31 Желтоқсан, 2011

Насихат жұмыстары жалғасуда

391 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сайлау-2012

Жаңа жыл қарсаңында астаналық нұротандықтар тағы да сайлаушы­лар­мен кездесті. Жалпы, бұл күндері «Нұр Отан» партиясының насихат жұмысы «Есіктен – есікке» ұранмен жүріп жатыр. Сайлауалды науқанға арнайы жаттығу сабақтарынан өткен 64 ерікті жұмылдырылған. Бұл жұ­мыс күнделікті жедел үгіт топта­рын­да, үгіт бекеттерінде жүзеге асыры­лу­да. Ең бастысы, ол түрлі ортада, түр­лі топтарда, сонымен қатар, нақ­ты өңірлер мен аудандарда жеке-жеке атаулы ретте қолға алынуда.

Партия тұғырнамасын жан-жақты түсіндіру бойынша еліміз көлемінде үш мыңға жуық жедел үгіт топтары жүр. Олар қазірдің өзінде көптеген отбасыларына барып үлгерді. Соны­мен қатар, барлық ірі сауда орта­лық­тарында, базарларда, қалалар мен ауылдарда партияның үгіт бекеттері жұ­мыс істеуде. Олардың саны – рес­пуб­ликамыз бойынша екі жарым мың. Нұротандықтар үгіт материал­да­­рын та­ратып, сайлаушылармен әңгімелеседі.

Осы күндері үгіт бекеттері ар­қы­лы 2 миллионнан астам адам өтті. Сондықтан партия өз мүмкіндігін кеңінен жүзеге асырып, қазақстан­дық­тардың жан-жақты қолдауын сезініп, жеңіске деген сенімін арттыра түсті.

«Нұр Отан» халықтық-демо­кра­тиялық партиясының тізімі бой­ынша Парламент Мәжілісінің депу­тат­ты­ғынан үміткерлердің бірі – Орал Мұхамеджанов та сайлау­шы­лармен кездесіп, үгіт-насихат жұ­мыс­тарын жүргізуде. Жақында кандидат Қос­та­най облысының Науыр­зым, Амангелді, Жангелді сияқты шалғай аудан­дарында сайлаушы­лармен кездесті.

Халықпен болған бұл жүзде­су­лер­де партияның «Қазақстан. 2017 жыл мақсаттары. Ұлттық іс-қимыл жоспары» атты тұғырнамасымен та­ныс­тырды. «Бұл құжат Мемлекет бас­шысының ел дамуының страте­гия­сын жүзеге асыруға бағытталып отыр», – дейді Орал Мұхамеджанов.

Аймақтардың тұрғындары Қазақ­стан Тәуелсіздігінің 20 жылдығында жеткен жетістіктердегі Елбасының ерен еңбегін атап, өздерінің партия­ны қолдайтындықтарын білдірді.

Желтоқсан айының көлемінде Мәжіліс депутаттығына кандидат Орал Мұхамеджанов жоғарыда аталған үш ауданда жиырмаға тарта кездесу өткізді.

Дастан КЕНЖАЛИН.