Қазақстан • 05 Қазан, 2018

Білім саласы үшін бетбұрыс кезеңі басталды - Садық Әбдіқадыров

325 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін көпшілік назарына ұсынылған Мемлекет Басшысының Жолдауы қоғамға үлкен міндеттер  жүктеп отыр. Бағдарламалық құжатта ел экономикасын дамыту, заманға сай өркендеу сынды тың мәселелер қозғалды. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған Жолдау әр саланы қамтып, жүйелі жұмыс істеуге негізделген.    

Білім саласы үшін бетбұрыс кезеңі басталды - Садық Әбдіқадыров

Мемлекет Басшысы бұл Жолдауында еліміздің білім саласы үшін түбегейлі бетбұрыс кезеңінің басталғанын нақты айтты. Мұғалімдердің кәсіби мерекесі қарсаңында ұстаз мәртебесін айқындау туралы Елбасының тапсырмасы атаулы сыйлық болды деп есептеймін. «Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажет деп санаймын.

Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен  тыс функциялардан арашалауға тиіс» деді Президент өз Жолдауында Ұстаздардың мәртебесін айқындайтын заң мұғалімдерді және мектепке дейінгі мекемелердің қызметкерлерін ынталандырудың барлық тетіктерін қарастырады. Ұстаздардың жүктемесі қысқартылып, түрлі тексерістерден арылатын болды.

Сонымен қатар, Елбасы Назарбаев зияткерлік мектептерінің білім беру әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандартқа айналуы тиіс екендігін айтты. Бюджеттік сала өкілдері жалақысының 35 % өсетіні, білім саласындағы реформалардың сапасына мән берілетіні ұстаздар қауымын қуантты. Осының барлығы кәсіби мереке қарсаңында жасалған тарту деп есептейміз. Тиісінше мұғалімдер құлшынып жұмыс істейтін болады. Қазір облыста мұғалім мәрбесін көтеруге бағытталған жұмыстар нәтижелі.

Облыс әкімінің қолдауымен биыл аймақтағы барлық педагогтардың тегін медициналық тексеруден өткізуіне қол жеткіздік. Кәсіподақ тарапынан мұғалімдердің құқын қорғауға қатысты өтініш-тілектер қабылданып, оң шешімін тауып отыр. Осы басталған істі Жолдау жүктеген міндеттер одан әрі жетілдіруге жол ашады деп сенеміз.

Ендігі кезекте білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Талдықорған аумақтық ұйымы және еншілес аудандық, қалалық комитеттерінің алдында бұл маңызды құжаттың мәні мен мағынасын Жетісу өңірінің  әрбір тұрғынына, еңбек ұжымдарына жан-жақты түсіндіру міндеті тұр.

Садық ӘБДІҚАДЫРОВ,

Білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы

Талдықорған аумақтық ұйымының төрағасы