Қазақстан • 10 Қазан, 2018

Иудей заңы бойынша әрбір дене жарақатының өзіндік құны бар - Ицхак Иосеф

549 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезінде Израильдің Сефардтық Бас раввині Ицхак Иосеф діни қағтығыстар хақында мәлімдеме жасады.

Иудей заңы бойынша әрбір дене жарақатының өзіндік құны бар - Ицхак Иосеф

Бас раввин мәлімдемесін «Мен бұл жерге ең қасиетті қала Иерусалимнен келіп тұрмын. Біздің дін нені оқытады? Иудей дінінің негіздерінің бірі - шалом, яғни бейбітшілік. Бейбітшілік адамзат өмірінің бір негізі, бейбітшілік - Құдайдың есімдерінің бірі», деп бастады.

Оның айтуынша, отбасының бұзылуына тараптардың бір-біріне құлақ аспауы себебінен туындайды.

«Әртүрлі жағдайлар болып жатады. Заңнамамызға сәйкес, барлық тараптарды тыңдай білуіміз керек. Оның орнына біз тараптарды татуластыруға мәжбүрлейміз. Солайша, отбасының бұзылуына жол бермеуге тырысамыз. Тәжірибеме сүйене отырып сөйлер болсам, ұрыстың бәрі - тараптардың бірін-бірі тыңдағысы келмеуі себебінен туындайды. Ал тараптар бір-бірінің сөзін тыңдауға бар-жоғы бір сәт бөлсе ғана бәрі өзгеріп шыға келеді», - дейді Ицхак Иосеф.

Израильден келген И. Иосеф құлаққа аса мән беру керек екеніне тоқталды.

«Иудей заңы бойынша әрбір дене жарақатының өзіндік құны бар. Яғни, бет немесе өзге де мүше жараланса, оның белгілі бір бағасы белгіленген. Бірақ, бізде құлаққа түсірген жарақат үшін кінәлі адам ең жоғарғы құнды төлейді. Оның құны - кісіні өлтіргенмен бірдей. Яғни, адам естімейтіндей жағдайда қалса - онда ол өлі адаммен бірдей болып қалады».

Қорытындылай келе, ол осындай ашық-диалогтық алаңдардың болғанына және дәл осы дін көшбасшыларының съезінің рөлі маңызды екенін айтты.

«Қақтығыс барысында әртүрлі адамның ой-пікірлері де әртүрлі. Міне, сондықтан, Нұрсұлтан Назарбаев бәрімізді бір үстелдің басына жинап, бірегей мүмкіндік беріп отыр. Ендігі жауапкершілік бізде. Конструктивті диалогты жасай отырып, өзгеге үлгі бола білуіміз керек», - деп түйді раввин.

Ақмарал АҒЗАМҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»