Қазақстан • 11 Қыркүйек, 2018

Өзара серіктестікке – өрісті қадам

99 реткөрсетілді

Елімізге екі күндік жұмыс сапарымен Ирина Костевич бастаған Беларусь Республикасының Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің делегациясы келді.  

Бүгінгі таңда Еуразиялық эко­номикалық одақ пен Тәуелсіз мемлекеттер достастығы аясында, сонымен бірге Қазақстан-Беларусь үкіметаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комиссия шеңберінде әлеуметтік-еңбек саласы бо­йын­ша екі ел арасында ынтымақ­тас­тық жүзеге асырылып келеді.  

Қос елдің ведомство басшылары Мәдина Әбілқасымова мен Ирина Костевичтің кездесуінде тараптар өзін өзі жұмыспен қам­тыған халықты формализациялау, әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту, әлеуметтік-еңбек саласында мемлекеттік қыз­мет­терді оңтайландыру және авто­мат­тандыру,  екі елдің зейнет­ақы жүйесі және басқа да мәсе­лелер бойынша қазақстандық тәжі­рибе төңірегінде бірқатар өзекті мәселелерді талқылады. 

Екі жақты кездесуде жалпы еңбек нарығын дамытудың келешегі және «Еуразиялық электронды еңбек биржасы» цифрлы жобасын құру жөніндегі Қазақстанның бастамасы да жан-жақты сөз болды. Бастаманың не­гіз­гі басымдығы – цифрландыру тәр­тібінің көздеген мақсаттарына қол жеткізу. Бұл – Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде цифрлы экономиканы дамыту жолындағы еңбек ресурстарының еркін айналымы, біртұтас еңбек нарығын қалыптастыру және аталған одаққа мүше елдердегі еңбеккерлердің жұмыспен қам­тылуын жеңілдетуді көздейді.

«Аталған бастаманы іске асыру Еуразиялық экономи­ка­лық одақ аясында бизнеске, мем­лекеттік органдарға және қыз­меткерлерге уақыт пен ресурстарды үнемдеуге, қағазбастылықты азайтуға, өзара іс-қимыл кедер­гі­лерін жеңілдетуге, жұмыс­п­ен қамту процедураларын оңтай­ландыруға, қос тараптың ақпа­рат­тық мүмкіндігін арттыруға кеңінен жағдай туғызады. Соны­мен бірге,  кәсіпкерлердің осал топтары мен көлеңкелі нарық көрсеткіштерінің төмендеуіне сеп болады», деді еліміздің Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі М.Әбілқасымова. 

Сонымен қатар екіжақты кездесуде министрліктер арасында әлеуметтік және еңбек сала­сындағы ынтымақтастық тура­лы меморандумға қол қойылды.   

Тараптар әлеуметтік еңбек және халықты жұмыспен қамту саласында бірлескен жобаларды дайындау, осы бағыттағы мем­лекеттік саясатты жүзеге асыруда өзара ақпарат, тәжірибе және білім алмасу, сондай-ақ ғылы­ми-зерттеу мен  оны дамыту бағытын­да ынтымақтастықты жандандыру бойынша уағдаласты. 

Сонымен қатар Беларусь делегациясы Астана қаласының Есіл ауданының халыққа қызмет көрсету, жұмыспен қамту, «Нұр­лы жүрек» әлеуметтік қыз­мет көрсету орталығы» МКМ, «Қарт­тар мен мүгедек балаларды оңал­ту орталығы» секілді бір­қа­тар әлеуметтік нысандарды аралады.  

«Екі күндік бағдарлама аясында әлеуметтік қорғау мен зейнетақыны дамытудың, сон­дай-ақ нәтижелі жұмыспен қамту­дың және халық табысын көтерудің өзекті мәселелері бо­йынша тәжірибе мен пікір алмас­тық. Бүгінгі таңда проблемалар­ды барынша тиімді шешуге ық­пал ететін әлеуметтік еңбек саласын цифрландыру маңызды. Бұл ең алдымен қос ел Үкіметінің негізгі басымдығы деп білемін. Әрине, біз сіздердің осы саладағы тәжірибелеріңізді бағалаймыз. Атап айтқанда, бүгінде Беларусь Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының көп­теген индикаторларында алдың­ғы қатарлы тәжірибелер бар. Біз­дің тараптан оған қызығу­шы­­лық жоғары және оны өзімізде қолдана аламыз», деді еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М.Әбілқасымова. 

«Біз «бір терезе» қағидасымен жұмыс істеп жатқан жұмыспен қамту орталықтарына барып оң әсермен оралдық. Сонымен қатар еңбек нарығын реттеу жүйесінде Қазақ елінен үйренеріміз бар. Қазақ­стандағы еңбекақы төлем­дерінің тәсілдеріне ерекше көңіл аудардық. Бұл бағытта көш ілгері келе жатырсыздар. Менің ойымша, Беларусь Республикасының аумағында жоспарланған келесі кездесу біліктілік жүйесінің ұлттық тақырыбына арналады деп ойлаймын. Бүгінде біз осы бағытта стратегиялық серік­тестік орнаттық. Жуық арада бұл қос ел Үкіметі деңгейінде қабыл­данатын болады», деп атап өтті Беларусь Республикасының Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі И.Костевич.

Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Қарсыласы қарымды

Кәсіпқой бокс • Кеше

Тандыр наннан шеге шықты

Аймақтар • Кеше

«Jastar kerýeni» жолға шығады

Аймақтар • Кеше

Майдан тудырған сөз

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар