Спорт • 12 Қыркүйек, 2018

«Ұлы Дала рухы» фестивалі басталды

606 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Мәдениет және спорт министрлігі, Ұлттық және ат спорты орталығының ұйымдастыруымен ұлттық спорт түрлерінен республикалық деңгейдегі маңызды шара – «Ұлы дала рухы» фестивалі басталады. Аталмыш фестивальға іріктеу шаралары шілде-тамыз айларында еліміздің төрт аймағында өтіп, оған 700-ден астам адам қатысқан болатын.   

«Ұлы Дала рухы» фестивалі басталды

Атап айтар болсақ, 13-15 шілде ара­­лығында Шымкент қаласында фес­ти­вальдың оңтүстік аймақтық іріктеу жа­рысы өткізіліп, оған Түркістан, Жам­был, Қызылорда және Алматы қала­сы­ның спортшылары қатысқан еді. Осы орай­да қазақ күресі, тоғызқұмалақ, жам­бы ату сияқты спорт түрлерінен түркі­стан­дық­тар үздік шықса, асық ату, көк­пар және теңге ілуден жамбылдықтар топ жарды.

Ал Батыс өлкенің үздіктерін анықтау жарысы 27-29 шілде аралығында Ақтөбе қаласында жалауын көтерген еді. Аймақ жеңімпаздары Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау облыстарының спорт­­­­шылары арасында анықталды. Қа­­зақ күресі және тоғызқұмалақтан аты­рау­­лықтар, асық ату мен жамбы ату­дан ақтөбеліктер, теңге ілу, ауда­рыс­пақтан батысқазақстандықтар, көкпар­дан маң­ғыстаулық спортшылар үздік шықты.

Шығыс аймақтың іріктеу бәсекелері­не Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қараған­ды, Алматы облыстарының спортшылары бақтарын сынады. Жарыс 13-15 тамыз күндері Павлодар қаласында өтті. Жамбы ату, қазақ күресі, аударыспақ, асық атудан Шығыс Қазақстан, теңге ілуден Қарағанды, тоғызқұмалақтан Павлодар, көкпардан Алматы облыстары жеңіске жетті.

Фестивальдың іріктеу жарыстарын 29-31 тамыз күндері солтүстік аймақ қорытындылады. Жарыс Астана қа­ла­сында ұйымдастырылды. Бұл топқа Астана қаласы, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстарының спортшылары қамтылды. Қазақ күресі, асық ату, тоғызқұмалақтан Астана қаласы, көкпар, теңге ілу, жамбы ату, аударыс­­­пақтан Ақмола облысының спортшылары жеңімпаз ретінде танылды.

Жоғарыдағы төрт аймақтан іріктелі­ніп алынған жеңімпаздар 12-16 қыркүйек күндері Астана қаласында шешуші кезеңнің көрігін қыздырмақшы. Ұлттық спорттың көкпар, бәйге, теңге ілу, ауда­рыспақ, жамбы ату, қазақ күресі, тоғыз­құмалақ, асық ату түрлерінен жарыстар командалық тәртіпте жүргізілмек.

Жарыстың бағдарламасына тоқта­­лар болсақ бүгін, яғни 12 қыркүйек күнгі асық ату, тоғызқұмалақ, қазақ кү­ресінен өтетін сайыстар елорда тө­ріндегі «Дәулет» спорт кешенінде ұйым­дастырылса, қалған күндер үле­сіне тиесілі теңге ілу, жамбы ату, ауда­рыспақ, көкпар және бәйге түрлері бо­йынша жарыстар 13-16 қыркүйек аралығында «Қазанат» атшабарында өтеді деп күтілуде.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»