Аймақтар • 02 Қазан, 2018

Қарағанды облысында Орталық Азиядағы ең ірі күн электр стансасы салынып жатыр

430 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Балама энергия көздерін табу – бүкіл әлем болып жаппай кіріскен әйдік жобаға айналғалы қашан. Әсіресе тас төбеде шақырайған күннің көзін энергия қуатына айналдыру сынды шарапатты істе дамыған елдердің   тасы өрге домалап-ақ тұр. Тіпті Жапонияның бір энергетикалық компаниясы жер аздай-ақ, оның серігі айға күн электр стансасын орнатпақшы екен. Айды қоя тұрып, жерге оралар болсақ, біздің елімізде де жарқыраған күн жарықтықтың қуатын игілік көзіне  айналдыру бойынша айтулы жобалар іске асып, ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соның бірі Қарағанды облысындағы Саран қаласында салынып жатқан күн электр  стансасы.

Қарағанды облысында Орталық Азиядағы ең ірі күн электр стансасы салынып жатыр

Қуаты 100 МВт күн электр стан­­сасының іргетасы өткен жыл­дың маусым айында қалан­ған болатын. Құрылысы қар­қынды жүріп жатқан нысан 160 гектар аумаққа кереге кер­ген. Мұнда күн энергиясын электр қуатына айналдыра­тын 370 мың­нан астам фотовольтаикалық панельдер орнатылады. 

Күн электр стансасының құ­ры­лысы Қарағанды облысы үшін биылғы жылдың ең ірі инвес­тициялық жобасы болып сана­лады. Содан да болар, өңір бас­шыл­ығы нысанның жоспар­лан­ған мерзім ішінде әрі сапа­лы салынып бітуіне ерекше мүд­делілік танытып отыр. Тіпті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың өзі облысқа жұмыс сапарымен келгенде бұл жобаның құрылысы туралы құлағдар болған еді. Сол кезде Президент бұл жобаға мемлекет тарапынан қажетті қолдауды толығымен көрсету туралы нақты тапсырма да берген болатын.

Маңызды нысан құрылысын аймақ басшылығы жіті қада­ға­лап отыр. Жуырда облыс әкімі Ерлан Қошанов күн электр стан­сасы­­ның құрылыс алаңында бо­­лып, ондағы қауырт жұмыс бар­ысы­мен танысты. Күн паркі аумағында өңір басшысына жұ­мыс­тың жай-жапсарын «SESSaran» ЖШС-ның бас директоры Евгений Гребенников баяндап берді.

– Қазіргі таңда компания бес бағыт бойынша жұмыс жүр­гізуде. Бірінші нысан – күн паркі­нің, екінші нысан – 100-30-30 қосалқы стансаның құры­лысы. Нәтижесінде, олар қуаты 100 МВт күн электр стансасына біріктірілетін болады. Бұған қоса тағы үш жоба бар. Ол – «Қара­ғанды Жарық» ЖШС жүргі­зетін 110 КВт электр желілерін, сон­дай-ақ «ВЭЛ-35» жоғары вольт­тік желі мен «Ару-110» желі­сін қалпына келтіру жобалары. Бұл жобалар бізге станса желі­ге қосылып, электр қуатын шы­ғар­ғанда оны ұлттық электр желі­леріне тарату үшін қажет, – деп атап өтті компания басшысы.

Қазіргі таңда қада қағу бо­йынша жұмыстар 60 процентке орындалған. Металл құрыл­ғыларды құрастыру да қауырт жүргізілуде. Алдағы күн­дері күн панельдерін орнату жұмыстары басталмақ. Күн паркінің аумағы 20 инвектор­лық қосымша стансаны орнатуды қарастырады, ол стансалар электр қуатын тұрақты токтан ауыспалыға айналдыратын болады. Желінің жағдайы туралы ақпаратты жинақтап, күн сайын мониторинг жүргізеді. Бұл жұмысты «Смартгин» деп атала­тын соңғы үлгідегі өте ақыл­ды машиналар атқарады. Мысалы, егер қандай да бір бөл­шек істен шықса, ол жайлы ақ­парат қоймаға автоматты түрде жеткізіледі. Сондай-ақ ол өздігінен жаңа бөлшекке тап­сы­рыс бере алады, яғни бар­лық процесс толығымен автомат­тандырылған. Бұл машиналар да жақын арада орнатылмақ. Басты мақсат – қазан айының соңына дейін күн паркінің аума­ғында құрылыс-монтаждау жұмыс­тарын аяқтау, қарашада іске қосу-реттеу жұмыстарын толы­ғымен бітіру. Жақын күндері қо­сымша стансада нысанның жү­ре­гі саналатын күш беретін транс­форматор орнатылатын болады. 

Бас инвестор, «Solamet/GoldbekSolar» компаниясының бас директоры Йоахим Голдбек нысан салынып жатқан алаңды не себепті таңдағандықтарын түсіндіріп берді.  Оның айтуынша, Қазақстандағы климаттық жағдай күн электр стансасы үшін өте  тиімді екен.

– Мұндағы локация жақсы, алқап теп-тегіс, құрылысқа ың­ғай­лы жер, – дейді Йоахим Голд­бек. – Осы сәтке дейін ин­вес­­­ти­цияланған барлық қара­жат – менің жекеменшік қар­жым. Инвестициялар сенім­ді­лік­ті талап етеді. Мен осылай­ша өзімің сенімді әріптес екен­дігім­­ді көрсеттім деп ойлаймын. Осы­ған дейін берген уәделері­міз­дің бәрін де орындап жатырмыз. 

Бұдан бөлек, бас инвестор мем­­л­е­кеттік қолдаудың бар­лық түрін көріп жатқанын тоқ көңіл­мен айтты. Саран қаласының атқарушы билігі, Қарағанды облысының әкімдігі, барлық мүдделі министрліктер, «ҚазақИнвест» ұлттық компа­ния­сы қолдан келген көмектің бәрін жасап жатқан көрінеді. Мұн­дай жан-жақты қолдауға риза­­шы­лық білдіріп, алғыс айт­қан Йоахим Голдбек алдағы уа­қытта ел­дегі басқа да жоба­ларға ин­вес­­ти­ция салуға құлық­ты екенін жеткізді. 

Йоахим Голдбек мәлімде­ген­дей, жаңа нысан іске қосыл­ғанда, бар­лық электр қуаты «SES Saran» ЖШС және «KEGOC» ком­паниясының есеп-қар­жы орта­лығы арасында жа­сал­ған келісім шартқа сай тұрақты бағамен сатылмақшы. Негізі стансаның мұндай түрі 30 жылдан астам уақыт қызмет етеді, ал электр қуатының құны белгіленген шамадан ауытқымайды.

Жалпы, инвестор күн энер­гия­сы стансасының құрылысы­мен ғана шектеліп отырған жоқ. Бизнестің әлеуметтік жауап­кер­шілігін терең түсініп, Саран қаласындағы бірқатар жобалар бойынша мойынға алған міндеттемелерін толығымен орындауға пейіл танытуда.

Инвестициялардың жалпы сомасы 988 миллион теңгені құрайтын күн электр стансасы жобасының Еуропалық Одақ өкілдері Ян Зонненшайн (Чехия), Арнольд Беренс (Германия) және Душан Подгорскидің (Словакия) бастамасы бойынша жүзеге асырылып жатқанын, оның базалық серіктестері «Шнайдер Электрик» және «Грасс Инжи­ниринг» (Германия) компаниялары екенін айта кеткен ләзім.

Облыс басшылығы жаңа стан­са­ның ашылу салтанатын жел­тоқсан айында болатын Ин­дус­трияландыру күніне орайлас­тыруды ұсынды. Ал бас инвестор болса мұның жүзеге ойдағыдай асарына шәк келтірмеді.

Орталық Азиядағы ең ірі күн электр стансасының жыл бойы өндіретін электр энергия­сы 145 млн кВт/с болады деп жос­­пар­ланған. Осы жерде бір мысал келтіре кетсек, нысан орна­ласқан Саран қаласы бұдан 10 есе аз қуат көзін тұтынады екен.  Бұл өз алдына, ал бәрінен бұ­рын жаңа электр стансасының қор­шаған ортаға инедей зиян келтір­мейтінін айтсаңызшы!

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы