Аймақтар • 24 Қыркүйек, 2018

Ұлы Дала Еліне саяхат — «Жаңа Жібек жолы» бағыты бойынша экспедиция Таразға келді

157 реткөрсетілді

Осыдан біраз уақыт бұрын еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің тапсырысы бойынша «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясының ұйымдастыруымен Қазақстан аймақтарына жасалатын ең ірі экспедиция ретінде «Ұлы Дала Еліне саяхат» жобасы қолға алынған болатын. Жаңа туристік бағыттарды жасау үшін табиғи, тарихи, киелі мекендерді зерттеу, ішкі туризм мен инфрақұрылымды дамыту мақсатында ұйымдастырылған «Жаңа Жібек жолы» экспедициясының бағытын «QazaqGeography» республикалық қоғамдық бірлестігі жүзеге асыруда.

Экспедицияның алғашқы күндері 17 қыркүйек күні Алматы өңірінде басталып, мұнда экспедиция мүшелері сол өңірдің тарихи құндылықтарымен танысқан еді. Енді «Ұлы Дала Еліне саяхат» жобасы шеңберінде өтіп жатқан «Жаңа Жібек жолы» бағыты бойынша экспедиция бүгін тарихи Тараз қаласына келіп жетті.

Алматы қаласынан шыққан экспедиция әуелі Тараз қаласынан қырық шақырым қашықтықтағы «Ақыртас» қалашығында болды. Ортасы үш шаршы шақырымды құрайтын ортағасырлық көне сарай келушілердің қызығушылығын туғызды. Бұдан бөлек, экспедиция мүшелері екі мың жылдық тарихы бар көне Тараз шаһарының тарихымен танысты. Ежелгі заманнан бері Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан қаланың қолөнершілер мен көпестердің қаласы болғаны белгілі. Мұнда сол кезде Еуропа мен Азияның сауда жолдары да тоғысқан. Тарихтан белгілі болғандай, әртүрлі басқыншылық кезінде шаһар бірнеше рет бұзылып, қайтадан қалпына келтірілген. Мәселен Қарахан, Айша бибі, Дәуітбек, Бабаджа хатун, Тектұрмас кесенелері мен Ақыртас қалашығы, Қали Жүніс моншасы сияқты тарихи орындар ЮНЕСКО дүниежүзілік мұралар тізіміне енген. Тараз тарихымен танысқан экспедиция мүшелері бұдан соң облыс орталығындағы «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешеніне келіп, республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында аталған экспедицияның жетекшісі Нұржан Алғашов Тараз топырағынан алған әсерімен бөлісті. Қазақ тарихы үшін Тараз қаласының орыны ерекше екеніне тоқталды.

Сонымен қатар, Алматы өңірінен бастау алған жалпы экспедиция жайын әңгімеледі. Экспедиция мүшелері Алматы жеріндегі Қазақстан-Қытай шекарасында болып, Қорғас бекетіне барар жолда Жаркент қаласындағы ерекше мешітке соққанын, бұл мешіттің ешқандай шегесіз, Тянь-Шань шыршасынан салынғанын айтты. Ал өз сөзінде экспедиция дәрігері Әлия Құмарғалина бұл азаматтардың Көлсайда болып, Қайыңды көлін тамашалағанын, одан ары Ақтау тауына, Айғайқұмға, Шоқан Уәлиханов бұлағына және Талхиз қалашығына барғанын әңгімеледі. Әңгіме барысында еліміздің барлық өңірінің тарихи шежіреге толы екенін, оның ішінде Тараз топырағының ерекше екенін атап өтті. Әулиеата өңіріндегі «Ақыртас» қалашығына алғаш рет келіп, әсерленген экспедиция мүшесі Айжан Жұматаева бұл аймақты туристік орталыққа айналдыру керек деп есептейтінін жеткізді.

  Саяхатшыларды бастап жүрген Нұржан Алғашов сонымен қатар, еліміз бойынша ең ірі экспедиция ағымдағы жылы 18 шілдеден бастап 29 қыркүйекке дейін 6 бағыт бойынша 6 маңызды кластерді қамти отырып, еліміздегі маңызды табиғи нысандарға бару арқылы жүргізілетінін де айтты. Экспедиция нәтижесінде еліміздің табиғи нысандары бойынша жаңа туристік бағыттар, сапалы фото және видеобанктер құрылатындығы сөз болды.

 Тараз қаласына келіп, оның тарихымен танысқан экспедиция мүшелері бұдан соң Жамбыл және Түркістан облыстарының шекарасында орналасқан Ақсу-Жабағылы қорығына бет алды. Екі аптаға жоспарланған саяхат барысының соңғы нүктесі Түркістан облысы болмақ. Тәжірибелі саяхатшылардан, туроператор өкілдері мен шетелдік және қазақстандық тревел-блогерлерден, сонымепн қатар «National Geographic Россия» командасынан құралған экспедиция мүшелері Түркістан облысының аумағында орналасқан Отырар, Сауран қалалары мен Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи кесенелері сияқты көне тарихи орындармен танысатын болады.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы                        

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Жаңғырық жайлы хикая

Руханият • Кеше

Қаламның қарагері

Руханият • Кеше

Дәстүр білген адаспас

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар