Медицина • 12 Қыркүйек, 2018

iKomek орталығының көмегі көп

40 реткөрсетілді

Астананың күн өткен сайын құлпырып, жыл өткен сайын жаңара түс­кенін көшедегі көрікті ғима­рат­тардан, сәулелі де сәулетті сарайлардан аңғару қиын емес. Елорданың еңсесін тіктеп, әлеуетін көтеріп тұрған құрылыс нысандары ғана емес, бүгінгі таңда тұрғындардың тұрмысын жақсартып, талап-өтініштерін уақтылы әрі жылдам орындау үшін түрлі технология­лар іске асырылып жатқанын айта кетуіміз керек. Соның бірі, iKomek орталығы. Бұл орталық елорданың тыныс-тіршілігіне мониторинг және талдау жүргізілуін үйлестіретін құрал ретінде қызмет етеді.

Орталық жұмысының не­гізгі бағыттары тұрғындар өті­ніштерін қабылдау, орын алған жағдаяттарды, апаттарды шешуде коммунал­дық және шұғыл қызметтер жұ­мы­сын үйлестіру, туын­да­ған мәселелердің уақты­лы шешілуін бақылау, құ­қық­­бұзу­шылық жайттарды анық­тау және өңдеу, алдын алу шара­лары саясатын құру, соны­мен қатар орын ал­ған оқи­ға­ларды қалалық бей­не­бақы­лау жүйесі арқылы «дәл осы жерде және қазір» тәр­ті­бінде шұғыл қадаға­лау­ды қамтиды. Ал бірыңғай фронт-кеңсенің атқаратын жұмысы – тұрғындар мәселе­лері­нің 90%-ке дейінгі көле­мін қашықтықтан шұғыл деңгейде шешуге бағыттал­ған. «Бүгінгі таңда тұрғын­дар өтініштерінің 77%-ті бірін­­ші қоңыраудан кейін-ақ шеші­леді және аталған көр­сет­­кішті 85%-ке дейін жеткізу жос­парланып отыр», дейді орта­лық­тың мамандары.

Мәселелерді қашықтық­тан шешу тұрғындар уақытын айтарлықтай үнемдейді, тұр­ғынға әкімдікке барып, бел­гілі бір мәселе бойынша қайда және қалай жүгінуге болатынын түсіну үшін басқармалар, коммуналдық кәсіпорын­дар құрылымын анықтап жату­дың қажеті жоқ. Ағым­дағы жылды өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырған­да Астана қаласы әкімдігі­не ресми өтініштер санының 20%-ке азайғаны байқалады. iKomek орталығының операторлары тұрғындардың өтініштерін барлық байланыс арналарынан (телефон байланысы, әлеуметтік желілер, facebook пен telegram-дағы чот-боттар) қабылдайды. Оны өңдеп, түйткілдің белгіленген мерзімде жойылуы үшін әрі қарай мемлекеттік орган­дар­ға, коммуналдық қыз­мет­тер­ге беру мақсатында тіркеу нөмірін бере отырып, Астана қаласы тұрғындары өтініш­терінің тізіміне енгізеді.

Айта кететін тағы бір жайт, қызмет көрсету функциялары артқан iKomek орталығы құрылған сәттен бастап, 2018 жылдың 8 айы ішінде 515 мың өтініш қабылданған. Оның ішінде 1050-і қаралу­да, ал 2017 жылы 400 мыңға жуық өтініш қаралған. Бұл қала тұрғындарының елорда өміріне белсене ара­ласа бас­­тағанын, сонымен қа­тар тұр­­ғындар үшін қызмет көр­сететін салалардың ар­туын білдіреді. Және де бүгін­де Астана қаласы әкім­ді­гі­нің iKomek бірыңғай бай­­ла­ныс орталығы қала­лық бас­қармалардың және «Ас­тана-ЕРЦ», «Астана Су Ар­насы», «Астана-LRT», «Ас­тана Тепло­транзит», «Астана-ӨЭК» сияқты ком­мунал­дық кәсіпорын­дардың бар­лық колл-орталық­тарын бі­рік­тіреді және қала тұр­ғын­­дары­мен байланысатын жал­ғыз орын саналатынын айта кеткен абзал.

