Аймақтар • 08 Қазан, 2018

Басым міндеттерді іске асыруға жұмылады

116 реткөрсетілді

Астанада Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаевтың «Қазақ­стан­дық­тардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» ат­ты Жолдауына қолдау білдіру мақ­сатында Демократиялық күш­тер­дің «Қазақстан-2050» жалпы­ұлттық коалициясының кезекті отырысы өтті. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен жиында қазақстандық 6,5 миллион адамның мүддесін білдіретін Коа­лиция мүшелері Жолдауда көр­сетілген басымдықтардың маңы­зына тоқталып, жаңа стратегиялық құжатты іске асырудың нақты тетіктерін айқындады.

Отырысты ашқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары еліміздің əлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мəселелеріне жəне қазақ­стандықтардың əл-ауқатын одан əрі арттыру міндеттеріне арналған Жол­дау Елбасы саясатының беріктігі мен тұрақтылығын көрсететінін айтты. «Ел­басының Жолдауында қоғамда қызу тал­қы­ланып жүрген ең өзекті әлеуметтік мәселелер қамтылған. Мемлекет басшы­сы сол мәселелерді шешу үшін нақ­ты шараларды ұсынып отыр. Атап айт­қанда, халықтың әл-ауқатын арттыру, тұр­мыс-жағдайын жақсарту, баспанаға қол­же­тімділікті қамтамасыз ету, тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығындағы қорда­лан­ған мәселелерді шешу, тариф­терді шек­теу және жолдарды жөндеу, қоғам­дық қауіпсіздік секілді мәселелер көте­рілгенін білеміз», деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ жиын барысында Елбасы айқындап берген әлеуметтік жаңғырудың негізгі басымдықтары Қазақстанды өмір сүру деңгейі жағынан әлемдегі ең дамыған елдердің қатарына қосатын негізгі тетік екені айтылды. Осыған орай «Нұр Отан» партия­сы нақты бағыттар бойынша жүйелі түрде жұмыс жүргізбек. «Біріншіден, барлық саяси партиялар және қоғамдық күштер мен мемлекеттік емес ұйымдар бірігіп, Елбасы ұсыныстарының мәні мен маңызын халыққа түсіндіруге атсалысуы керек. Екіншіден, аталған ұйымдар Жолдау басымдықтарын жүзеге асырудың тиімді тетіктерін талқылап, оны Үкіметпен бірлесіп атқаруға үлес қосуды көздеп отыр. Үшіншіден, «Нұр Отан» басқа да саяси партиялармен және мемлекеттік емес ұйымдармен күш біріктіріп Жолдаудың жүзеге асырылуына жүйелі түрде қоғамдық бақылау жүргізуді қолға алады», деді ол.

Партия Төрағасының бірінші орынбасары, сондай-ақ Мемлекет басшысының ұсыныстарын барлық негізгі саяси партиялар мен қоғамдық күштер қолдап отырғанын, оған демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясының жиналысы дәлел екенін атап өтті.

Отырысқа елдегі жетекші партия­лар­дың басшылары, Парламент депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының, кәсіби және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты. Жиын барысында Коалиция мүшелері Мемлекет басшысының жаңа Жолдауына байланысты өз ойларын ортаға салып, пікірлерімен бөлісті. Атап айтқанда, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев, Қазақстан коммунистік халық партиясының хатшысы, Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков, Президенттің бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылуын бақылау жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы, Парламент Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым, Қазақстан азаматтық альянсының президенті Асылбек Қожахметов, «Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы стипендиаттарының қауымдастығы» кеңесінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Бақтияр Мәкен және «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев сөз алып, Жолдауда көрсетілген бастамалар халықтың тұрмыс деңгейін жаңа деңгейге көтеретінін айтты.

Мәселен, А.Перуашев Елбасының Қазақстан халқына Жолдауын негізге ала отырып, бұқаралық тұтыну тауарлары бойынша ішкі нарықты қолдау тетіктерін әзірлеу керектігіне тоқталды. «Ақ Жол» партиясы үшін әлбетте, кәсіпкерліктің дамуына негізделген блок өте маңызды болып отыр. Салықтық амнистия туралы айта кетейін. Жолдау барысында Президент «өсім мен айыппұлдарды амнистиялау» туралы айтып өтті. Бұл өте керемет бастама. Неліктен екенін айтып берейін. Бүгінгі таңда ірі және орта бизнес­ке қатысты салықтық тексеріс салықтық есеп алу кезінде айыппұлға әкеліп соғатын қателіктің барын анықтап, соңғы бес жыл мерзімімен бірге айыппұлдың мөлшерінен төрт есе көп алашақты төлеуге міндеттеуі мүмкін. Осылайша, кәсіпкер банкротқа ұшырау жағдайына жетеді», деді «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы.

А.Перуашев осы мәселені шешу үшін «Ақ жол» партиясы Үкіметке бірнеше рет шыққанын атап өтті. 

