31 Желтоқсан, 2011

Көшпелі конференциялар өткізді

330 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарымен айналысып жүрген «Әділет» партиясы бұқара халыққа неғұрлым жақын келудің жолдарын іздестіріп отырғаны байқалады. Орал қаласындағы өндіруші және өңдеуші кәсіпорындарда әрі азық-түлік сата­тын нысандарда көшпелі конференциялар ұйымдастыруға ұйытқы болғандары осы пікіріміздің дәлелі.

Аталған іс-шаралардың мазмұнын байыту үшін Ақжайыққа «Әділет» партиясы төрағасының орынбасарлары Уәлихан Қайсаров пен Мәди Арты­ғалиев келді. Оларға жол көрсетіп жүргендердің қатарында партияның облыстық филиалының жетекшісі Мұ­хит Бисенғалиев пен оның орын­басары Нұрлан Тәшімов бар.

Көшпелі конференция облыстағы бірқатар нысандар мен ұжымдарды қамтыды. Әсіресе, Орал газ-тур­би­налы электр стансасында инженер-техник қызметкерлермен болған басқосу қызу өткізілді. Бұдан кейін әділет­тік­тер Орал қаласындағы «Ел ырысы» коммуналдық базарына атбасын бұр­ды. Осы жерде олар өздерінің үгіт-наси­хат парақшаларын таратып, базар­дағы бағаның жай-күйімен танысты.

– Республикамызда азық-түлік ба­ға­ларын реттеу мен коммуналдық қызмет саласында шешілмеген түйін­дер жеткілікті. Бұл орайда нақты істерден гөрі, ешқандай пайда бермейтін қызыл сөздердің көбейіп бара жатқаны бізді алаңдатады. Тарифтерді өсірмей, коммуналдық қызмет өрісін жаңа са­тыға көтеріп, азық-түлік бағаларын жыл­дың төрт мезгілінде тұрақты қа­лыпта ұстамайынша, әлеуметтің көңілі жайлана қоймайды. Әрине, ғаламдық құбылыстар­дың ішкі нарыққа әсер ететінін жоққа шығаруға болмайды. Соған қарамастан, үкімет оның салқыны мен зардабы халыққа ба­рынша аз әсер етуін қадағалауы тиіс, – деп өз ой-пікірін білдірді конференцияда «Әділет» партиясы Батыс Қа­зақстан облыстық сайлау штабы­ның жетекшісі Бауыржан Қазиев.

Бұл күндері «Әділет» партиясы Парламент Мәжілісі депутаттығынан үміткерлер тізіміне енгізілген адамдардан үкілеумен бірге, мәслихат­тар­ға да біршама кандидаттарын ұсын­ғанын айта кеткен жөн.

Темір ҚҰСАЙЫН.

Батыс Қазақстан облысы.