iKomek орталығына қала аумағында орналас­қан 4 мыңнан астам камера қосылған. Негізінен камералар сауда-ойын-сауық орта­лық­тары, мешіттер, ірі аялдамалар, вокзалдар сияқты адам­дар көп жиналатын жер­лер­­ді қамтиды. Қалалық бей­не­бақылау жүйесі арқылы iKomek орталығының операторлары тәулік бойы мектеп, аула, үйлердің кіреберістері және т.б. кешендердің аума­ғын бақылайды. Бүгінгі таңда «Сергек», «Қазақтелеком» АҚ (тұрғын үйлердің кіреберіс­тері мен аулаларында) камералары мен басқа қалалық камераларды қосу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Өткенде Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев жұмыс бабымен Астанадағы iKomek жедел əрекет орталығына барып, орталықтың тыныс-тір­шілі­гімен танысқан болатын. Та­ныс­тырылым барысында қала басшысы кез келген шағым түрлері тез арада назарға алынатынын алға тартты.

«Әлеуметтік желілер əр 10 минут сайын қаралып тұра­ды. 109-ға көшеде шылым­ның қал­дығын тастау­дан бастап, электр қуаты сөніп қал­ған жа­ғдайда оперативті түр­де жұмыс командасын бағыт­тауға дейінгі барлық ба­қы­лау, жедел əрекет ету қыз­мет түрлері кіреді. iKomek бей­не­бақылау арқылы қала­ның барлық ауданында, көше­нің бұрыш-бұрышында кім не істеп жатыр – бəрі көз алды­мызда. Тәулік бойы бақы­лау­дың арқасында біз бүгінде қаланың қай көшелерінде жиі жол ережесі бұзылатынын біліп отырмыз, сол бойынша тиісті шаралар қабылдану­да. Бүгінге дейін жиі маза­лап кел­ген проблеманың бірі – құдық­тардың қақпағын ұрлау. Бейнебақылау мен 109-ға ха­барласу нəтижесінде ұр­лық тыйылған. Тағы бір айта кететін мəселе – қала тұрғын­дарының белсенділігі. Халық қаланың көшелерінен қандай да бір шұғыл жөндеу немесе əрекет ету проблемаларын өздері 109-ға хабарласып біле алады. Бұл – халықтың жаны ашитындығының белгісі», деді елорда басшысы.

Бейнебақылау камера­лары­ның арқасында азаматтар еш алаңдамай, құқық­тық тәртіптің қамтамасыз етілуі­не сенімді бола алады. Себе­бі камераларды пайдалану құ­қықбұзушылықтар деңге­йін төмен­детуге мүмкін­дік бере­ді. Осылайша, «нөл­дік төзу­шілік» қағидасын ұстана отырып, iKomek орталы­ғы­­ның операторлары бел­гі­ленбеген жерге қоқыс тастау, көлікті дұрыс қоймау, темекі тұқылының қоқыс жәшігі­нің маңына тасталуы жайт­тарын тіркейді, рұқсатсыз тө­гіл­ген қоқыс алаңдарын, кө­ше­лер мен КТҮ аулаларын су басуды және басқа да құқықбұзушылықтарды анық­тайды. Мұнан басқа, ана­ғұрлым тиімді үйлестіруді және қауіпсіздікке орталық­тандырылған мониторинг жасауды қамтамасыз ету үшін iKomek орталығында Астана қаласы Ішкі істер депар­та­ментінің қызметкерлері оты­рады. Бұлайша бірлесіп жұ­мыс істеу нәтижесінде 2018 жыл­дың басынан бері ІІД желісі бойынша 2284 өті­­ніш қабылданған, оның ішін­­де 2175 өңделген, ТЖД же­­лісі бойынша 138 өтініш қабыл­д­анып, оның ішінен 137-і өңдел­ген. Осылайша, бүгінгі таңда iKomek орталығы елорда өмірін ұдайы жақсартуға жә­не дамытуға септесетін бір­ден-бір мекеме болып отыр.

 

Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Еділ мен Жайық суы араласты

Аймақтар • Бүгін, 10:04

Ұқсас жаңалықтар