Ауыл • 18 Қазан, 2018

Әлеуметтік мәселелерді жылдам шешуді көздеген өңір

403 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Әлеуметтік мәселелерді жылдам шешуді көздеген өңір

Түркістан облысының жаңадан құрылуының өзі бұл өңірдің әлеуеті мықты екенін білдіреді. Себебі еңбек күші бар әрі бірқатар салаларды дамытуға қолайлы облыс. Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының сарапшылары өңір әлеуетін осылай бағалады. Елбасы Жол­дауын жүзеге асыру бойынша өткен аймақтық сарапшылар кездесуінде аталған институттың әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Алуа Жолдыбалина «Өмір сапасының дең­гейі: негізгі өлшемдері мен индикаторлары» тақы­рыбында баяндама жасады.

 Түркістан облысы ішкі саясат басқармасымен бірлесіп өткізген жиын Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың мәдениет сарайында өтті. Баянда­масында Елбасы Жолдауындағы басты міндет – елдің тұрмыс деңгейін көтеру екеніне тоқталған А.Жолдыбалина өмір сапасын анықтаудағы негіз­гі индикаторлар мен өлшемдер туралы түсіндіріп берді. Ал институттың ақпараттық-талдау жұ­мы­сы бөлімінің басшысы Әсел Назарбетова «Жа­ңа заманның мемлекеттік қызметкерлері – ел саясатының тиімді жүзеге асуының негізі» тақырыбында ой қозғады. «Елбасы мемлекеттік қызметшілердің деңгейін, мемлекеттік орган­дардың тиімділігін арттыру жөнінде тапсырма берді. Мәселен, ескі жүйе бойынша мемлекеттік қызметкердің жалақысы оның лауазымы мен еңбек өтіліне байланысты болатын. Ал жаңа жүйе бо­йынша жұмыстың күрделілігі ескеріледі. Жұмысты сапалы істеген қызметкерлерге бонустар беріледі. Осы арқылы басшылық пен мамандар жалақысы арасындағы алшақтық төмендейді», деді ол. 

Белгілі саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхаммед Түркістандағы жетекші оқу орындары мемлекеттік басқару, урбанизация, туризм салалары бойынша мықты мамандар даярлауды күшейтулері тиіс деп есептейді. Саясаттанушының пікірінше, биыл бір жылда екі Жолдаудың жариялануының астарында Елбасының әлеуметтік мәселелерді жылдам шешу мақсаты жатыр. Себебі үш ай бұрын айтылған тапсырмалар мен бастамаларды келесі жылдың бюджетіне енгізуге мүмкіндік бар. 

Жиынды жүргізген облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бейсенбай Тәжібаев сарап­шылардың пікірлері студенттер мен оқыту­шыларға серпін беретінін жеткізді.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы