Қазақстан • 12 Қыркүйек, 2018

Күзгі әскерге шақыру басталды

2522 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміз бойынша күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. Отан қорғауға аттанатын бозбалалар алдымен медициналық тексеруден өтіп, денсаулықтарының жарамдылығы туралы сыннан өткеннен кейін әскери бөлімдерге жөнелтіледі.

Күзгі әскерге шақыру басталды

Бұл кезеңде Жетісу өңірінен де 1991-2000 жылы туылған 2 мыңға жуық азамат әскер қатарына аттанбақшы.  Жақында осы шараға орай, Алматы облысы Қорғаныс істері жөніндегі депаратментінің ұйымдастыруымен нұсқаулық-әдістемелік жиын өттикен болатын. Аталған шараға шақыру, медицина комиссиясының төрағалары, жергілікті әскери басқару органдарының бастықтары, Талдықорған гарнизонының әскери прокуроры, ҰҚКД, ІІД және әскери бөлімдердің өкілдері қатысты. Жиналғандар алдында есеп берген облыстық Қорғаныс істері жөніндегі депаратментінің басшысы, полковник Талғат Дәулетханов көктемгі мерзімді әскерге шақыру барысын  қорытындылап, күзгі әскерге шақырудың негізгі міндеттері мен талаптары туралы айтты. Осы басқосуда қорғаныс ісі саласындағы құрлымдық бөлімдердің өкілдері де  жеке тақырыпта баяндама жасап, мерзімді әскерге шақыруда орын алатын мәселелер мен оларды шешу жолдарымен бөлісті. Сонымен қатар, Қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқармасы мен бөлім бастықтары мерзімді әскер қатарына шақыруға даярлықтары, жүргізілген жұмыстары мен жоспарлары бойынша тыңдалады.

Өз кезегінде Алматы облысы Қорғаныс істері жөніндегі депаратментінің басшысы, подполковник Талғат Дәулетханов әскерге шақыру жұмысымен айналысатын жауапты адамдардың қызметтеріне жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Отан алдындағы борышын өтеуді қасиетті парызым деп білетін, моральдық және психологиялық тұрғыдан мықты, физикалық жағынан мығым азаматтарға басымдық бергеніміз жөн, - деді ол.

Күзгі әскерге шақыру науқанын сапалы, әрі уақтылы орындау мақсатында комиссия әр шақырылушыны жеке-жеке қарастырып, алған білімін, мамандығын  ескереді, отбасы жағдайын сараптайды, денсаулығының жарамдылығын басты назарға ала отырып, оны әскер қатарына қабылдау-қабылдамау туралы шешім қабылдайды. Жасақтау экстерриториалды принципке сәйкес жүзеге асырылады, яғни шақырылушы өзге облысқа аттандырылады.

Бүгінде Алматы облысынан шақырылған азаматтар еліміздің Шекара қызметінің әскери бөлімдеріне борышын өттеуге жөнелтіліп жатыр.  Мерзімді әскери қызметке шақыру желтоқсан айының соңына дейін жүргізіледі.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше