Қазақстан • 24 Қыркүйек, 2018

ШҚМТУ – ғылыми зерттеулер мен заманауи технологиялар орталығы

1320 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Өскемендегі ғана емес, еліміздегі іргелі оқу орындарының бірі Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің құрылғанына биыл 60 жыл толып отыр. 

ШҚМТУ – ғылыми зерттеулер мен заманауи технологиялар орталығы

60 жылда 50 мыңнан астам мамандар даярланды

Білім ордасы 1958 жылы 5 тамызда КСРО Министрлер Кеңесінің №866 қаулысы және Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 30 тамыздағы № 765 қаулысы негізінде «Өскемен құрылыс-жол институты» ретінде құрылып, 1996 жыл­ғы 7 мамырда Өскемен құ­ры­­лыс-жол институты ҚР Үкі­метінің №573 қаулысымен Шығыс Қазақстан техникалық университеті деп аталды. Ұлы Отан соғысының ардагері, ин­женер-механик Дәулет Мір­қасымұлы Серікбаев уни­верситеттің тұңғыш ректоры болып тағайындалды. Сол кез­дері оқу корпустарын, студ­енттер жатақханаларын, спорттық алаңдар мен тұрғын үйлерді салу үшін қалалық кеңестің депутаттары Ертіс өзенінің жағасынан 66 гектар жер бөліп бергенін, алғашқы жылдары оқу орны құрылыс техникумының оқу корпусында, жобалаушы инс­ти­тут «Казгипроцветтің» әкім­­шілік ғимаратына орна­лас­тырылғанын, ал сту­дент­тер «Шығысмаш­завод­тың» 400 орындық жатақ­ханасында тұр­ғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Бұл да бір тарих.

Университет ширек ға­сырдан астам уақыт мұғда­рында биік белестерді бағын­дырып, еліміздегі бірден-бір инновациялық жоғары оқу орны ретінде танылып, ғылыми зерттеулер мен заманауи технологиялардың орталығына айналды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл уни­вер­ситетте бірнеше мәрте болып, ауқымды жиындарға қатысып, «Сіздердің универ­ситеттеріңізде жақсы оқып, ғылыммен айналысу және керемет маман болып қа­лып­тасу үшін барлық жағ­дай жасалған», деп жоғары ба­ғасын берген еді.

Алпыс жылдық тағы­лымды тарихы бар Шығыс Қа­­зақстан мемлекеттік тех­ни­­ка­лық университетін тех­ни­калық және инженерлік мамандардың ұстаханасы деуге болады. Бүгінде білім ор­дасында 6 факультет пен әскери кафедра жұмыс істейді. Университетке қарасты IT-колледж бар.

Шығыс Қазақстан аграрлы, өндірісті өңір болғандықтан қай кезде де тау-кен, металлур­гия, машина құрылысы, ауыл шаруашылығы сала­ла­рындағы мамандарға сұраныс жоғары. ШҚМТУ соңғы жыл­дары заман талабына сай ІТ-мамандар даярлауға ерек­ше көңіл бөліп келеді. «Өс­кемен жол құрылысы институты Ұлы Отан соғысы аяқ­тал­ғаннан кейін 12 жылдан соң ашыл­ды. Мемлекет біздің облысқа стратегиялық міндет жү­ктеді. Институт осы қалаға көшірілген зауыттарға маман даярлау үшін ашылғанын ешкім жоққа шығара қоймас. Сол уақыттан бері біздің университет мемлекетке қажет, сұранысқа ие мамандарды дайындаумен шұғылданып келеді. Шығыс Қазақстан – аграрлы, өндірісті өңір ғана емес, инновациялық облыс. Аймақтың әртүрлі бағыттарда дәрежесі жоғары болса, бұған біздің оқу орнының қосқан үлесі зор деп санаймыз. 60 жылда біз 50 мыңнан астам мамандарды дайындадық. Қазір де біздің университет мемлекет тарапынан қойылған міндеттерді абыроймен атқа­рып жүр. Мемлекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік ре­волюция жағдайындағы да­мудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында алдымызға тың міндеттер қойғаны бел­­гілі. Қазір цифрландыру дә­уірі жүріп жатыр. Біз эконо­ми­­каның жаңа моделіне лайық, сұранысқа сай мамандар даярлауға тиіспіз. Уни­верситет мамандар даярлауда тәжірибелік бағдар­лауды бірінші орынға қояды. Бұны ең басты ұранымыз десек те болады. Яғни біздің студенттер уни­верситетті бітіргеннен кейін бірден жұмыс істеп кетуге әзір болуы керек. Қазір мынадай мәселе бар. Университет тәмамдаған жастарды қайта оқытып, қосымша үйретіп жатады. Көбіне олардың жоғары оқу орнында алған білімдері кәдеге жарамай қалады. Осындай олқылыққа жол бермеу үшін біз өңір­дегі кәсіпорындармен жүйе­лі түрде жұмыс істеп ке­леміз. Оларға қандай маман керек­тігін өздерімен ақыл­даса отырып анықтауды жолға қойдық», дейді уни­верситет ректорының мін­детін атқарушы Сәуле Рах­метуллина.

