Спорт • 11 Қыркүйек, 2018

Балуандар Варшавада 8 жүлде алды

268 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еркін күрестен Польшаның астанасы – Варшавада өткен Вацлав Циолковскийді еске түсіруге арналған дәстүрлі халықаралық турнир аяқталды. Бұл жарыстан Қазақстанның ұлттық құрамасы 4 күміс және 4 қола медальмен оралды.  

Балуандар Варшавада 8 жүлде алды

Бастапқы бәсекелердің барлығын жеңіспен аяқтаған Қуат Әміртаев (61 кило) пен Нұрғали Нұрғайыпұлы (92 кило) финалда Ресей балуандарына есе жіберді. Қуат Гаджимурад Рашидовтан ұтылса, Нұрғали Батырбек Цакуловтан жеңілді. Ақтық сынға дейін алқынбай жеткен тағы екі жерлесіміз шешуші тұста Грузия спортшыларына жол берді. Олар – Амандык Бакеев (70 кило) пен Мәмед Ибрагимов (97 кило). Амандықтың  Зураби Якошвилиге, Мәмедтің Элизбар Одикадзеге әлі жетпеді. Ал Нұрислам Санаев (57 кило), Дәурен Жұмағазиев (70 кило), Болат Сақаев (74 кило) және Бақтияр Ізбасаров (79 кило) сынды балуандарымыз бұл жарысты қола медальмен қорытындылады.

10 салмақ дәрежесі бойынша Варшавада өткен бәсекелердің бесеуінде Ресей ұлттық құрама командасы мүшелері топ жарды. Жоғарыда есімдері аталған өрендерден бөлек, Ахмед Чакаев (69 кило), Магомед Рамазанов (79 кило) және Анзор Хижриев (125 кило) бас жүлдені олжалады. Грузия балуандарының еншісінде үш алтын медаль бар. Бұл жүлделердің иегерлері – Зураби Якошвили (70 кило), Автанди Кентчатдзе (74 кило) және Элизбар Одикадзе (97 кило). Сондай-ақ, сербиялық Стивен Андреа (57 кило) мен  польшалық Збигнев Барановски (86 кило) өз салмақ дәрежелерінде жеңімпаз атанды.  

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»