Қазақстан • 11 Қыркүйек, 2018

Қ.Тоқаев ШҰАА Халықтық саяси консультациялық кеңесінің Төрағасын қабылдады

407 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Парламент Сенатының Төрағасы  Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы Халықтық саяси консультациялық кеңесінің Төрағасы Нұрлан Әбдімәжин бастаған делегацияны қабылдады.

Қ.Тоқаев ШҰАА Халықтық саяси консультациялық кеңесінің Төрағасын қабылдады

Қ. Тоқаев Қазақстанда Қытаймен стратегиялық әріптестікті дамытуға ерекше мән берілетінін атап өтті. Сенат Төрағасы Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай Төрағасы Си Цзиньпин арасындағы сенімді қатынастар өзара табысты іс-қимылдың кепілі екенін және олар қол жеткізген уағдаластықтарда екіжақты қатынастардың мазмұны мен күн тәртібі белгіленетінін атап өтті.

Тараптар «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастаманың құрамдас бөлігіне айналған қытайлық «Жібек жолы экономикалық белдеуі» стратегиясы аясындағы ынтымақтастыққа жоғары баға берді. Қ.Тоқаевтың пікірінше, бұл бастама табысты іске асқанда екіжақты ынтымақтастыққа күшті серпін беріп,  жаһандық экономиканы баяу қалыптан орнықты даму жолына шығаруға ықпал етеді. Бұл тұрғыда «Нұрлы жол» бағдарламасы мен қытайлық стратегияның ұштасуының мәні ерекше зор. Төраға Қазақстан мен ҚХР-дың жаңғыру мәселелері бойынша тәжірибе және ақпарат алмасу үшін екі елдің түрлі мекемелері арасында ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл қалыптастыру қажет деп санайды.

Сенат Төрағасы екіжақты саяси үнқатысудың маңызды бөлігі болып табылатын парламентаралық байланыстарға қарқын беруге назар аударды және Халық Өкілдерінің Бүкілқытай Жиналысы Тұрақты комитеті Төрағасының Қазақстанға алдағы сапары ынтымақтастыққа елеулі серпін беретінін атап өтті.

«Біздің елдеріміздің үкімет органдары арасындағы байланыстар мен консультацияларды белсенді жүргізу екі елдің түрлі саладағы байланыстарының маңызды бағыттары болып табылады. Туындаған барлық мәселелер достық рухы мен өзара құрмет аясында, мәмілеге келу негізінде, ең алдымен дипломатиялық жолдармен шешілуі тиіс», - деп атап өтті Қ.Тоқаев.

Қ. Тоқаев Астана ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданымен тұрақты, орнықты және қауіпсіз дамуға мүдделі екенін, сондықтан осы аймақтың экономикалық жетістіктеріне жіті назар аударылып отыратынын айтты. Қазақстан сонымен қатар екіжақты деңгейдегі және көптарапты сипаттағы, ең алдымен терроризм, сепаратизм және экстремизмге қарсы күресте ШЫҰ аясындағы ынтымақтастыққа да мүдделі.

Соңғы жаңалықтар