Әлем • 10 Қазан, 2018

Бүгін Әлемдік және дәс­түрлі діндер көшбасшыларының VI съезі басталады

532 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бүгін Астанада Әлемдік және дәс­түрлі діндер көшбасшыларының VI съезі басталады. Еліміздегі айту­лы шараға қатысатын әлемдік дең­гейдегі көшбасшылардың есімдері қазірдің өзінде белгілі және олардың алды елордамызға келе бастады. Жалпы, Қазақстан Президенті Н.На­зарбаев идеясы бойынша бас­тау алған әлемдік жиын бұған дейін әрқашан жаһандық оқиғалардың шиеленісіп жатқан уақытында өткі­зілгені белгілі. Бүгінгі күні де әлем­дік ахуал күрделеніп тұр. Жуырда еліміздің өкілдері БҰҰ Қауіпсіздік Ке­ңесінің отырысына қатысқан уақыт­та әлемдегі қауіпсіздік пен тұ­рақ­тылықты қамтамасыз ету жолын­да діни лидерлер мен әлемдік сая­сат­кер­лер­дің күш-жігерін біріктіру мәселесінің де өзекті екендігін мәлімдеді. Сонымен кеше Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі Хатшылығының ХVII отырысы өтті.

Бүгін Әлемдік және дәс­түрлі діндер көшбасшыларының VI съезі басталады

Жиынды Хатшылық басшысы, Қа­зақ­стан Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ашып, шартараптан келген қонақтарға VI съездің жұмысын дайындауға белсенді қатысқандары үшін, сондай-ақ Қазақстандағы дінаралық форумның идеялары мен бастамаларын өз елдерінде ілгерілете отырып, ұдайы қолдау көрсетіп отыратындығы үшін алғыс білдірді.

Қ.Тоқаев дін адамзат тарихының қай кезеңінде де саясат пен халықаралық қатынастардың ажырамас бөлігі болып қала беретінін атап өтті.
– Бүгінде XXI ғасырда орын алып отырған кең ауқымды материалдық, ғы­лыми-техникалық, зияткерлік мүмкін­діктерге қарамастан, рухани даму мәселесі саяси, экономикалық, әлеуметтік және мә­дени өмірдің барлық саласында маңызды орынға ие болып отыр. Соң­ғы уақытта әлемдегі геосаяси және гео­экономикалық жағдай түбегейлі өзгерістерге ұшырады. Бұл өзгерістердің нәтижесінде әлеуметтік теңсіздік, этносаралық және дінаралық төзбеушілік сияқты өткір мәселелер ушыға түсті. Түрлі діни сенімдерді бір-біріне қарсы қоюдың және «Құдай жолындағы ізденісті» қалқан етіп, теріс әрекеттер жасаудың салдарынан шиеленістер мен ашық қақтығыстардың жаңа ошақтары пайда болуда, – деп атап өтті Қ.Тоқаев. Оның пікірінше, жалған ұрандарды желеу еткен жасанды діни құндылықтар террорды насихаттаушылардың қырып-жою қаруына айналды. Мәдени және діни ерекшеліктерді бұрмалап, әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындардың шала сауаттылығын өз мүдделеріне сай пайдаланатын жікшіл топтар өз жақтаушыларын көзсіз табынуға мәжбүрлеп отыр. 

Қ.Тоқаев сонымен қатар ауди­то­рияның назарын аударатын жаңалық іздеген бұқаралық ақпарат құралдары қоғамдағы өзге дін өкілдеріне төзбеушілік пен жеккөрушілікті кеңінен таратуға айтарлықтай ықпал етті, деп атап өтті. 
Хатшылық басшысының пікірінше, қырып-жоюды емес, жасампаздықты алға тартатын рухани көшбасшылардың рөлі аса маңызды, олар діннің шынайы бет-бейнесін айқындап көрсете алады. Кез келген азаматтық қоғамның то­леранттылығы мен беріктігін діни се­німнің түпкі мәнін аша түсетін рухани жә­не адами ағарту ісі ғана нығайтады.

– Қазіргі заманғы әлемнің даму қарқы­ны жер бетінде бейбітшілік пен келісімді сақтау үшін дін жетекшілерінің бірлескен күш-жігерін жаңа деңгейге көтеруді қажет етіп отырғанын мойындауға тиіспіз. Осындай күрделі жағдайларда әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының және оны жақтаушылардың диалогы мен келісімін одан әрі ілгерілету жер бетіндегі ұзақмерзімді тұрақтылықтың маңызды бөлігі болып табылады. Бұл орайда тең құқылы диалог алаңы болып табылатын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өзінің маңыздылығы мен құндылығын көрсетіп отыр, – деді Қ.Тоқаев. 

Тоқаев өз баяндамасында бүгінге дейін Астанада бес съезд өткенін, уақыт өткен сайын съезге қатысушылар мен мәртебелі қонақтардың ауқымы ұлғая түскенін атап көрсетті. Оның айтуынша, жаһандық үнқатысу аясында шоғырланып отырған адамдар мен елдер санының күн санап көбеюі – осының айқын дәлелі. Этносаралық және қоғамдық келісімнің бірегей үлгісін көрсетіп отырған ел ре­тінде Қазақстанның халықаралық шие­леністерді шешуге, толеранттылық пен өзара түсіністік қағидаттарын нығай­тудың жолдарын бірлесіп іздеуге алаң ұсы­нуы заңды құбылыс. Тәуелсіздік жыл­дарында Қазақстанда бірқатар ірі реформалар жүргізілді, олар еліміздің жоғары экономикалық өсімге, әлеуметтік тұрақтылыққа және демократиялық да­муға қол жеткізуіне ықпал етті. 

