Бұл күнде ауылда 1210 адам тұрады. Талай жылдан бері ауызсу мәселесі шешілмей келген ауылға ағымдағы жылдан бастап мемлекеттік «Ақбұлақ» бағдарламасымен су құбырлары тартыла бастады. Ауыл ахуалымен танысу мақсатында арнайы ат басын бұрып, мұндағы жұмыс барысын көрдік. Тұрғындармен тілдесіп, тарихи мекендегі тіршілікпен қатар, ауыл тарихынан да мәліметтер алдық.
Талас аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі арқылы Есейхан ауылын ауызсумен қамту жұмыстарын жүргізу үшін «Монолит Дизайн 2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мердігер болып белгіленіпті. Аталған серіктестіктің учаске басшысы Ғалымжан Жұмаділдаевтің айтуынша, мемлекеттік «Ақбұлақ» бағдарламасына сәйкес, Есейхан ауылын ауызсумен қамтамасыз ету мақсатындағы су жүйесі жұмыстарының құрылыс жұмыстарына 650 миллион 800 мың теңге қаражат қарастырылған. Ағымдағы жылы республикалық бюджеттен 200 миллион, ал облыстық бюджеттен 22 миллион 222 мың теңге бөлінген. Кездесу кезінде учаске басшысы биыл 222 миллион теңгенің мақсатты түрде игерілгенін айтты.
Бүгінгі таңда Есейхан ауылындағы жұмысқа 4 экскаватор, 5 «КамАЗ» және 57 адам күші тартылған. Сонымен қатар сол ауылдың 9 тұрғыны мемлекеттік «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы арқылы жұмыспен қамтылған. Егер жоба толықтай жүзеге асқан жағдайда «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы атқарылған жұмыстың нәтижесінде ауылдықтарға секундына 25 текше метр көлемінде су берілетін болады. Осыған дейін халық аулаларынан құдық қазып алып, соның суын ішіп келген. Күн қатты ысып кеткенде құдықтағы су да тартылып қалып, көпшілікті әбігерге салады екен. Бүгінде өріс алған Есейхан ауылын толықтай ауызсумен қамту жұмыстары келесі жылы аяқталады деп жоспарлануда. Ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Күмісбек Дәуренбеков «Бүгінде әрбір ауылға деген мемлекеттің көмегі орасан. Осындай игілікті жұмысты жүзеге асырып отырған жергілікті басшыларға деген алғысымыз шексіз. Құдайға шүкір, бүгінде еліміздің экономикалық жағдайы жақсы, қолымызда көп нәрсе бар. Сол барды ұқсата білу де жақсылықтың белгісі ғой», дейді.
Талай Кеңес Одағының Батырлары, Еңбек Ерлері шыққан Талас ауданының әрбір мекені тарихқа бай. Қарт Қаратаудың қойнауында ғасырлар бойы ашылмаған қазына, шертілмеген шежіре жатыр. Олай дейтініміз, Қаратаудың қойнауына жасырынған, Қаратау мен Жаңатас қалаларынан он екі шақырым қашықтықта жатқан Есейхан ауылының тарихы да елең еткізбей қоймайды. Елуінші жылдардың орта шенінде бұл ауыл «Қаратау» қой совхозы болып құрылған. Бүгінде Қараой және Есейхан ауылдары Қаратау ауылдық округіне қарайды. Мәскеуден келген Романенко деген азамат сол жылдары колхоз құрып, ауыл айналасына тал еккізіпті. Осы уақытқа дейін жасыл желекке оранып тұрған ауылдың қалың ағашы бүгінде сиреген. Себебі тұрғындар қыста отын үшін талдардың көбін отап тастапты. Күмісбек Дәуренбеков ақсақал жастар біле жүрсін деген ниетпен ауыл тарихын да әңгімеледі. Ақсақалдың айтуынша, кезінде Тәуке ханның бас биінің бірі Есей Алдамұратұлы деген тұлға өтіпті. Түркістан облысының Шорнақ деген жерінде «Есейтөбе» деген де мекен бар. Бүгінде Талас ауданының бірқатар ауылдарында сол Есей ұрпақтары тұрады. Кезінде қой шаруашылығымен, алма өсірумен аты шыққан ауылға 1992 жылы сол кісінің есімі беріліпті.
Бұдан кейін ақсақал ауыл іргесіндегі «Жолбарыс қамал» туралы әңгімеледі. «Бұл Жолбарыс ханның саят құрған жері екен. Бір кездері осындағы Қарашат өзенінің бойы ну қамыс болған. Үлкен кісілер сол жерде жолбарыс өргенін айтып отыратын. Хан бабамыз осында жолбарыс аулаған екен дейді. «Жолбарыс қамалды» тамашалау үшін мұнда талай азаматтар келген» дейді ауыл ақсақалы. Шынында да алақандай ауылда назар аударарлық деректердің болғаны ғажап. Зерттеулер жүргізілсе, бұл жерден талай тарихтың түбі аршылатыны анық.
Қызық болғанда, Есейхан ауылына ауызсу құбырларын тарту көне кезінде «Монолит Дизайн 2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің учаске басшысы Ғалымжан Жұмаділдаев көне қорымға кезігіпті. Күн сайын құм таситын «КамАЗ»-дардың біреуі кезекті бағытында топыраққа батып шыға алмай қалады. Көліктің топыраққа батқан дөңгелегінің астында терең қуыс бар екен. Учаске басшысы бастаған азаматтар топырақты аршып көргенде қыш құмыра мен көне қылыш табылады. «Бұл жағдайды мен де түсінбей қалдым. Әрі қарай қазғанымда, адамның сүйегі шыға бастады. Қорымға тап болғанымды бірден білдім. Бұл қайтыс болған кісінің мұсылман екеніне күмәнім болған жоқ. Өйткені басын құбылаға қаратып жатқызыпты. Аруақты қастерлеген халықпыз ғой. Топырағын қайта жауып, белгісіз марқұмның рухына дұға бағыштап, басына белгі қадап кеттік», дейді Ғалымжан Жұмаділдаев.
«Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Қуаныш Дәуренбековтің айтуынша, табылған құмыра мен қылыш ерте темір дәуіріне тиесілі болуы мүмкін. Себебі бұл жәдігерлер Берікқара обаларының қатарынан табылған. Бүгінде жәдігерлер Талас аудандық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы тұр. Ауылға ауызсу тартып жүріп қазынаға тап болған азаматтар да елді мекеннің тарихына қызығушылықпен қарап отыр.
Мемлекеттік бағдарламалардың тұрғындарға берер игілігі көп. Соның бірі – «Ақбұлақ» бағдарламасы. Талай ауылдың тіршілігін түзеп, күнкөрісіне қолайлы жағдай туғызған бастамалар Талас ауданында әлі де жалғасын табуда. Аудан әкімі Досмаханбет Әлиевтің айтуынша, «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасы бойынша аудандағы 23 ауылдық елді мекеннің 12-сіне су жүйелері тартылған. Аудан бойынша 24969 халық болса, бүгінде 16668 тұрғын «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында ауызсумен қамтылып отыр. Қызыләуіт және Есейхан ауылдарындағы жоба іске асқан соң, тұрғындар сапалы ауызсумен қамтамасыз етіледі. «Сонымен қатар ағымдағы жылы Қасқабұлақ ауылына су құбыры жүйесінің құрылысын жүргізу үшін 711 миллион 510 мың теңгеге жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды, республикалық және облыстық бюджеттен келесі жылға қаражат қарастыру үшін бюджеттік өтінім тапсырылды. Одан бөлек, Майтөбе ауылының су құбыры жүйесінің құрылысын жүргізу үшін де жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Бұл жұмыс биылғы жылы аяқталады», дейді әкім.
Ауыл – қазақтың алтын бесігі. Бүгінде еліміз бойынша ауылдардың ахуалы түзеліп, тіршілігі тіктеліп келеді. Ең бастысы, мемлекеттің қолдауы бар. Ал тарихпен тамырласқан халқымыздың барлық мекені ежелгі ата-баба қонысы. Біз көрген Есейхан ауылының ахуалы осындай. Тарихи мекендегі тіршілік қазақтың өзіндей қарапайым.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы,
Талас ауданы