Кино • 11 Қыркүйек, 2018

Әмір Венецияны бағындырды

34 реткөрсетілді

Қазақ режиссерін әлем үздік деп таныды! Италияның Венеция қаласында өткен 75-ші халықаралық кинофестивалінде «Көкжиектер» («Горизонты») бағдарламасы бойынша бақ сынаған Әмір Байғазиннің «Өзен» фильмі  «Үздік режиссер» аталымында топ жарды. 

Түркістан облысы аумағын­да түсірілген кинокартина ре­жис­сердің бұған дейін жа­рық­қа шыққан «Асланның сабақ­тары» және «Төрт оқиға» фильм­дерінен кейінгі тың туындысы. Яғни «Өзен» фильмі – Аслан туралы трилогияның соңғы бөлімі. Өркениеттен алыс  жерде тұратын ағайынды бес жігіттің қаладан келген қонақпен таныстықтан кейінгі басқа арнаға бұрылып, күрт өзгерген өмірі, тіршілік тынысы жайлы баяндалатын кинотуынды Қазақстан (Мәдениет және спорт министрлігі, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ, Emir Baigazin Production), Нор­вегия (Norsk Filmproduksjon) және Польша (Madants) сынды бірнеше мемлекеттің атсалысуы­мен жарыққа шыққан болатын. Фильмді түсіру идеясының  пайда болуы туралы Әмір Байғазин­нің өзі Сүлеймен патшаның «адам­ның пейілі терең су тәрізді» деген сөздерін келтіре отырып, ниет болса, алдыңнан шығатын қиындықтарға қарамастан, өмір­дің бақытын сезінуге болатынын атап өтті.

«Өзеннің» тағдыры алғаш ойға алған күннен-ақ сәтті болды. Атап айтар болсақ, кинокартина сценарий кезінде  MPA APSA Азия-Тынық мұхиттық киноассоциациясы грантының  қолдауына ие болса, 2017 жылдың маусым айында аталмыш жоба алғаш рет Карловы Вары халық­аралық кинофестивалінің кинонары­ғында таныстырылып, сол жыл­дың қыркүйегінде Варшава халықаралық кинофестивалінің Pitch and Meet жобалар бай­қауында бірінші орынды иеленген болатын. Енді, міне, Чехия мен Польша еліндегі айтулы жеңістің ізін жалғай Еуропаның беделді кинобайқауларының бірі – 75-ші Венеция Халықара­лық кинофестивалінде «Көкжиек­тер» («Горизонты») бағдарлама­сы бойынша іріктеуден өткен 19 кинотуындының ішінен топ жарып, үздіктер тұғырына көтерілді.

Венеция кинофестивалі аясында әлемдік премьерасы өткен Әмір Байғазиннің «Өзенін» Sala Darsena-да (Дарсена залы) 1000-нан аса көрермен тамаша­лап, фильмнің жетістігі жа­йын­да Батыстың жаһанға мәшһүр басылымдары жарыса жазды. Мәселен, америкалық әйгілі The Hollywood Reporter журналы: «Бұл кинотуынды – ерекше тәртіп пен айқындық­­т­ы суреттей білген  режиссер­лік шеберліктің шыңдалуы­ның айқын дәлелі. Кейбіреу­лер «Өзен» фильмі турасында  эстетизацияға толы деп те пікір білдіруі мүмкін, алайда бұл туынды шынайылыққа құ­рылған, адамды қызықтырып, меланхоликалық сезімге баурап алатын жұмыс» деп бағаласа,  британдық Screen International басылымы: «Байғазиннің жұ­мыс­­тарында әрқашан менмұн­далап тұра­тын бір нәрсе бар. Ол жеке бостандық және жауап­кер­ші­лік, қызығушылық және отба­сы қатынастары туралы сұрақ­­тарды зерттегенде, оның  еркін  стилі ой субстанциясымен толық­тырылады. Аталған қол­таң­баның үздік көрінісі бел­гілі кине­матографистердің жұмыс­тарында, атап айтар болсақ, Клер Дениден бастап,  Миклош Янско­ның аллегориялық шы­ғар­­маларында,  Жоао Педро Родригестің иконаға сиына­тындарға қарсы ойларында да кеңінен қолданылады. Терең  ойлы әрі қиын тақырыпта түсі­рілген бұл жұмыс адамның назарын өзіне бірден баурап алады»   деп әлемдік кино басылымдары кәсіби деңгейдегі келелі ойларын сүйіншілей жазысты.

Қуантарлығы, 75-ші Венеция халықаралық кинофестивалі сарапшылары мен кино сыншы­лары­ның да пікірі кәсіби кино тақырыбын қаузайтын атал­ған салалық басылымдар мен жер­гілікті көрерменнің жылы қабыл­дауынан алшақ кетпей, «Үздік режиссер» аталымындағы айтулы жүлдені қазақ режиссерінің қанжығасына байлап берді. Сөзсіз, бұл – қазақ киноөнерінің мерейі, айтулы жеңісі.
 

Назерке ЖҰМАБАЙ, 

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Әлем қартая бастады

Әлем • Бүгін, 15:36

Енді ет бағытындағы құс өсіреді

Аймақтар • Бүгін, 15:32

Бокс: Ерәлиев ұтылып қалды

Спорт • Бүгін, 15:21

Ұқсас жаңалықтар