерімізбен бірге Қызылорда облысындағы бұл тәжірибені үздік үлгі ретінде республика бойынша енгізу керек деп ойлаймыз», - деді Бірғаным Әйтімова.
Қазіргі таңда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында өңірде 75 жоба жүзеге асырылуда. Олардың 29-ы денсаулық сақтау; 12-сі дене шынықтыру және спорт; 10-ы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық; 8-і білім беру; 7-еуі цифрландыру; 5-еуі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары салаларына тиесілі болса, ал мәдениет, әлеуметтік қамсыздандыру, қоғамдық тәртіп және экология салаларында 1 жобадан жүзеге асырылуда.
Еске салайық, Қызылорда облысына ҚР Парламенті Сенатының депутаттары жұмыс сапарымен келген болатын. Іссапар барысында олар Сыр өңіріндегі әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты. Сондай-ақ, Сырдария, Қармақшы және Арал аудандары мен Байқоңыр қаласының әлеуметтік-мәдени нысандарын аралайды.