Қазақстан • 10 Қазан, 2018

Дінаралық диалогты нығайтуға үлес қосқан көшбасшылар марапатталды

196 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезіне әлемнің әр бұрышынан келген өкілдерге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұйрығымен марапат табысталды. 

Дінаралық диалогты нығайтуға үлес қосқан көшбасшылар марапатталды

Марапатты Парламент Сенатының төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының жетекшісі Қасым-Жомарт Тоқаев табыс етті.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ораз Серікбай Сатыбалдыұлына «Құрмет ордені» табысталды. ІІ дәрежелі «Достық» орденімен Дінаралық диалог жөніндегі Папа кеңесінің Ислам мәселелері бойынша жетекшісі Халид Акаше марапатталды. Сондай-ақ, съезге жиналған дін өкілдері Идеология және Дінаралық зерттеу институтының төрағасы Самир Шантилал Сомайя, Армян Апостол Шіркеуінің Украиндық Епархиясының жетекшісі, епископ Маркос Оганесян, Кавказ мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Шейх-ул-ислам Аллаһшүкір Паша-заде, Ресей Дінаралық кеңесінің атқарушы хатшысы, Мәскеу Патриархатының Дінаралық қатынастар бойынша сыртқы шіркеу байланыстары бөлімінің хатшысы, дін қызметшісі Димитрий Сафонов, Евангелиелік-лютерандықшіркеудің Қазақстан Республикасындағы жетекшісі, Дүниежүзілік лютеран федерацияның өкілі, епископ Юрий Новгородов «Шапағат» медалімен марапатталды.

Дінаралық диалогты нығайтуға қосқан аса көрнекті үлесі үшін әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің «Құрмет» медалімен марапатталғандар:

Ресей Федерациясының Мұсылмандардың рухани басқармасының төрағасы, Муфтий шейх Равиль Гайнутдин, Мәскеу Орыс Православ шіркеуі Сыртқы шіркеулік байланыстар бөлімінің төрағасы митрополит Иларион Волоколамский, Ислам мазхабтары Дүниежүзілік ассамблеясының Бас хатшысы Аятолла Мохсен Араки, Ричард Аткинсон – Лестер қаласының архидъяконы, Англикан шіркеуінің өкілі, Ван Ли – Қытай буддистері қауымдастығы Халықаралық бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Орталық Азиядағы «Чогечон» Корей буддистік ұйымы Зерттеу институтының өкілі Янг Ки Хун, Исламабад Халықаралық ислам университеті Исламды зерттеу институтының бас директоры Мухаммад Зия Уль-Хак.

Ақмарал АҒЗАМҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»