Бокс • 13 Қыркүйек, 2018

GGG & «Канело» айқасатын күн жақын

36 реткөрсетілді

Бұл күндері төрткүл дүние жанкүйерлері 15 қыркүйекте АҚШ-тың Лас-Вегас қаласындағы «Ти-Мобайл Аренада» орта сал­мақта жұдырықтасып жүрген Қа­зақстанның әйгілі кәсіпқой бокс­шысы Геннадий Головкин мен Мексиканың мақтанышы Сауль Альварес арасындағы жекпе-жекті тағатсыздана күтуде.  

Қос боксшы арасында осыдан бір жыл бұрын өткен бәсекеде тең есеп тіркелген болатын. Сол кезде бұл нәтиже екі тарапты да қанағаттандырмаған еді. Міне, енді қос саңлақ қайта күш сынасқалы отыр. Бұл биылғы жылдың басты жекпе-жегі деп айтуға толық негіз бар. Өйткені жанкүйерлер тарапынан Головкин мен Альварестің жекпе-жегіне деген қызығушылық керемет. Билеттер де күні бұрын сатылып қойған көрінеді. Жер-жаһанның әр қиырындағы сан миллион көрермен сол кеште барлық шаруаларын ысырып қойып, алпауыттар айқасын тамашалауға белді бекем буып отыр. Барша Мексиканың тұрғындары «Канелоның» жеңіске жетуін тілесе, күллі Қазақстан халқы GGG-нің ұтқанын қалайды. 

Қарымта кездесу өтетін күн белгіленген сәттен ақпарат майданы басталды да кетті. Әсіресе Сауль Альверстің жақтастары бұл істе ерекше белсенділік танытып, БАҚ өкілдеріне берген сұхбаттарында олар жерлесімізді «жерден алып, жерге салды». Промоутерлері мен менеджерлерінен бастап, бапкерлеріне дейін ауыздарына келгендерін айтты. «Канелоның» өзі де көп сөйлетін жігіт екен: «Өткенде де мен жеңген едім. Бірақ төрешілер бәсеке тең аяқталды деген уәж айтты. Қазылар осындай шешімге келсе, менің келіспеуге құқым жоқ. Ал бұл жолы бәрі басқаша болады. Мен Головкинді ұрып жығамын», деп көпіре сөйледі. 

Генаның көп сөзге жоқ екенін барша жұрт жақсы біледі. Ол – істің адамы. Осылай көпіре сөйлеп, сес көрсетпек болған жігіттердің көбі жерлесіміздің ауыр соққыларынан кейін ес жия алмай, еденде етпетінен жатты. Оны көзіміз көрді. Кездесу аяқталғаннан кейін олардың дені: «Головкиннің дүлей күш иесі екенін бұрыннан білетінбіз. Оны жекпе-жекте жеңе алмайтынымыз да анық. Тек өз-өзімізге жарнама жасау үшін осындай қадамға бардық», деп ақталғандай болды. 

Қазақстандық боксшының өзі: «Әркімнің өз пікірі бар. Сауль не десе де маған бәрібір. Ал өз басым көп сөйлегенді аса ұнатпаймын. Кімнің кім екенін ринг көрсетеді. Сондықтан да 15 қыркүйекті күтейік. Сол күні барлық сұраққа нақты жауап аласыздар», деп телефон арқылы тілдескенімізде әңгімені қысқа қайырды. 

Сонымен, алдағы күндері барша жанкүйер назары Лас-Вегасқа ауатыны даусыз. Бұл жекпе-жекте WBA, WBC және IBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы атағы сарапқа салынады. Ал ең бастысы, «Орта салмақ дәрежесіндегі теңдессіз боксшы кім: Геннадий Головкин бе, әлде Сауль Альварес пе?» деген сауалдың нақты жауабын білетін боламыз.

Ғалым Сүлеймен,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар