Қазақстан • 28 Қыркүйек, 2018

Әлемді өзгертетін балалар арамызда жүр

730 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Қазіргі балалар кітап оқымайды», «бүгінгінің балалары газет-журнал қарамайды» деп айтатын ата-ана көп, дейді "Жас өркен" серіктестігі директорының орынбасары Жұлдыз Әбділда.

Әлемді өзгертетін балалар арамызда жүр

Оның айтуынша, сол ата-аналардың қаншасы баласына кітап әперіп жүр?  Қаншасы баласын кітапханаға жетектеп барды екен? Қаншасы арнайы газет-журналға жазылады? Балаларына мақсатты түрде газет-журнал жаздырып беріп, оны бірге оқитын, талқылайтын Қазыбек Құттымұратұлы секілді ата-ана бізде сирек. Одан гөрі «балам гаджеттерді шемішкеше шағады» деу абыройлырақ. Осындай уақытта балалар басылымын шығару да оңай емес.

Баяғы «Пионер» мен «Қазақстан пионерін», бүгінгі «Ақ желкен» мен «Ұланды» шығарамыз. Бүлдіршіндерге арналған «Балдырғанымыз» бар. Бүгінгі заманның балаларының талғамына сай болсын, балалар өзіне қажетін тапсын деп, барымызды саламыз, дейді балалар басылымының басшысы.

Қазір екі баланың бірі шетелде оқығысы келеді ғой, осыны ескеріп, дамыған елдерде оқыған, оқып жатқан, жұмыс істеп жүрген жастарды үзбей жариялаймыз. Тек қана «Болашақ» бағдарламасымен емес, өз бетімен грант иеленіп, білім алып жатқан талапты жастарды таныстырамыз. Бір ғана мысал. Әлібек Датбаев деген қазақтың жігіті әйгілі Booking.com компаниясында жұмыс істейді. Осы Әлібектің бір сұхбатын оқыған Аман деген бала әйгілі компанияда жұмыс істеуді алдына мақсат етіп қойыпты. Осы мақсаты жолында Әлібекке хат жазып, Әлібек оған жөн сілтеп, ақыры құжат тапсырыпты. Өкінішке қарай, бірінші жылы сынақтан өте алмапты. Бірақ Аман сонда да қайтпай, жақсылап дайындалып, бір жылдан кейін қайта тапсырыпты. Бүгінде ол – Амстердам қаласында орналасқан Booking.com компаниясында жұмыс істейтін 15 қазақтың біреуі. Өткен нөмірлеріміздің бірінде Аманның сұхбатын жарияладық. Аманның әңгімесі де талай түлектің қиялына қанат бітірері анық.

Әлемді шарлап, ел кезіп, жер көруді армандамайтын бала жоқ. Сондай балалар 27 мемлекетке саяхаттаған, соның 12-сін велосипедпен шарлаған Қуат Болатовтың сұхбатынан қуат алмасына кім кепіл?! Сирек мамандықтар мен олардың қыр-сыры туралы сол мамандықтардың иелері айтқан әңгіме қызықсыз деп кім айтты? Жасөспірімдердің әке-шешесіне, әпке-ағасына айтпайтын жан сырын бізге жазатыны оларға психологиялық қолдау көрсетудің маңызын көрсетпей ме? Мұның сыртында робот жасап, ІТ технологияны меңгерген; білім жарысында оза шапқан; қатарынан ерек туған; талабы таудай балалар туралы қаншама материал жазылып жатыр. Мүмкіндігі шектеулі бола тұра, төрт мүшесі сау адамдардан гөрі орасан табысқа жетіп жүргендердің өмірінен неге үлгі алмасқа?!.

Шымкенттегі Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары қол күшімен емес, білімнің күшімен сонау шалғайдағы Африка елдеріне таза ауыз су жеткізуге көмектесіп жүргенін білгенде таңданысымызды жасыра алмадық. Астаналық оқушы қыздың қатерлі ісікке қарсы дәрі жасап жүргені; жас ғалымның диабеттердің жағдайын жеңілдетіп, аптасына бір рет қабылдайтын инсулин ойлап тапқаны; шіритін полиэтилен пакет ойлап тапқан Еркебұланның ерен еңбегі; мүмкіндігі шектеулі жандарға тегін протез жасап беріп жүрген балалар...

Әлемді өзгертетін осындай жылт еткен дүниелерді де қалт жібермеуге тырысамыз. Сіздердің де қаперде болсын. Ал ол үшін, Дархан Қыдырәлі ағамыз айтқандай, «балалық шақтың қарашаңырағы іспетті» балалар басылымдарына назар сала жүргейсіздер. Біздің газет-журналдарымызға бір жылдық жазылу құны бір асағаннан қалмайтын бір пиццаның бағасындай-ақ. Жыл он екі ай үйіңізге келіп тұратын, балаңызға бағыт-бағдар беретін басылым үшін тым аз, дейді Жұлдыз Әбділда.