Футбол • 17 Қазан, 2018

Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасында алғашқы жеңісіне қол жеткізді

350 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы УЕФА-ның жаңа Ұлттар лигасы турнирінде және бас жаттықтырушы Станимир Стоилов қол астында алғаш рет ресми ойында жеңіске жетті. Елордадағы «Астана Арена» стадионында өткен кездесуде отандастарымыз Пиреней түбегінен келген Андорра құрамасының қақпасына жауапсыз төрт гол соқты.

Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасында алғашқы жеңісіне қол жеткізді

Андорраға қарсы кездесу алдында бас бапкер Станимир Стоилов журналистерге арналған баспасөз мәслихатына қатысып, ойын алдындағы біраз жоспарымен бөлісті. Жиын барысында Стоилов Латвияға қарсы өткен матчта алаңдағы іс-қимылы көңілінен шықпаған бірнеше футболшының бар екенін алға тартып, Астанадағы ойынға жас ойыншыларды шығарып, оларды да сынақтан өткізіп алатынын айтқан еді. Матчқа бірнеше сағат қалғанда Қазақстан құрамасының ойыншылар тізімі шығысымен құрамда бірқатар өзгеріс бар екенін байқадық.

Латвияға қарсы кездесуде қосалқы құрамда болған Ғафуржан Сүйімбаев, Юрий Логвиненко, Серікжан Мұжықов, Еркебұлан Сейдахмет және Бауыржан Тұрысбек бұл жолы бірінші минуттан бастап негізгі құрамда алаңға шықты. Қалған футболшылар негізгі құрамдағы орнын сақтап қалды. Дмитрий Шомко қосалқы құрамнан орын алған соң, Қазақстан құрамасын капитан ретін Бауыржан Исламхан бастап шықты. Енді құрама капитаны Исламхан болады деп үміттенген футбол жанкүйерлеріне Стоилов матчтан кейін «құрамада капитан біреу, ол –  Дмитрий Шомко. Вице-капитан – Бауыржан Исламхан», деп мәлімдеді.

Екі команда арасындағы кездесудің алғашқы минуттарында құрамалар бір-бірін алыстан байқасып, қате жіберуін күтті. Дегенмен арагідік шабуылшыларымыз алыстан соққы бағыттап, Андорра қақпашысының шеберлігін байқап көруге тырысты. Ойынның 21-минутына келгенде отандастарымыздың алғашқы қауіпті шабуылы бірден голға айналды. Бауыржан Исламханның қапталдан көтерген пасына Ресейдің «Уфа» командасында доп тебетін Еркебұлан Сейдахмет бірінші жетіп, Қазақстан құрамасын есепте ала шығарды.

Бұл 18 жастағы Еркебұланның ұлттық құрама сапындағы тұңғыш ресми голы болды. Бұған дейін наурыз айында Венгрия қақпасына гол соққанымен, ол матч жолдастық кездесу болатын. Бірінші таймның аяқталуына 6 минут қалған Еркебұлан Сейдахмет шабуылшы Бауыржан Тұрысбекке нәтижелі пас асырып, Тұрысбек ұрымтал тұсты сәтті пайдаланып есепті 2:0-ге жеткізді. Бірінші тайм дәл осы есеппен аяқталды.

Кездесудің екінші бөлігін Қазақстан құрамасы шабуылмен бастап, қарсыластарды өздерінің жарты алаңынан шығармай, біраз тықсырып бақты. Шабуылды сәт сайын үдете түскен отандастарымыз матчтың 61-минутында дегендеріне жетті. Бауыржан Исламханның оң қапталдан асырған пасын қайтарамын деп ұмтылған Андорра қақпашысы Жозе Гомес байқаусызда өз қақпасына гол соғып алды.

Осы голдан соң Андорра құрамасының футболшылары ашуға бой алдырып, ойын тәртібін жиі бұзып, кездесудің берекесін қашыра бастады. Украиналық төреші Пиреней түбегінен келген футболшылардың сабырға шақырғанымен, андорралықтар эмоцияларын сақтай алмай, ақыр соңында қызыл қағаз алып тынды. Матчтың 65-минутында Жорди Алаэс ойындағы екінші сары қағазын алып, матчтан  қуылды. Осы жағдай үшін алаң жиегінде тұрған екі құраманың бапкерлер құрамы да біраз сөзге келіп қалды.

Сан басымдығына ие болған Қазақстан құрамасының шабуылы одан сайын үдей түті. Ойынның 70-минутында алаңға шыққан Роман Муртазаев 74-минутта матчтағы төртінші голды соқты. Кездесу аяқталғанға дейін отандастарымызда 1-2 гол соғатын тамаша мүмкіндіктер болған, алайда шабуылдың нүктесін қоятын футболшы табылмады.

Осылайша, Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасындағы алғашқы әрі ірі жеңісіне қол жеткізді. Бір өкініштісі, біздің топтағы екінші ойында Грузия сырт алаңда Латвия құрамасын 3:0 есебімен жеңіп, ресми түрде топтағы бірінші орнын бекітіп қойды. Енді отандастарымыз екінші орын үшін күресетін болады. Қазақстан құрамасы келесі кездесуін 15 қарашада «Астана Аренада» Латвияны қабылдаса,  19 қарашада сырт алаңда Грузия құрамасымен өткізеді.

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»