180 шақырымға созылған кезең Алматы қаласының басты көшелерінде өрбіді. Жарыс жолы 7 айналымға созылды. «Астана» командасының италиялық шабандозы соңғы айналымда шабуылға шығып, өзгелерден қара үзіп кетті.
- Мен «Вуэльта» жарысынан кейін спорттық бабыма енді келіп жатыр едім. Жарыс алғашқыда сәл ауырлау болғанымен, кейіннен алға озып шығуға мүмкіндік туды. Үлкен топ құрылып, олар шабуылға шыққанда біз әріптесіміз Луис Леон Санчес екеуміз де солардың қатарына еніп кеттік. Ал соңғы 25 шақырым жер қалғанда мен тәуекелге салып, жеке шаптым. Мен жалғыз өзім мәреге келуді жоспарладым да, сол мақсатыма жеттім. Бүгінгі жеңісіме де, Қазақстанға келгеніме де қуаныштымын. Алматығы бірінші мәрте келуім және бұл қала маған қатты ұнады, - деді Давиде Виллелья.
Таулы аймақтағы мәремен бітетін екінші кезең алдында Виллелья 26 секунд басымдылықпен қоса сары жейдені де киді.