Елбасының көреген және парасатты сая­сатының арқасында еліміз әлемнің қар­қынды дамыған 50 елінің қатарына кіру мақсаты жолында көптеген табысқа жетті.

– Бүгінде Қазақстан эволюциялық дамудың жаңа толқыны – идеологиялық өзгерістерді бастан өткеруде. Мемлекет басшысының бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасында негізі қа­лан­ған қоғамдық сананы жаңғырту идеясы озық елдердің қатарына кіру жөніндегі міндетті іске асырудың келесі сатысы болып табылады. 

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Өзімдікі ғана таңсық, өзгенікі – қаңсық» деп кері тартпай, ашық болу, басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу қажет» деген ғибратты сөздері рухани жаңғырудың басты арқауы болып та­бы­лады. Озық тәжірибелерді зерделеу және қолдану ұлттың бәсекеге қабі­леттілігінің негізгі шарты болып отыр­ған жаһандану дәуірінде Қазақстан Пре­зи­дентінің жалпы қоғаммен қатар жеке адамға қарата айтқан Жолдауы оның әлемдік трендтерді дәл бағалай білетін сая­си көрегендігін және нағыз көшбасшыға тән қасиеттерін көрсетеді, – дей келе Қ.Тоқаев, – Бұл үндеу уақыт талаптарына сай келеді әрі Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің идеяларымен және мақсаттарымен үйлесім табады, – деп сөзін түйіндеді.

Бұдан соң сөз берілген «Сомайя Бхаратия Санскрити Питам» Үнді мәдениеті оқытушыларын даярлау институтының (Үндістан) директоры Кала Дхананджей Ачария өзінің сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев мырзаның идеяларын ілгерілетуге бар күш-жігерімізді аямаймыз деді. Ал Қасиетті тақтың Дін­­аралық үнқатысу жөніндегі Папа кеңе­сінің Ислам жөніндегі бюросының бас­шысы, монсеньор (Ватикан қаласы) Ха­лед Акаше қабылдаушы тарап

– Қазақ­стан­ға жүрекжарды ықылас пейілін білдірді:

– Жекелеген ұстанымдарымызға қарамастан біздің тұтастығымыз бен бірлі­гімізді қамтитын мүдделерді, көзқарас­тарды бір-бірімізбен бөлісуге тиіспіз. Біз қауіпсіздік мәселесінде болсын, азаматтық ұстанымдарымызды болсын, киім мәселесінде болсын ортақ көзқарас қалыптаспаған онжыл­дық­тарды артқа тастап келеміз. Ал әлем қа­уіпсіздікке мұқтаж болып тұр. Демек біз қан­дай да бір қауіпсіздік саласына араласа алатын, шешім қабылдай білетін құры­лымға айналуға тиіспіз. Әр елдің қауіп­сіздік саласына үлес қосуға болатын ре­сурсы болғанымен Қазақстанның үлгісі бар­лығынан озық тұр, – деді Халед Акаше.

Иран Ислам Республикасы Мәдени және исламдық байланыстар ұйымының діни келісім орталығының төрағасы, доктор Мохаммад Мехди Тасхири Иран басшылығы атынан алғысын білдірді. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің әлемдегі мемлекеттер, мәдениеттер мен өркениеттердің бірігуіне қосқан үлесін жоғары бағалады. 

Жиын барысында сөз алған Хатшылық мүшелерінің барлығының сөзі бір арнада тоғысты, бір жылғамен құйылды. Ол – әлемдегі бейбітшілікті қалыптастыруда адамзаттың рөлін арттыру, Қазақстан Президентінің ұсыныстары мен баста­ма­ларының аясында дін жолындағы ымыраластықты сақтау. Мысалы, Ресей­дің Дінаралық кеңесінің Атқа­рушы хат­шысы, Мәскеу патриархаты дін­ара­лық қатынастар жөніндегі сыртқы шір­кеу­лік қатынастар бөлімінің басшысы, мәр­тебелі дін қызметшісі Дмитрий Сафо­нов Қазақстан алаңы өте маңызды екен­дігін айта келе, съездің органдарын мұ­қият қадағалап отыратындарын айтты, диа­логтың тереңдігі, дінаралық диалогқа жа­салған жағдайлар тұрғысынан, ауқым­ды және маңызды форум жоқ деп атап өтті. 

Міне, осындай сөздер ислам, христиан, иудаизм, буддизм, даосизм және бірқатар халықаралық ұйымдардың өкілдері тарапынан айтылды. Ең бастысы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің өткен жылдардағы жетістіктері жіпке тізгендей баяндалды. 

Хатшылық мүшелері өздерінің жүрекжарды пікірлерін айта келе, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары VI съезінің секциялық отырыстарының модера­торлары мен баяндамашыларын бе­кітіп алды. Сонымен қатар қатысушы­лар Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­бас­шылары VI съе­зіне қатысушылардың қоры­тынды құ­жа­­­тының (Декларация) жобасын мақұл­дады.

Сондай-ақ қатысушылар съезд Хат­шылығының ХVIII отырысы өткізілетін күн мен орынды бекітіп, ұйымдастыру жұмыстарын пысықтады. 

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»