![Ел дамуына салынған даңғыл - Қуанышқали Шапшаңов](/article_photo/1538970429_article_b.png)
Табыс пен тұрмыс сапасына кең көңіл бөлінді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстандағы халық саны 14 миллионнан аспайтын. Бүгінде біз 18 миллионнан асып, өмір сүру ұзақтығы 72,5 жасқа дейін артып отыр.
Осындай жетістіктерді еске салған Елбасы дамуымыз бен халықтың әл-ауқатын одан әрі арттыру мәселесінде күн тәртібінен түспейтінін жан-жақты және өте маңызды жайттарды атай отырып қамтыды.
Әсіресе білім берудің түйткілдері, мұғалім мәртебесі жайлы айтылған Президент сөзі өте құптарлық. Мұғалімдердің артық жұмыстарға жегіліп, ретсіз тексерулерге ұшырап жүретіні шын. Олардың басты мақсаты ел болашағы – білімді жас өскінді өсіріп шығару. Мұғалім осы ісін алаңсыз атқаруы тиіс. Міне, Президент аталған түйткілге жете мән берді.
Сонымен бірге Елбасы өз жерімізден барлық шикізат көзінің табылатынына қарамастан шетелдің тауарына тәуелділікті доғару туралы айтты. Экономикалық негізі қалыптасқан елімізде киім-кешек пен тұтыну заттарын айтпағанда бала ойыншығының өзі өндірілмесе, онда бұл шын мәнінде ойланарлық мәселе.
Осылармен қатар Президент тұрғындардың баспанамен қамтылу жайы, «7 – 20 – 25» бағдарламасының орындалу барысына тағы бір тоқталды. Бағдарламаның қалай жүзеге асып жатқаны жөнінде халық сенген басшылардың тәжірибесін мысал етті.
Бұл Жолдаудың ерекшелігі, Президент өзі көтеріп отырған күрделі мәселелерге қатысты сала министрлерінен тілекей жауап ала отырып, Үкіметке бірқатар міндеттер жүктеді.
Ендігі мәселе Үкімет пен жергілікті биліктің ел дамуы жолындағы еселі еңбегі болмақ.
Қуанышқали ШАПШАҢОВ, еңбек ардагері
Қызылорда облысы