Медицина • 11 Қыркүйек, 2018

Сұраныс жоғары

54 реткөрсетілді

Қазағы қалың оңтүстік өңірдің өзбегі, орысы да, басқасы да мем­лекет­тік тілді түсінеді, біледі десек, қате­лес­песпіз. Соңғы жылдары облыстық дең­гей­дегі ресми жиындардың барлығы дерлік қазақ тілінде өтетіні сондықтан да болар. Өңір тұрғындары тіл білгеннің пайдасы мол екеніне, «қазақ тілі елдерді біріктіретініне» көз жеткізуде. 

Облыста 20 этномәдени бірлестік жанынан құрылған 11 жексенбілік мектепте 1377 этнос өкілі өз ана тіл­дерін оқып-үйренуде. Яғни өңір тұрғындары «Қазақстанда ешкімді де қазақ тілін білуге тиіссің деп мәжбүрлемейтіндігін, әр ұлт өзінің тілін, мәдениет, салт-дәстүрін дамытуға барлық мүмкіндігі бар екен­ді­гін» айтқан Елбасының «мемлекет­тік тіл қазақ тілін адамдардың басым бөлігі түсінген жағдайда ол бірігудің, жақындасудың белгісі болар еді» деген сөзін де жадынан шығарған емес.

Мемлекеттік тіл мемлекеттік қыз­метте жұмыс бабында тұрақты қол­да­нылатын тілге, басшының сөйлеу тіліне айналуы керек. Жуырда көпші­ліктің осындай қалауы мен талабы үдесінен шығу мақсаттарының бірі болған «Мемлекеттік тіл – мемлекет­тік қызметте» тақырыбында облыс­тық тіл байқауы өтті. Мемлекеттік қыз­мет­шілер арасында. Шымкенттегі «Отырар» кітапханасында тілдер мере­кесіне орайластырылған бай­­қау­ды Қазақстан Президенті жанын­­дағы мемлекеттік басқару акаде­мия­­сының Шымкент филиалы мен қалалық тілдерді оқыту әдістемелік орталығы ұйымдастырды. Басты мақ­саты – мемлекеттік тілдің мәрте­бесі мен маңызын кеңінен насихаттау, қызметкерлердің қазақ тілін мең­герудегі сауаттылығын арттыру болып табылатын байқауда аудандардан келген мемлекеттік қызмет­ші­лер бақ сынады. Олар қазақтың ұлт­тық құндылықтарын білу деңгейі, тіл байлығы, жазу грамматикасы, тапқыр­лығы және түрлі ұлттық нақыштағы сахналық қойылымдар бойынша 4 кезеңнен тұратын сайысқа түсті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқаудың биылғы ерекшелігі – арнайы даярлық курсынан өткен жас мамандар, жас мемлекеттік қызметшілердің қатысуы. Екі апталық курсқа келген олардың терминді, ресми іс-қағаздар стилінде дұрыс жазу деңгейін жетілдіру де көзделген. Об­лыс­тық байқауда төрелік еткен білікті тіл мамандарының шешімі бойынша жеңімпаз деп танылғандарға арнайы сый-сияпаттар табыс етілді. 

Ересектер ғана емес, 5 жасқа дейін­гі, әлі мектеп табалдырығын аттап үл­гер­меген балалар да байқауға қатысып, үйренгені, санаға сіңірген тәлім-тәрбиесі бойынша бақ сынады. Иә, біз облыстық әзіл-сықақ театрында өткен «Бала шақтан болашаққа – ана тілімен» атты балалар арасындағы байқау туралы айтып отырмыз. Байқау шарты бойынша балалар бірінші айналымда мәнді де мағыналы мақал-мәтелдерді жатқа айтып, екінші айналымда бойындағы өнерлерін көрсетті. «Мақал-мәтелдер даналыққа бастайды» және «Өнерліге өріс кең» атты екі аталым бойынша сайысқа түскен қатысушылардың білімділігі мен тапқырлығы және белсенділігі, киім үлгісіне, шығарманың күрделілі­гі мен көркемділігіне басты назар ­аударылды.

Елбасы «Болашаққа бағдар: ру­хани жаңғыру» бағдарламалық мақа­ла­сында ұлттық салт-дәстүр­леріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиеті­міз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айт­қанда, ұлттық рухымыз бойымыз­да мәңгі қалуға тиіс екенін атап өтті. Иә, біз жоғарыда мысал ретінде айтып өткен байқаулар өңірде тілді да­мы­ту, мәдениетті өркендету мақ­сатын­да атқарылып жатқан істердің бірі ғана. Бағдарламалық мақала аясын­да облыстық мәдениет және тіл­дерді дамыту басқармасына қарас­ты 35 облыстық мәдениет және өнер ұйымдары арнайы жоба бекітіп, тиісті жұмыс атқаруда. Сондай-ақ Қазақ­стан Республикасында тілдерді дамы­ту мен қолданудың 2011-2020 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағдар­лама­сын іске асыру мақсатында облыс әкім­дігінің қаулысымен атал­ған бағ­дар­ламаның орындалуына бағыт­талған іс-шаралар жоспарлары бекітіліп, кезең-кезеңімен іске асырылуда. 

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар