Кино • 18 Қазан, 2018

«Өзен» өткел бермей тұр

71 реткөрсетілді

«Азиялық Оскар» ретінде танылған, жыл сайын өтетін «Asia Pacific Screen Awards» белді киножүлдесі үміткерлердің тізімін жариялады. Қазақстандық режиссер Эмир Байғазиннің «Өзен» фильмі «Режиссурадағы табыстар» номинациясы бойынша осы тізім ішінен көрінді. 12-Asia Pacific Screen Awards жүлдесінің жеңімпаздарының есімі 29 қарашада Австралияның Брисбен қаласында жарияланады.

Ілгеріректе, 2013 жылы Эмир Байғазин «Асланның сабақтары» фильмімен дәл осы аталымда бақ сынап, жоғары жүлдеге ие болған еді.

Одан бөлек, «Өзен» фильмі Лос-Анджелесте өтетін Asian World film festival кинофестивалінің конкурстық бағдарламасына қатысады. Сондай-ақ, аталған кинотуынды Варшавадағы және Сан Паолодағы фестивальдің арнайы бағдарламаларында көрсетіледі. Ал «Өзен» фильмінің азиялық тұсаукесері үстіміздегі жылы қазанның 25-і мен қарашаның 3-і аралығында Токиодағы халықаралық кинофестивальдің конкурстық бағдарламасы шеңберінде өтеді.

– «Өзен» фильміне қатысты жаңалықтар мені және менің командамды, әрине, қуантады. Осы орайда,  жұмыс тобына алғысымды білдіремін. Олар тек маған емес, менің идеяларыма қашан да адал. Сондай-ақ, маған қолдау көрсетіп, сенім білдірген Мәдениет және спорт министрлігінің басшылығына да  алғыс айтамын. Болашақта да қарым-қатынастарымыз нығайып, ортақ табыстарға қол жеткізетінімізге сенімдімін, – деді режиссер.

Фильмнің жарыққа шығуына бірнеше мемлекеттің киностудиялары қатысты, олар: Қазақстан (ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ, Emir Baigazin Production), Норвегия (Norsk Filmproduksjon) және Польша (Madants). Бұл туынды сценарий кезінде  MPA APSA Азия-Тынық мұхиттық киноқауымдастығы грантының қолдауына ие болды. 2017 жылы қыркүйекте киножоба Варшава халықаралық кинофестивалі кинонарығында Pitch and Meet жобалар байқауында бірінші орынды иеленген болатын. Картинаның қортынды жұмыстары 2018 жылы жаз айында Польша кинематография институтының қаржылай көмегімен Варшавадағы Orka және Dreamsound студияларында жүргізілген.

«Өзен» фильмінің әлемдік тұсаукесері Венеция кинофестивалі шеңберінде өткен болатын. Бұл фестивальдің «Көкжиектер» бағдарламасында Эмир Байғазин үздік режиссер атанды. Ал фильмнің Солтүстік Амирикадағы тұсаукесері үстіміздегі жылы қыркүйек айында Халықаралық Торонто кинофестивалі аясында өтті. Кинотуынды фестивальдің «Тұғырнама» («Платформа») конкурстық бағдарламасында  көрсетіліп, қазылар алқасының құрметті аталымына және Screen Daily тәуелсіз киносыншылардың рейтингі тізімінде алдыңғы қатардан көрінді. Одан бөлек, «Өзен» фильмі үшін Эмир Байғазин Голливудтың шетел баспасөзі қауымдастығының грантына ие болды. 
«Өзен» фильмі өркениеттен алыс жерде тұратын, қаладан келген қонақтан кейін өмірлері күрт өзгере бастаған бес ағайынды туралы баяндайды.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Еділ мен Жайық суы араласты

Аймақтар • Бүгін, 10:04

Ұқсас жаңалықтар