31 Желтоқсан, 2011

Кездесулер көрігін қыздыруда

391 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Жалпыұлттық социал-де­мо­кратиялық партияның тең төраға­сы Жармахан Тұяқбай және партия­ның бір топ басқа белсенділері Ал­ма­тының Түрксіб ауданындағы Бақай шағын ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді.

Кездесу барысында партия белсенділері өздерінің сайлауалды тұ­ғыр­намасымен таныстырып, елді одан әрі демократияландыра түсу ре­формаларын енгізу бойынша бірқа­тар ойларын ортаға салды. Соның ішінде кейбір мемлекеттік орган­дар­дың сылбыр жұмыстарына қатты сын­дар айтылды.

Кездесу кезінде Жаңаөзен оқиға­ла­ры бойынша да ЖСДП ұстаным­дары жария етілді. Партия белсенділері ондағы жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырғандар мен өртеу, қира­ту, бүлдіру істеріне белсене қатыс­қан­дарды прокуратура органдары тау­ып, заңға сәйкес тиісті жазасын берулері керектігін айтты. Сонымен бірге, кейбір, от қаруын орынсыз қол­данған полиция қызметкерлері де жазасын тартулары керек деген ұсы­ныстары бары жеткізілді. Жаңа­өзен­нің әлеуметтік мәселелері де тезірек шешіліп, жұмыстан заңсыз шыға­рылғандардың қалпына келтірілуі қажеттігі де сөз болды.

Жиналған тұрғындар тарапынан көптеген сұрақтар қойылды. Соның ішінде осы шағын аудан тұрғын­дары­ның әлеуметтік мәселелерін шешу жеткілікті дәрежеде орындалмай жатқандығы сөз болды. Әсіресе, қо­ғамдық көлік, жол, сумен қамтитын қызметтер саласына бірталай сындар бар екені белгілі болды.

Үстіміздегі жылы Алматы қала­лық мәслихатының шешімімен ша­ғын ауданның «Бақай» атауы өзгеріп, ол «Жас қанат» деген жаңа ат алған болатын. Содан бері мемлекеттік жер актілері қолдарында бар азамат­тар­дың бірқатары қалалық тіркеуден өтіп, қаладағы барлық әлеуметтік қызметтердің пайдасын көріп отыр. Ондай отбасылардың саны 400-ге жуық. Ал жерді стихиялы түрде басып алып, тұрғын үйлерді орынды-орынсыз салып алғандар әлі күнге құжаттарын толық алып үлгерген жоқ. Осындай тұрғындардың ЖСДП белсенділеріне айтқан өтініштері де, түрлі қызметтерге айтқан сындары да көп болды.

Жалпы, кездесу екі тараптың да қызығушылығын тудырған өткір пікірсайыс түрінде өтті.

Жақсыбай САМРАТ.

Соңғы жаңалықтар