24 Ақпан, 2010

ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІ КӨМЕКТЕСІП, ЕЛШІЛІК ЕСКЕРЕР МЕ ЕКЕН?

917 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Сұрапыл соғыс әлемнің тыныштығын алып, адамзаттың ет-жүрегін езді ғой. Сөйтіп талай боздақтың тамырына балта шапты. Бір отбасы бауырынан айрылып жатса, енді бірі үміт күтіп, ұрпағымның жалғасы болар деп отырған жалғызын жоғалтқаны қайғының түпсіз тұңғиығы еді. Соның бірі мына мен – Әмзеұлы Аманкелдімін. Ана құрсағында жатқан кезімде әкем майданға аттаныпты. Соғыста қаза тауыпты. Ес білгелі әкемнің көзін көргендерден ол кісі жайында сұрастырып іздеумен келемін. Нәтиже жоқ. Жасым 70-ке таяса да әлі күнге дейін белгісіз кеткен әкемнің өлі-тірісін білсем деймін. Немесе жатқан қабірін тауып, тағзым еткім бар. Сөйтіп, баланың әке алдындағы борышын көзімнің тірісінде орындағым келеді. Сол арманмен талай есіктің табалдырығын тоздырдым. 70-ші жылдардан бастап Мәскеуге, ондағы архивтерге хат жаздым. 1980 жылы қараша айында әкем Көжеков Әмзе туралы сол кездегі Марксизм-ленинизм институтының орталық партия мұрағатынан жауап келгені бар. Онда бөлім меңгерушісінің орынбасары В.Аникеев деген мұрағатшы әкемнің 1913 жылы туғаны, 1936 жылы №2177193 билетпен партияға кандидат ретінде тіркелгені және 1942 жылдың наурызында әскер қатарына шақырылғандығын айтқан да қойған. Ал бұл кісінің қай жерде соғыста болғаны, қайда және қашан қайтыс болғаны, не аман қайтқандардың арасында бар-жоқтығы көрсетілмеген. Сол кездегі Шымкент облысы, Арыс ауданының әскери комиссариаты мұрағатының да берген жауабы жоғарыдағыға ұқсас. Мардымды дерек ала алмадым. Жасым келген сайын: “Әкемнен бір хабар ала алмай, мына өмірден босқа өтемін бе?” – деген ой басыма жиі келеді. Ресей астанасы Мәскеу іргесінде бұрынғы КСРО Қорғаныс министрлігінің архиві бар дейді. Ол Подольск деген қала екен. Оған баруға, ізденуге жағдайым, денсаулығым келмейді. Барғаныммен іздеуді неден бастауды білмеймін ғой. “Егеменге” шыққан осы хатымды әкеммен майданда бірге болған ардагерлердің біреуі көрер ме екен? Ол жайындағы мәліметтерді қайдан табуға болатынына бағыт-бағдар көрсетіп, қол ұшын беретін қандай мекеме бар? Қазақ­станның Ресейдегі елшілігі көмектесе ала ма? Бұл ретте еліміз Қорғаныс министрлігі нендей ақыл-кеңес айтар екен? Маған хабарласса деймін. Адресім: ОҚО. Темірлан. Абылайхан көшесі, 5-үй. Аманкелді ӘМЗЕҰЛЫ, зейнеткер. Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы,  Темірлан кенті. ӘКЕМДІ – СТАЛИННІҢ САЯСАТЫ, АҒАМДЫ ­ – ГИТЛЕРДІҢ ОҒЫ ӨЛТІРДІ Менің әкем Ташимов Сали 1937 жылы жазықсыз “халық жауы” атанып сотталды. 1941 жылы 17 қазанда қайтыс болды. Кейін жазықсыз деп ақталды. Біз отбасымызбен қатты қинал­дық. Жоқшылық пен кем­сіту­ден аздық, тоздық, қатардан қалдық, оқи да алмадық. Менің бар білімім – 6 класс дәре­же­сінде. 1941 жылы соғыс басталып кетті. Мектеп жабылды, колхоздың қара жұмысына шешемді, мені, қарындастарымды аяусыз жұм­сады. Сөйтіп, колхоздың ауыр жұмысын жастай атқаруға тура келді. Әкемді – Сталиннің сая­саты, Хабдеш ағамды – Гитлер­дің оғы өлтірді. Көрген күнімізді ауызша да, жазбаша да айтып жеткізу қиын, ешқандай көмек болған жоқ. КСРО Министірлер Кеңесінің 1955 жылғы №1655 қаулысы бойынша репрессияға ұшырағандардың отбасына 7 бөлімнен тұратын жеңілдіктер беріл­ген. Соның 5-тармағы бойынша Ақтөбе қалалық әкімшілігінің ұйғары­мымен 2005 жылы бір бөлмелі үй ал­дым. Бұл үшін әкімшілікке бәйбішем Үмбасия екеуміз алғысымызды білдіреміз. Осы № 1655 қаулының 3-бөлімі бойынша репрессияға ұшырағандардың отбасына екі айлық еңбек ақы оның артында қалған отбасына төленсін делінген. Сол қаржыны жергілікті жердегі тиісті органдардан әлі сұрап келемін. Бермейді. Заң орындарының жауабы: “Бұл ескі нәрсе. Сізге тиесілі емес,” дейді. Мен тірі тұрғанда менің әкеме қатысты нәрсе ескі бола ма? Қаулы шығарып, төленсін деп заңдас­тырылды. Ал артынан орындалмайтын қылып қояды. Неге? Енді осы қаулының 4-бөліміне келейін. Онда жазықсыз жазалауға ұшыраған жан өлгеннен кейін, артында қалған 18-ге толмаған балаларына асыраушысынан айырылған деп зейнет­ақы тағайындалуы керек. Бірақ бізге бұл бұйырмады, дәлірек айтқанда, ол кезде ешкім де біздің жағдайымызды ойла­мады. Қазір де солай, мемлекетке де, үкіметке де керек емеспіз. Өйткені жоғары тұрған тиісті мемлекеттік орган­дардан жәрдемақыны сұрасақ, біріне-бірі сілтейді. Басшылардың мұндаймен айналысуға өрелері жет­пейді. Өйткені өздері аман, жапа шекпегесін, зәбір көрмегесін бізді не қылсын. Сонымен, тоқсан ауыз сөздің тобық­­тай түйіні КСРО Министрлер Кеңе­сінің 1955 жылғы № 1655 қаулысының 3-ші, 4-ші бөлімдері мен үшін орындалмай тұр. Орындайтын кім? Орындаттыратын кім? Қазақстан Республикасының 1993 жылғы Заңына сәйкес әкем үшін маған өтемақы қалай төленеді? Қанша мөл­шерде? Тиісті мекемелерге барсам: “Сіз 22-бапқа жатпай­сыз”, – деген сөзді баса айтып, шығарып салумен келеді. Әкем­нің жазықсыз халық жауы болғаны, сотталғаны, соттал­ған­­нан кейін қайтыс болғаны анық. КСРО Министрлер Кеңесінің жо­ғары­дағы қаулысы бойынша көмек ретінде берілетін өтемақы қай бап­пен, қан­ша мөлшерде төле­неді? Бұған нақты ешкім жауап бере алмай­ды. Енді га­зет арқылы тиісті орындардан жауап күтеміз. Менің зарым шенеу­­нік­тер­дің құлағына жетер ме екен? Ізде­нісімнің бір нәтижесі болар ма екен? Нохым САЛИЕВ, 82 жастағы зейнеткер. Ақтөбе.