60 жылда 50 мыңнан астам мамандар даярланды
Білім ордасы 1958 жылы 5 тамызда КСРО Министрлер Кеңесінің №866 қаулысы және Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 30 тамыздағы № 765 қаулысы негізінде «Өскемен құрылыс-жол институты» ретінде құрылып, 1996 жылғы 7 мамырда Өскемен құрылыс-жол институты ҚР Үкіметінің №573 қаулысымен Шығыс Қазақстан техникалық университеті деп аталды. Ұлы Отан соғысының ардагері, инженер-механик Дәулет Мірқасымұлы Серікбаев университеттің тұңғыш ректоры болып тағайындалды. Сол кездері оқу корпустарын, студенттер жатақханаларын, спорттық алаңдар мен тұрғын үйлерді салу үшін қалалық кеңестің депутаттары Ертіс өзенінің жағасынан 66 гектар жер бөліп бергенін, алғашқы жылдары оқу орны құрылыс техникумының оқу корпусында, жобалаушы институт «Казгипроцветтің» әкімшілік ғимаратына орналастырылғанын, ал студенттер «Шығысмашзаводтың» 400 орындық жатақханасында тұрғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Бұл да бір тарих.
Университет ширек ғасырдан астам уақыт мұғдарында биік белестерді бағындырып, еліміздегі бірден-бір инновациялық жоғары оқу орны ретінде танылып, ғылыми зерттеулер мен заманауи технологиялардың орталығына айналды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл университетте бірнеше мәрте болып, ауқымды жиындарға қатысып, «Сіздердің университеттеріңізде жақсы оқып, ғылыммен айналысу және керемет маман болып қалыптасу үшін барлық жағдай жасалған», деп жоғары бағасын берген еді.
Алпыс жылдық тағылымды тарихы бар Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін техникалық және инженерлік мамандардың ұстаханасы деуге болады. Бүгінде білім ордасында 6 факультет пен әскери кафедра жұмыс істейді. Университетке қарасты IT-колледж бар.
Шығыс Қазақстан аграрлы, өндірісті өңір болғандықтан қай кезде де тау-кен, металлургия, машина құрылысы, ауыл шаруашылығы салаларындағы мамандарға сұраныс жоғары. ШҚМТУ соңғы жылдары заман талабына сай ІТ-мамандар даярлауға ерекше көңіл бөліп келеді. «Өскемен жол құрылысы институты Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін 12 жылдан соң ашылды. Мемлекет біздің облысқа стратегиялық міндет жүктеді. Институт осы қалаға көшірілген зауыттарға маман даярлау үшін ашылғанын ешкім жоққа шығара қоймас. Сол уақыттан бері біздің университет мемлекетке қажет, сұранысқа ие мамандарды дайындаумен шұғылданып келеді. Шығыс Қазақстан – аграрлы, өндірісті өңір ғана емес, инновациялық облыс. Аймақтың әртүрлі бағыттарда дәрежесі жоғары болса, бұған біздің оқу орнының қосқан үлесі зор деп санаймыз. 60 жылда біз 50 мыңнан астам мамандарды дайындадық. Қазір де біздің университет мемлекет тарапынан қойылған міндеттерді абыроймен атқарып жүр. Мемлекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында алдымызға тың міндеттер қойғаны белгілі. Қазір цифрландыру дәуірі жүріп жатыр. Біз экономиканың жаңа моделіне лайық, сұранысқа сай мамандар даярлауға тиіспіз. Университет мамандар даярлауда тәжірибелік бағдарлауды бірінші орынға қояды. Бұны ең басты ұранымыз десек те болады. Яғни біздің студенттер университетті бітіргеннен кейін бірден жұмыс істеп кетуге әзір болуы керек. Қазір мынадай мәселе бар. Университет тәмамдаған жастарды қайта оқытып, қосымша үйретіп жатады. Көбіне олардың жоғары оқу орнында алған білімдері кәдеге жарамай қалады. Осындай олқылыққа жол бермеу үшін біз өңірдегі кәсіпорындармен жүйелі түрде жұмыс істеп келеміз. Оларға қандай маман керектігін өздерімен ақылдаса отырып анықтауды жолға қойдық», дейді университет ректорының міндетін атқарушы Сәуле Рахметуллина.
Тың жобалар, жаңа инновациялық бағдарламалар
Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті бүгінде тек маман дайындаудан бөлек, ғылыми жобаларды әзірлеуге де ерекше мән беруде. Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыс тобы өңірде жаңа сипаттағы, технологиялық серпіліс әкелетін бірнеше жобаларды жүзеге асыруға кірісіп те кетті. Олар: қорғасын мен мырыш өңдеу технологиясын жаңғырту, «Гидрополимет» қондырғысы арқылы ауаға шығатын өндірістік қалдық мөлшерін азайту, магниттік-резонансты томографияға қажет жоғары өткізгіш сымдар алу, тантал мен ниобийден медициналық бұйымдар жасау, титан металын мұнай-газ саласына кіріктіру, титаннан жасанды дене мүшелерін дайындау, хлорлы қалдықтарды залалсыздандыру технологиясын әзірлеу жобалары. Жергілікті өндірісті дамытуға бағытталған бұл жобалар «ҮМЗ», «ТМК» және «Казцинк» сынды кәсіпорындардың базасында іске асырылады. Өңірде іске асырылатын аталмыш жобалардың жалпы құны 7,8 миллиард теңгені құрайды.
Әлемде өндірілетін титанның 25, берилий мен танталдың 30 проценті Шығыс Қазақстанға тиесілі болса да, әзірге аталған металдарды дайын шикізат ретінде ғана өткізумен шектеліп отырғанымыз белгілі. Ал сол дайын металды нақты бұйым етіп өткізсе, экономикаға да, өндіріске да пайдасы мол болатыны анық.
Біздің кәсіпорындар дайындап берген титан құймаларын дамыған елдер медицина мен мұнай-газ саласына сәтті кіріктіріп отыр. Өйткені титан салмағы жағынан дәстүрлі металдардан әлдеқайда жеңіл, ал беріктігі жағынан теңдессіз материал саналады. Әсіресе мұнай-газ саласында күкірттің «шабуылынан» жиі тозатын бөлшектерді осы титаннан жасайды екен. Бұл технология тұз бен күкірт қатар кездесетін біздегі мұнай өндірісіне де таптырмайтын тәсіл болмақ. Тек оның нақты қай кәсіпорынға, қай тетікті ауыстыру үшін қанша мөлшерде қажет екендігін анықтау қажет. Облыс әкімі Даниал Ахметов осы міндетті өңірдің ғалымдарына жүктеп отыр. Жоғарыда аталған жобаларды жүзеге асыру үшін университет Германия, Швейцария, Үндістан сынды елдердің осы салалардағы тәжірибесін зерттеп, жұмыс тобы Германияның «DMG MORІ» зауытында болып қайтыпты. Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ өткен жылдан бері өңірдің ірі кәсіпорындарымен бірлесе 10 ғылыми-техникалық жобаны жүзеге асыру бойынша жұмыс істеп жатыр.
ШҚМТУ бүгінде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының жүзеге асырылуына да елеулі үлес қосып жатқанын ерекше атап өтуге болады. Білім ордасы жаңа оқу жылынан бастап 4.0 индустрия жағдайындағы мамандарды дайындау үшін 20 инновациялық жаңа бағдарламаны оқу кестесіне енгізді. Соның бірі – инженер-медтехниктерді әзірлеуге арналған «Медициналық техника» бағдарламасы. Бұл бағдарламаны енгізуге ынта білдірген, тапсырыс берген – облыстық денсаулық сақтау басқармасы. Қазіргі уақытта өңірдегі медициналық мекемелер АҚШ, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея елдерінен әкелінген жаңа құрылғылармен жабдықталып жатқаны белгілі. Өкінішке қарай мұндай құрылғылармен жұмыс істей алатын, техниканың тілін білетін мамандар елімізде оқытылмайды екен. Міне, ШҚМТУ биылдан бастап осы олқылықтың орнын толтыруға күш салмақ. Жастарды аталған салаға баулу үшін Берлиндегі техникалық университет, Венадағы қолданбалы ғылымдар университеті (Аустрия), Том политехникалық университеті, Беларусь мемлекеттік информатика және радиотехника университеті және Санкт-Петербургтегі мемлекеттік электртехника университетінің оқытушыларымен әріптестік байланыс орнатыпты.
Университетте биыл жұмысын бастаған бағдарламаның тағы бірі – «Нақты жер өңдеу» бағдарламасы. Оқу орны бағдарламаны Ұлан ауданындағы «Багратион» ЖШС-мен бірлесе отырып іске асырмақ. Бұл мамандықты меңгерген мамандар ақпараттық, спутниктік және GIS-технологияларды ауыл шаруашылығы саласында қолдана отырып, жоғары сапалы ауылшаруашылық өнімдерін алуды үйреніп шығатын болады. Демек, алдағы уақытта алқаптарға тұқым себу, кейінгі оны суару жұмыстарының барлығы жаңа технологиялардың көмегімен жүзеге асырылмақ. Мамандар «Нақты жер өңдеу» бағдарламасы агроөндірістік кешеннің тиімділігін арттыруға, жанар-жағармайға, тыңайтқышқа және суаруға кететін шығындарды азайтуға септігін тигізетініне сенімді. Бағдарламаны сәтті іске асыру үшін университет облыстың ірі аграрлық кәсіпорындарымен ынтымақтастық байланысты жандандырып, оқу орнының қарамағындағы «Leica» спутниктік стансасын жаңа құрылғылармен жабдықталған.
Келесі бағдарлама «Роботтандырылған пилотсыз жүйелер» деп аталады. Бұл бағдарламаның ерекшелігі, магистранттар дрон секілді пилотсыз жүйелерді ауыл шаруашылығы, геологиялық барлау, өндіріс, тағы басқа да салаларда қалай қолдануды үйренеді. Мамандар адам өміріне қауіп төндіретін өндірістегі ауыр жұмыстарды осындай пилотсыз құрылғылардың көмегімен атқаруға болатынын айтады. Осы жоба аясында оқу орны Венгрияның Обуда университетімен және Ресейдің Новосібір мемлекеттік техникалық университетімен байланыс орнатыпты. Аталмыш бағдарлама бойынша білім алған түлектер өңірдегі геологиялық компанияларға жұмысқа орналасады деп күтілуде. Бүгінде геологиялық барлау, топографиялау, аумақтың сандық моделін алу, мұнай-газ кеніштері мен құрылыс алаңдарына мониторинг жүргізу, техногенді және табиғи апат қатерлерін бақылау жұмыстарына дрондар кеңінен қолданылуда. Бағдарлама шәкірттері осы дрондарды әр салаға қарай бағдарламалау ісімен шұғылданатын болады. Бұл салаға маманданатын магистрлер «Қазцинк» ЖШС мен Төтенше жағдайлар комитетінің тапсырысы бойынша оқытылмақ.
Осы үш бағдарламадан бөлек «Аддитивті технологиялар», «Жерді зерттеудің сандық әдістері», «Толықтырылған виртуалды шындық», «Өмірді қамтамасыз етудің зияткерлік жүйесін басқару», «Жобалаудың BIM-технологиясы» сияқты жаңа технологияларға негізделген мамандықтар бойынша білім беру қолға алынғанын ерекше атап өтуге болады. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын тиімді жүзеге асыру үшін Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да негізгі ғылым мен ақпараттық технологиялардың тоғысуынан құрылған осындай 20 инновациялық білім беру бағдарламалары бойынша жұмыстар басталды. Бұл мамандықтар заман талабына сай жұмыс істей алатын білікті мамандар даярлауға мүмкіндік беретіні анық», дейді университеттің ақпараттық технологиялар жөніндегі департаментінің директоры-проректор Наталья Денисова.
Реті келгенде айта кетейік, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүргізген сараптама барысында Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың 10 білім беру бағдарламасы үздік бестікке еніпті.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН