Медицина • 12 Қыркүйек, 2018

Отбасылық жарыста оза шапты

75 реткөрсетілді

Жыл сайын Отбасы күніне елордалықтар ерекше ықыласпен ат салысады. Биыл да аталған мерекеге орай 41 отбасы таңертең «Отбасылық дуатлонға» қатысу үшін Астанадағы Триатлон паркте жиналды. Жарыс «Дені сау отбасы – дені сау ұлт» ұранымен және еліміздің бас қаласының 20 жылдығы құрметіне Астана қаласының мәдениет және спорт басқармасының ұйытқы болуымен ұйымдастырылды.

Шара басталмас бұрын ве­ло­­сипедке мінген ата-ана­лар мен балалар фитнес жат­тық­тырушылардың жетек­шілігімен аздап жаттығу жасады.

Жалпы, биылғы дуатлонда балалар үшін үш санат – 8-9, 10-11 және 12-13 жас белгіленді. Отбасылық сайыстың алғашқы бөлімінде жалпы ұзындығы 4,5 шақырым қашықтыққа – алдымен 2,1 қашықтыққа әкелер жүгірді, одан әрі эстафетаны велосипедке мінген аналар алды. Жарысты балалар мәреге дейін 300 метр жүгірумен аяқтады.

– «Отбасылық дуатлон» дәстүрге айналды. Биыл үшінші рет өткізіп отырмыз. Жарысқа қатысуға ниет білдірген отбасылар едәуір артты. Былтыр 30 отбасы болған, биыл 8-9 жас санаты қосылды. Келер жылы 5-6 жастағы балаларды қоспақшымыз. Жарысқа қатысуға өтінімдер алдын ала электронды түрде қабылданды, міндетті түрде шлем мен дәрі­гердің рұқсаты болуы керек, – дейді Астана қаласының спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізу дирекциясының басшысы Азамат Имашев.

Сайыс соңы марапатқа ұла­сып, жүлделі үш орынның иегер­леріне тұрмыстық техни­ка­лар, ал балаларға жаңа велосипедтер табысталды. Ұйымдас­тыру­шылар әрбір қатысушыға есте­лік ретінде арнайы медальдар берді.

8-9 жас санатында 2 шақы­рым қашықтықта Ержан Қанаев бірінші болып келді, ал оның баласы Әлтайыр мәреге төртінші болып жетті.

– Бұл жарысқа екінші рет қатысып отырмыз. Осындай отбасылық мереке үшін ұйым­дастырушыларға алғыс айтамыз. Әрине, мұндай шаралар елордада кеңінен өткізіледі. Биыл қатысушылар мұқият дайындалған сияқты. Жарыс басталғанша бәрімен танысып үлгердік. Біреулер жеңіл атлетикамен, басқалары күреспен, шаңғы жарысымен айналысады екен. Спортпен шұғылданатын елордалықтар көбейе түскен, – дейді Ержан.

Жарыс қорытындысы бойын­ша 8-9 жастағы балалар арасында Вишняковтар мәреге бірінші болып келді, Зайцевтер отбасы екінші, Белишкиндер үшінші орынға табан тіреді. Екінші жарыста Дженгиз әулеті көш бастады. Былтыр да олардың 10-11 жас санатында бірінші болғандарын айта кеткеніміз жөн. Отағасы Уфуку 50-ден асқан жасына қарамастан әлі де тың екенін жарыста тағы бір дәледеді. «Жұ­байым екеуіміз спортшымыз. Ол дзюдомен, мен 35 жыл бойы еркін күреспен айналысамын. Оның үстіне марафондарға қатыстым. Бүгінгі жарыс жақсы өтті. Нағыз от­басылық шара. Жастарға егде жасыма қарамастан спорт­­­пен айналысуға болатынын көрсеткім келді. Ең бас­тысы, диванда жата бермей, балаларға үлгі көрсетіп, осындай жарыстарға қатысу керек», дейді Уфук Дженгиз. Бұл санатта Қожановтар отбасы күміс, Төлегеновтар әулеті қола жүлде иеленді. 12-13 жас сана­тында Саликжановтар отба­сы бірінші орын алды. Шев­ченко отбасы екінші, Қуаныш­баевтар үшінші орын тұғырынан көрінді.

Жеңімпаздарды марапаттау және құттықтау салтанаты лотерея ұтысымен жалғасты. Жарысқа қатысушылар арасында 5 велосипед ойнатылды.

 

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Еділ мен Жайық суы араласты

Аймақтар • Бүгін, 10:04

Ұқсас жаңалықтар