11 Қыркүйек, 2018

Жобада – 10 жатақхана

91 реткөрсетілді

«Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» негізінде аймақ­тарда атқарылатын істің жөн-жобасы түзіліп, тиісті жоспар жасалған-ды. Өзге өңірлердегідей, Алматы облысы да бұл бағытта жасалатын жұмыстарды жүзеге асыруға кірісіп кетті. 

Елбасы бастамасында нақ­­­тылан­ған бағыттың бірі – қо­сымша білім гранттарын бөлу мен студенттерді жатақ­ханамен қамту жайы болатын. Жетісулық жастардың кең қол­да­уына ие болып, ата-аналардың риза­шылығына бөленген бастама бойынша қазір нақты шаралар қолға алынды. Жоспар бойынша облыста студенттерге арналған 10 жатақхана салу көзделген. Қазір құрылыс жүргізуге қа­жет­ті жер телімі бөлініп, жоба­лау жұмыстары басталып та кетті.

– Бес бастаманың ішіндегі ең өзек­тісі мемлекеттік грант­тардың санын арттыру және білімгерлерді жатақ­ханамен қамту мәселесі екені анық. Елбасының шешімімен 2018-2019 жылдары бөлінетін қосым­ша гранттар білім саласына елеулі серпін беретіні анық. Оқу оқып, ізденемін деген жас­тарды қолдау, білімге, жатақханаға деген қолжетімділік бойынша жария етілген жақсы жаңалық – жалпыға ортақ жағымды іс. Бұған дейін еліміз бойынша мемлекет тарапынан жоғары оқу орындарына 54 мың грант бөлініп келген. Ендігі кезекте Елбасы баста­масымен атал­мыш тегін оқу жүйесі 20 мың грантпен толықты, – дейді Талдықорған заң кол­леджінің директоры Мықтыбек Рахымбеков.

Бастама аясында жатақха­намен қамту үлесін арттыру да студенттер­дің көңіліне сенім ұялатты. Өйткені еліміздің бар­лық өңірінде студенттік бас­пана жайы сын көтермейді. Бұл жағынан жетісулық жас­тар да қиын­дыққа тап болып отырғаны жасырын емес. Облыс­тағы бірегей оқу орны – Ілияс Жансүгіров атын­дағы Жетісу мемлекеттік универ­­ситетінің өзінде де жатақ­­хана жетіспеушілігі бар. Уни­­верситеттің екі жатақ­хана­сы 500 студентке ғана лайық­­тал­ған. Ал мың­нан астам жас қаладан пәтер жалдап немесе туыс-туғанының үйін саға­лау­ға мәжбүр. Енді «Пре­зиденттің бес әлеуметтік бас­тамасы» негізінде жасалған жол картасы бойынша тағы да 500 орындық жатақхана құ­ры­лысы басталмақшы. Дәл осындай жатақхана тапшылығы аймақтағы Сүлеймен Демирель университетінде де сезіліп отыр. Жоспар бойынша бұл оқу орны аумағына 1000 орын­дық студенттер үйі салынбақ. Бұй­ырса, құрылыс жұмыстары 2024 жылы то­лық аяқталады. Мұнан бөлек, облыс­тағы 8 колледж­ге жаңадан жатақхана ­са­луға жер телімі қарас­тырылып отыр. Ғи­мараттың жоба­лық-сметалық құжат­тарын реттеуге 16 млн теңге бөлінген.

Сондай-ақ биылдан бастап мем­ле­кеттік грант үлесінің артуы да жас­тардың білім алуға деген құш­тар­лы­ғын ұштап, сенімін нықтады. Мәселен, есеп бойынша Алматы облысында 17 мың ұл-қыз мектеп бітірсе, ҰБТ сы­нағынан сүрінбей өткен 5198 жас грант иеленіп, жоғары оқу орнына түскен екен. Бұл көрсеткіш өткен жыл­ғымен салыстырғанда 1334 адам­ға көбейген. Демек, Елбасы бастамасы бойынша грант санының көбейгені аймақтардағы білім алуға ынталы жастардың жолын ашқаны анық.

Ал Алматы облысы өңір­дегі кадр­ларға деген қажет­ті­лікті ескере отырып, ҰБТ қорытындысы бойынша жо­ғары балға ие болған 100 талапкерге былтыр да білім беру гранттарын бөлген болатын. Ол бойынша педагогикалық, ауыл ша­руашылығы және ме­дициналық ма­ман­дықтарға басымдық берілген еді. Биыл бұл үрдіс тағы жалғасын тауып, облыс әкімі тарапынан оған қосымша тағы 100 грант бөлінді. Яғни 2018-2019 оқу жы­лында бұл мақсатқа жергі­лікті бюджеттен қосымша 47,5 млн теңге қарастырылып отыр.

– Қазір жергілікті бюджет есебінен 438 студент әкім грантына оқып жатыр. Олар­дың сексен тоғызы медицина, екі жүз жиырма жетісі педа­гогика, жиырма үші ауыл шаруа­шылығы, жиырма бірі мәдениет саласындағы мамандықтарға бөлінсе, басқа да мамандықтар бойынша тағы 78 студент тегін білім алуда, – дейді бұл жайында облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар