Осыдан 90 жыл бұрын «Әйелдер бөлімінің Х жылдығы» атындағы қазақтың өлкелік медициналық акушерлік техникумы болып ашылған колледж кәсіби кадрларды даярлаудың бастауында тұрған іргелі қара шаңырақ. Оны ашу туралы шешімді Қазақ өлкелік атқару комитеті 1927 жылы қазан айында қабылдап, үш кластық білімі бар қазақ жастарын әр аймақтан топтастырып, алдымен алты айлық дайындық курсынан өткізген болатын. Келер жылы техникумға айналған оқу орнына республиканың түпкір-түпкірінен 30 қыз, ал дайындық бөліміне 3 кластық ауылдық білімі бар 60 оқушы қабылданып, тұнғыш оқу базасы әскери гарнизонның ат қорасы мен шағын қалалық ауруханада орналасқан болатын.
Оқу орнының алғашқы директорлығына қазақ тілін жетік меңгерген дәрігер Праксковья Ивановна Добронравова шақырылды. 1933 жылы техникумның тұңғыш түлектері – 41 акушер бітіріп шығып, Ақтөбе, Орал, Алматы, Қызылорда облыстарының шалғай өңірлеріне жіберілді. 1942-1952 жылдары «Фельдшер-акушер мектебінің» директоры Б.Видро болды. Бұл кісі де ең алдымен ауылдан келген қазақ жастарына ерекше жанашырлық танытты. 1941 жылы бітірген екі фельдшерлік топтан 30-ға жуық жігіт пен қыз ІІ дүниежүзілік соғысқа ел қорғауға аттанды.
Ал 1962-1991 жылдары оқу орны училище атанып, директоры Сара Төлегенқызы Дәуітбаева болды. Бұл тұста медициналық училище республикадағы іргелі оқу орнына айналды. 1965-1980 жылдары жаңадан бас оқу ғимараты, 444 орындық екі жатақхана пайдалануға берілді. Училищенің материалдық-техникалық базасы жақсарған кезең еді. 30 жылға жуық ғұмырын колледждің дамуына арнаған Сара Төлегенқызы сол жылдары жоғарғы санаттағы ұстаз дәрігер, «Қазақстанға еңбегі сіңген дәрігер», «Қазақстан денсаулық сақтау үздігі» атанып, «Құрмет белгісі» орденімен, «Ерең еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған болатын. Сара Төлегенқызы республикалық дәрежедегі зейнеткер болып, құрметті демалысқа шыққаннан кейін де өмірінің соңына дейін өзінің құтты шаңырағынан қол үзген жоқ. Қара шаңырақ колледждің 90 жылдығы Сара Төлегенқызының 85 жылдығымен қатар келіп отырғандығын баса айтқымыз келеді.
Ал 1991 жылы Райса Әбдешқызы Көзденованың медицина училищесінің директоры болып тағайындалуы еліміздің тәуелсіздігімен тұспа-тұс келді. Бұл кезеңнің қуанышымен қатар қиындығы да аз болған жоқ. Себебі нарық қыспағы елдің тұрмысына ғана емес, жалпы білім сапасына да өз әсерін тигізді. Өзіне дейінгі оқу орны директорларының ізгі дәстүрін одан әрі жалғастырған дәрігер, ұйымдастырушы Райса Әбдешқызы 17 жыл балауса түлектерді оқуға қабылдап, саналы маманның еңбек жолына жолдама берді. Осы ретте Райса Әбдешқызы 15-ке тарта оқулық жазған және еңбектері республика көлеміндегі оқу орындарында пайдаланылатын ұлағатты ұстаз екенін айта кеткен жөн.
Колледждің ерекше жаңғыру кезеңі 2007-2013 жылдар аралығына тұспа-тұс келді. Осы кезеңдерде ордалы білім ошағын бүгінде облыстың денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметін атқарып отырған, медицина ғылымының докторы Ақмарал Шәріпбайқызы Әлназарова басқарды. Ғалым-басшы ең бірінші оқудың сапасына басымдық берді. Жаңадан факультеттер ашылып, жұмыс жасайтындар үшін кешкі оқу жүйесі енгізілді. Студенттердің жан-жақты білім алу негіздерін қалыптастырып, «Оқу симулияциялық» орталығын ашты. Елбасымыз «ХХІ ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық» деп айтқанындай, білімсіз алға жылжу қиын. Ал оқу құралынсыз сапалы білім алу, білікті маман даярлау мүмкін емес. Сол жылдары колледж оқытушылары өздерінің бар күш жігерлерін оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдарын мемлекеттік тілге аудару мен дайындауға, ана тіліміздің мәртебесін көтеруге жұмсады. Соның нәтижесінде «Балалар аурулары», «Ішкі аурулар», «Ішкі аурулар пропедевтикасы», «Жүйке аурулары», «Дерматовенерология», «Фармакология», «Микробиология» сияқты оқулықтар қазақ тілінде жарық көрді. Бұл оқулықтар қазіргі күні еліміздегі жоғары және орта білім беретін оқу орындарында қолданылуда. Сондай-ақ аталған колледжде республикада алғашқылардың бірі болып 24 мыңнан аса қоры бар кітапхана жасақталған болатын.
Жоғарғы медициналық колледждің директоры Салтанат Сейітқалиқызы Тасмағамбетова болса оқу процесінің заманауи бағытқа көшуін қадағалауда. Оқу орнының халықаралық стандарттар деңгейінде аккредитациялауына алып келді. Білім ордасы сапалы білім мен бәсекеге қабілеттілікті арттыру жолына түсті. 2014 жылы колледждің оқу процесіне мейіргер ісінің қолданбалы бакалавриат білім бағдарламасы эксперимент тәртібінде енгізілді. 2017 жылы «Мейіргер ісі» мамандығының қолданбалы бакалавр біліктілігімен алғашқы 69 түлек еңбекке араласты.
Елбасының «Дуальды кәсіптік білім беруді дамытудың маңызы зор» деген сөзін әрқашан басты назарда ұстаған жөн. Дуальды оқытудың болашақ медицина мамандарын даярлаудағы маңыздылығын ескере отырып, тоқсан жылдық тарихы бар колледж «дуальдық жүйенің элементтерін енгізу концепциясын» қабылдады. Дуальды оқыту жүйесінің элементтерін пайдалана отырып, емдік профилактикалық мекемелермен тығыз байланысты арттыру, бәсекеге қабілетті, өндіріске нақты қажет, елдің дамуына үлес қосатын білікті маман дайындау ісін жолға қойды.
Ғасырға жуық тарихы бар колледждің тарихын жаңғырту Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында атқарылып жатқан іс-шара деп білеміз. Оқу орнында «Рухани даму орталығы» ашылып, 90 жылдық тарих жас ұрпақтың санасында жаңғыруда. Колледждің 90 жылдығына «Мақтан тұтар түлектеріміз «100 есім» атты жинағы әзірленіп шығарылды.
Қызылорда жоғарғы медициналық колледжінің бүгінгі тынысы туралы көп айтуға болады. Ғасырға жуық уақытта 30 мыңнан астам денсаулық саласының орта буын білікті мамандарды түлетіп ұшырған оқу орнының алар асуы әлі алда деп ойлаймыз. Қазақстандағы алғашқы кәсіби медициналық білім беретін Қызылорда жоғары медициналық колледжінің ұжымы Елбасының «Болашақтың кілті білімді ұрпақтың қолында» деген ұлағатты сөзін басшылыққа ала отырып, білімді, кәсіби деңгейі жоғары маман даярлауда ынтымақ және бірлікпен жоғары жетістерге жететініне сенеміз.
Ахмет ШАРАПАТОВ
Қызылорда медициналық жоғары колледжінің «Рухани дамыту» орталығының меңгерушісі