Өз кезегінде Жамбыл Ахметбеков Елбасы Жолдауы қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, тұрмысын түзеуге бағатталған құжат екенін атап өтті. «Жолдауда халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту, барлық аза­мат­тарды өздерінің кәсібіне, маман­дығына, біліміне сай лайықты жұмыспен қамтамасыз ету басым бағыттар ретінде белгіленді. Ең төменгі жалақыны 1,5 есеге көбейтіп, 28 мыңнан 42 мың теңгеге дейін көтеру туралы тапсырма берілді. Бұл өзгеріс жалақысы төмен азаматтарға нақты қаржылай көмек түрінде әсер ететін болады. Мемлекет бес жыл ішінде ІЖӨ-нің 10 пайызын білім, ғылым және денсаулық сақтау саласына жұмсайтын болады. Бұл үлкен қаражат. Қазақстан қоғамындағы мұғалімдердің мәртебесін көтеру күн тәртібіндегі мәселе деп ойлаймын. Бұл бағытта Елбасы бірқатар міндеттер жүктеді. Ол біріншіден, «Педагогтар мәртебесі туралы» заң жобасын әзірлеу. Сол заңның аясында олардың лайықты еңбек ақыларын алуына жағдай жасау, мұғалімдерді көлденең қоғамдық жұмыстардан босату қаралады, мұғалімдерді жаппай тексеруді тоқтатылады», деді Ж.Ахметбеков.

Сондай-ақ ол тағы да бірқатар өзекті мәселелердің Жолдауда орынды көтерілген сөз ете келіп, Жолдауды Қазақстан коммунистік халық партиясы қолдайтынын және оны халық арасында насихаттауға ұйым өз деңгейінде атсалысатынын айтты.

Президенттің бес әлеуметтік баста­ма­сының жүзеге асырылуын бақылау жөніндегі қоғамдық кеңес төра­ғасы, Парламент Сенатының депута­ты Ба­қытжан Жұмағұлов отырыста Ел­ба­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жол­дау­ындағы бастамаларды әсіресе ұс­таз­дар қауымы жылы қабылдағанын жет­кізді. «Елбасының Жолдауында білім, ғылым, медицина саласына 5 жыл­дың ішінде ІЖӨ-нің 10 проценті көле­міне дейін қаражат бөлу туралы тап­сыр­масы мені ғалым ретінде ерекше қуантты. Соңғы 15-20 жылда ғалымдар осы мәселені көтеріп келе жатыр. Қазір біздің ғылымның қаржыландырылуы – 0,13 пайыз ғана. Жақында ғана Сенатта өткен Қазақстанның барлық ғалымдары жиналған үлкен дөңгелек үстелде осы мәселе қызу талқыланған еді. Осыдан 2-3 күн бұрын Білім және ғылым ми­нис­трлігінде өткен форумда да осы мәселе туралы көп айтылды. Кешегі Жолдауды Елбасының ғылым саласына басымдық бергені бізді ерекше қуантты. Ғылымға бөлінетін қаражат көбеймесе, оның экономикаға берері аз болады деп ойлаймын», деді сенатор.

Отырыста Абылай Мырзаxметов Президент Жолдауында кәсіпкерлер үшін кедергісіз орта жасау жайы атап көрсетілгенін, әсіресе, жер мәселесі бо­йынша нақты шараларды қолға алу міндеті қойылғанын қозғады. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына көптеген арыз-шағымдар түсіп жатады. Соның 15-20 проценті жер мәселесіне байланысты. Әсіресе, ауылды жерлерде қиын. Мәселен, Елбасының бес әлеуметтік бастамасы аясында шағын несиелер беріліп келеді. Ауылдағы азаматтарды бизнеске үйретуге қатысты нақты тапсырма бар. Біз оларды оқытып жатырмыз, несие беріп жатырмыз. Олар мал алғысы келеді, жер өңдегісі келеді. Ал жерге қолы жетпей жатады. Жергілікті әкімдіктер жерге қатысты ақпаратты ашық жарияламайды. Негізі, қалталы азаматтар мыңдаған жерді алып алған, не өзі өңдемейді, не өңдеймін дейтін басқа фермерлерге бермейді. Елбасы осы мәселені де қолға алу қажеттігін айтты», деді А.Мырзаxметов. 

Іс-шара соңында Жолдауға қолдау білдірген, еліміздің барша азаматтарын жылдың басты құжатын талқылау, түсіндіру және іске асыру жұмыстарына белсенді қатысуға шақырған Үндеу қабылданды.

Айта кетейік, Демократиялық күш­тер­дің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясы «Нұр Отан» партиясының бас­тамасымен құрылған. Ол 5 саяси партияның және 24 ірі қоғамдық бір­лестіктің басын біріктіріп, 6,5 млн қа­зақ­стандықтың мүддесін қорғайды. Сондай-ақ Коалиция елімізде болған кез келген саяси оқиға мен стратегиялық маңызы бар бастамаларға қатысты бірден өз пікірін білдіріп, әртүрлі ұсыныстарын жолдап отырады.

Жолдыбай БАЗАР,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Әлем қартая бастады

Әлем • Бүгін, 15:36

Енді ет бағытындағы құс өсіреді

Аймақтар • Бүгін, 15:32

Бокс: Ерәлиев ұтылып қалды

Спорт • Бүгін, 15:21

Апта фотосы (14.04 – 21.04)

Әлем • Бүгін, 12:31

Ұқсас жаңалықтар