Тың жобалар, жаңа инновациялық бағдарламалар

Шығыс Қазақстан мем­ле­­кет­тік техникалық универ­ситеті бүгінде тек маман да­йындаудан бөлек, ғылыми жо­баларды әзірлеуге де ерекше мән беруде. Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың ғылы­ми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыс то­бы өңірде жаңа сипаттағы, технологиялық серпіліс әке­летін бірнеше жобаларды жүзеге асыруға кірісіп те кетті. Олар: қорғасын мен мырыш өңдеу технологиясын жаңғырту, «Гидрополимет» қондырғысы арқылы ауаға шығатын өндірістік қалдық мөлшерін азайту, магниттік-резонансты томографияға қажет жоғары өткізгіш сымдар алу, тантал мен ниобийден медициналық бұйымдар жасау, титан металын мұнай-газ саласына кіріктіру, титаннан жасанды дене мүшелерін да­йындау, хлорлы қалдықтарды залалсыздандыру технологиясын әзірлеу жобалары. Жергілікті өндірісті дамы­туға бағытталған бұл жоба­лар «ҮМЗ», «ТМК» және «Казцинк» сынды кәсіп­орын­дардың базасында іске асырылады. Өңірде іске асырылатын аталмыш жобалардың жалпы құны 7,8 миллиард теңгені құрайды. 

Әлемде өндірілетін ти­тан­ның 25, берилий мен тан­талдың 30 проценті Шығыс Қазақстанға тиесілі болса да, әзірге аталған металдарды дайын шикізат ретінде ғана өткізумен шектеліп отыр­ғанымыз белгілі. Ал сол да­йын металды нақты бұйым етіп өткізсе, экономикаға да, өнді­ріске да пайдасы мол болатыны анық. 

Біздің кәсіпорындар да­йын­­дап берген титан құйма­ларын дамыған елдер медицина мен мұнай-газ саласына сәтті кіріктіріп отыр. Өйт­кені титан салмағы жағы­нан дәстүрлі металдардан әл­деқайда жеңіл, ал беріктігі жағынан теңдессіз мате­риал саналады. Әсіресе мұнай-газ саласында күкірттің «шабуы­лынан» жиі тозатын бөл­шектерді осы титаннан жасайды екен. Бұл технология тұз бен күкірт қатар кездесетін біздегі мұнай өндірісіне де таптырмайтын тәсіл бол­мақ. Тек оның нақты қай кәсіпорынға, қай тетікті ауыс­тыру үшін қанша мөлшерде қажет екендігін анықтау қажет. Облыс әкімі Даниал Ахметов осы міндетті өңірдің ғалымдарына жүктеп отыр. Жоғарыда аталған жобаларды жүзеге асыру үшін университет Германия, Швейцария, Үндістан сынды елдердің осы салалардағы тәжірибесін зерттеп, жұмыс тобы Германияның «DMG MORІ» зауытында болып қайтыпты. Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ өткен жыл­дан бері өңірдің ірі кәсіп­орындарымен бірлесе 10 ғы­лыми-техникалық жобаны жүзеге асыру бойынша жұмыс істеп жатыр.

ШҚМТУ бүгінде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының жүзеге асырылуына да елеулі үлес қосып жатқанын ерекше атап өтуге болады. Білім ордасы жаңа оқу жылынан бастап 4.0 индустрия жағдайындағы мамандарды дайындау үшін 20 инновациялық жа­ңа бағдар­ламаны оқу кестесіне енгізді. Со­ның бірі – инженер-мед­тех­никтерді әзірлеуге ар­налған «Медициналық техника» бағдарламасы. Бұл бағ­дарламаны енгізуге ынта біл­дірген, тапсырыс берген – облыс­тық денсаулық сақтау бас­қармасы. Қазіргі уақытта өңірдегі медициналық мекемелер АҚШ, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея елдерінен әкелінген жаңа құрылғылармен жабдықталып жатқаны белгілі. Өкінішке қарай  мұндай құрылғылармен жұмыс істей алатын, техни­каның тілін білетін мамандар елімізде оқытылмайды екен. Міне, ШҚМТУ биылдан бас­тап осы олқылықтың орнын толтыруға күш салмақ. Жастарды аталған салаға баулу үшін Берлиндегі техникалық университет, Венадағы қол­данбалы ғылымдар уни­верситеті (Аустрия), Том по­литехникалық университеті, Беларусь мемлекеттік инфор­матика және радиотехни­ка университеті және Санкт-Петербургтегі мем­ле­кеттік электртехника универ­сите­ті­нің оқыту­шы­лары­мен әріп­тестік байланыс орнатыпты. 

Университетте биыл жұ­­мысын бастаған бағдар­ламаның тағы бірі – «Нақты жер өңдеу» бағдарламасы. Оқу орны бағдарламаны Ұлан ауданындағы «Багратион» ЖШС-мен бірлесе отырып іске асырмақ. Бұл мамандықты меңгерген мамандар ақпа­раттық, спутниктік және GIS-технологияларды ауыл шаруашылығы саласында қолдана отырып, жоғары сапалы ауылшаруашылық өнімдерін алуды үйреніп шы­ғатын болады. Демек, ал­дағы уақытта алқаптарға тұ­қым себу, кейінгі оны суа­ру жұмыстарының барлығы жаңа технологиялардың кө­мегімен жүзеге асырылмақ. Мамандар «Нақты жер өңдеу» бағдарламасы агроөндірістік кешеннің тиімділігін арт­тыруға, жанар-жағармайға, ты­ңайтқышқа және суаруға кететін шығындарды азайту­ға септігін тигізетініне се­нім­ді. Бағдарламаны сәт­ті іске асыру үшін универси­тет облыстың ірі аграрлық кә­сіпорындарымен ынтымақтастық байланыс­ты жандандырып, оқу ор­ны­ның қарамағындағы «Leica»­ спутниктік станса­сын жаңа құрылғылармен жаб­дық­тал­ған. 

Келесі бағдарлама «Робот­т­андырылған пилотсыз жү­йе­лер» деп аталады. Бұл бағ­дарламаның ерекшелігі, магистранттар дрон секілді пилотсыз жүйелерді ауыл шаруашылығы, геологиялық барлау, өндіріс, тағы бас­қа да салаларда қалай қол­дануды үйренеді. Маман­дар адам өміріне қауіп төнді­ретін өндірістегі ауыр жұмыстарды осындай пилотсыз құрылғылардың көмегімен атқаруға болатынын айтады. Осы жоба аясында оқу орны Венгрияның Обуда университетімен және Ресейдің Новосібір мем­лекеттік техникалық университетімен байланыс орнатыпты. Атал­мыш бағ­дарлама бойынша білім алған түлектер өңірдегі гео­ло­гиялық компанияларға жұ­мысқа орналасады деп күтілуде. Бүгінде геологиялық барлау, топографиялау, аумақ­тың сандық моделін алу, мұнай-газ кеніштері мен құ­рылыс алаңдарына мониторинг жүргізу, техногенді және табиғи апат қатерлерін бақылау жұмыстарына дрондар кеңінен қолданылуда. Бағдарлама шәкірттері осы дрондарды әр салаға қа­рай бағдарламалау ісімен шұ­ғыл­данатын болады. Бұл са­лаға маманданатын магистрлер «Қазцинк» ЖШС мен Төтенше жағдайлар коми­тетінің тапсырысы бойынша оқытылмақ. 

Осы үш бағдарламадан бөлек «Аддитивті техноло­гиялар», «Жерді зерттеудің сандық әдістері», «Толық­тырылған виртуалды шын­дық», «Өмірді қамтамасыз етудің зияткерлік жүйесін басқару», «Жобалаудың BIM-технологиясы» сияқты жаңа технологияларға негіз­делген мамандықтар бойын­ша білім беру қолға алынғанын ерекше атап өтуге болады. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағ­дарламасын тиімді жүзеге асыру үшін Д.Серікбаев атын­дағы ШҚМТУ-да негізгі ғылым мен ақпараттық тех­нологиялардың тоғысуынан құрылған осындай 20 ин­новациялық білім беру бағ­дарламалары бойынша жұ­мыс­тар басталды. Бұл ма­ман­дықтар заман талабына сай жұмыс істей алатын білікті мамандар даярлауға мүмкіндік беретіні анық», дейді университеттің ақпа­раттық технологиялар жө­ніндегі департаментінің директоры-проректор Наталья Денисова.

Реті келгенде айта ке­тейік, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүргіз­ген сараптама барысында Д.Се­рікбаев атындағы ШҚМТУ-дың 10 білім беру бағ­­дар­ламасы үздік бестікке еніп­ті.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше