Аймақтар • 02 Қазан, 2018

Қызылордада «Рухани жаңғыру» орталығы мен қалалық мұражай ашылды

1154 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Қызылорда қаласының шаңырақ көтергеніне 200 жыл. Осы мерейтойға орай Қазақстанның бірқатар мемлекет және қоғам қайраткерлерінің қатысуымен қаланың сол жағалауындағы жаңа нысан – «Рухани жаңғыру» орталығы мен қалалық мұражай ғимаратының ашылу салтанаты өтті. 

Қызылордада «Рухани жаңғыру» орталығы мен қалалық мұражай ашылды

Бұл ғимарат 1925 жылы бұған дейін «қырғыз-қайсақ» атанып келген ұлтымызға «Қазақ» атауын қайтарып беру туралы тарихи шешім қабылданған Қазақ Орталық Атқару комитеті ғимаратының сызба-нұсқасы негізінде салынған. Салтанатты жиында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев:

- Биыл біз Астана мен Қызылорда қаласының мерейтойын атап өтудеміз. Жиырма жыл бұрын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Тәуелсіз Қазақстанның Елордасын Астана қаласына көшіру туралы стратегиялық шешім қабылдап, сол арқылы жасампаз мемлекетіміздің тұтастығын қамтамасыз етті.

Қызылорда – Жанкент, Шірік-Рабат, Сығанақ сынды ежелгі астаналардың және Ақ Орда мен Алтын Орда сияқты хан ордаларының аумағы, Кеңес Одағы кезінде Қазақ Республикасының астанасы, сондай-ақ, ағарту, саяси және өнеркәсіптік даму орталығы болды. Ұлтымыздың ресми «Қазақ» аталуы туралы шешім де осы киелі мекенде қабылданды. Биыл Елордамыз Астананың 20 жылдық және Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойларын қатар атап өтудеміз. Бұл Қазақстанның алғашқы және қазіргі астаналары арасындағы ерекше рухани байланысты аңғартады деп ойлаймын. Біз ұлттық құндылықтарымызды сақтап әрі жаңғыртуымыз керек,- деді.

Былтыр Сырдарияның сол жағалауында жаңа қаланың құрылысы басталған болатын. Қазіргі таңда жеке инвестициялардың қаржысы есебінен 18 көпқабатты тұрғын үйдің, «Болашақ» университеті корпусының және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде 320 орындық балабақшаның, мемлекет қаржысы есебінен Жастарға қызмет көрсету орталығы мен қажетті инфрақұрылымдардың құрылысы жүргізіліп жатыр. 2019-2020 жылдары сол жағалауда бірқатар көпқабатты үйлер, мектептер, облыстық көпсалалы аурухана, неке қию сарайы, балабақша, физика-математикалық мектеп жатақханасымен бірге, сауда-ойын сауық кешенін салу жоспарланып отыр.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы