Футбол • 16 Қазан, 2018

Қарсыластар арасында осалы жоқ

40 реткөрсетілді

Футзалдан Чемпиондар лигасының Элиталық тобында ойнайтын командалар толықтай анықталып, жеребе тарту рәсімі өткеннен соң Алматының «Қайрат» клубының бас бапкері Какамен аз-кем тілдесудің сәті түсті.

Осының алдындағы іріктеу турнирінен «Қайрат» бір деммен, еш мүдірмей өткені белгілі. Португалияның «Спортинг», Беларусьтің «Лида» және Косовоның «Феникс» клубтарына қарсы өткізген бәсекелердің барлығында басымдық таныттық. Әрине, бұл қуантарлық жағдай. Бірақ бізге босаңсуға мүлде болмайды. Өйткені, қарт құрлықтың басты доп додасының финалдық сайысының жалғыз жолдамасы үшін таласатын D тобындағы командалар арасында осалы жоқ. Барлығының мүмкінідігі бірдей. Қай қайсысы да қауіпті қарсылас. Сондықтан да бұл сынаққа да сақадай сай әзірлікпен аттанып, жарыс жолында жанымызды салып айқасқан жағдайда ғана көздеген мақсатымызға қол жеткізе аламыз, – дейді Кака.

Естеріңізге сала кетейік, айтулы жарыстың D тобында өнер көрсететін «Қайраттың» қарсыластары – Чехияның «Хрудим», Беларусьтің «Лидсельмаш» және Италияның «Пескара» клубтары. Бұл бәсекелер 13-18 қараша аралығында Чехияда өтеді. Ал өзге топтарда мында командалар өзара шеберлік байқасады: A тобы: «Интер» (Испания), «Добовец»  (Словения), «Халле-Гооик» (Бельгия) және «Витис» (Литва). B тобы: «Югра» (Ресей), «Барселона» (Испания), «Экономац» (Сербия) және «Рекорд» (Польша). C тобы: «Бенфика» (Португалия), «Спортинг» (Португалия), «Сибиряк» (Ресей) және «Ново Вриеме» (Хорватия).

Әр топтың жеңімпаздары ғана Чемпиондар лигасының финалдық сайысында күш сынасу құрметіне ие болады. Ал шешуші бәсекелер келесі жылдың 25-27 немесе 26-28 сәуір күндері өтеді деп жоспарлануда.  

 Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар