Бизнес • 10 Қазан, 2018

Ауылда өсіп, бизнесімізді өркендеттік - Ерболат Құрманғалиев

669 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Менің ауыл шаруашылығымен айналысып, осы салада еңбек еткеніме 15 жыл уақыт өтіпті. Алғашында қарапайым техника, қолда бар түлікпен басталған бұл істе сол кезде армандай да алмаған жетістікке қол жеткіздік. Бүгінде малдың үш түлігі бойынша тұқымды мал өсірумен шұғылданып келеміз.

Ауылда өсіп, бизнесімізді өркендеттік - Ерболат Құрманғалиев

Дәл қазір шаруашылығымда 1000 бас асыл тұқымды ірі қара, 1100 бас асыл тұқымды көшім жылқысы, 2000 бас етті-жүнді «Ақжайық» тұқымды қойы бар. Елбасы Жолдауы қашан да дамудың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады. Оның айқын дәлелі – Ұлт Көшбасшысының ауыл шаруашылығы өнімдерін дамытуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу саласын одан әрі дамытуға ерекше көңіл бөлуі. Одан кейін экспортқа шығарылатын тауарлардың түрін көбейту, еліміздегі тауар өндірушілерді, олардың өнімдерін қолдау мәселелері туралы да айтылды. Бұл экономиканы жан-жақты дамытуға септесіп, біз секілді ауыл кәсіпкерлерінің мүмкіндігін ұлғайта түсері сөзсіз.

Мемлекет басшысының экспортқа бағытталған бәсекеге қабылетті, сапалы өнім сату туралы тапсырмасына сай жақын арада Ресей Федерациясындағы Татарстан Республикасына асыл тұқымды Көшім жылқыларын сатуға шығармақпыз. Осының бәрі мемлекет тарапынан беріліп келе жатқан демеуқаржы көмегі екенін де айта кеткім келеді.

Біз «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ақжайықта облыста алғаш рет «электронды бақташы» жүйесін, жайылымда малдың қайда жүргенін, өрістердің жағдайын, шабындықтың сапасын бақылап, мониторинг жасап отыруға дронды қолдандық. Біздің жоспарымыз мұнымен шектелмейді. Мемлекет басшысының жаңа Жолдауында ауыл шаруашылығы саласына жасалған мүмкіндіктері арқылы бұдан да жоғары көрсеткіштерге жететендігімізге сенімдіміз.

«Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Ауыл – ел бесігі» жобасын ұсынған Елбасы ауылсыз келешек жоқ, өмір жоқ екендігін санамызға құйып берді. Ауылды қадірлеу, ауылды көркейту, ауылға тағзым ету – болашаққа алаңдау, келешекке қамқорлық жасау. Бұл жобаның мазмұны Елбасының былтыр жариялаған «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласымен астасып жатыр. Ауылда өсіп, бизнесімізді өркендеткен біз де ортақ істен тыс қала алмадық. Бас көтерген азаматтар жиналып, алтын бесігіміз – Алғабас ауылына заманауи спорт алаңын салып бердік. Ауылымызға деген қамқорлық мұнымен тоқталмайды, әрине.

Міне, Елбасының ауылды ел бесігіне теңеп отырғаны бекер емес. Еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімі экспортын көбейту, мемлекеттік қолдаудың барлық шаралары елімізге заманауи озық технологияларды ауқымды түрде тартуға бағытталып, саланы басқарудың үздік тәжірибесін пайдалану, ауыл кәсіпкерлеріне шаруашылық жүргізудің жаңа дағдыларын үйрету үшін жаппай оқыту жүйесін қалыптастыру секілді биылғы Жолдауда жаңалықтар өте көп болды. Елбасының үкіметке үш жыл ішінде осы мақсаттарға жыл сайын қосымша 100 млрд теңге қарастыруды тапсыруы бізді де қуантады. Енді сол алға қойған міндеттерді мемлекеттік органдармен бірге жүзеге асыруымыз керек. Ең бастысы қолдау бар, тек нәтижелі жұмыс жасауымыз керек.

Ерболат ҚҰРМАНҒАЛИЕВ,

«Сәбит» шаруа қожалығының жетекшісі,

Ақжайық ауданы,

Батыс Қазақстан облысы