Аймақтар • 18 Қазан, 2018

Батыс Қазақстан облысында ұстазға ескерткіш орнатылды

967 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданына қарасты Базаршолан ауылындағы бұрынғы Қызылжар орта мектебі – өңірдегі тарихы терең білім ордасының бірі. Іргетасы 1888 жылы қаланған мектепте ақын Жұбан Молдағалиев сынды белгілі тұлғалар да білім алған. 2000 жылдан бері Ғабдолла Махамбетовтің есімін иеленген мектеп ғимараты алдында жақында осы ұстаздың ескерткіш бюсті орнатылды.

Батыс Қазақстан облысында ұстазға ескерткіш орнатылды

2000 жылы 31 тамызда Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1325 қаулысымен Қызылжар орта мектебіне Ғабдолла Махамбетов есімі берілген еді. Ғабдолла Махамбетов – қазақтың алғашқы кәсіби мұғалімдерінің бірі, Батыс Қазақстан өңірінің білім жүйесіне ерекше еңбегі сіңген тұлға болатын.

Ғабдолла Махамбетов 1888 жылы қазіргі Атырау облысының Қызылқоға ауданы аумағында дүниеге келген. 1909 жылы Орынбор мұғалімдер семинариясын тамамдап, туған жерінде келгенде кейін бүкіл қазақтың мақтанышына айналған сөз зергерлері Зейнолла Қабдоловқа, Ғабдол Слановқа сабақ берген екен. Ол кезде қазіргі Атырау Орал облысына, Қызылқоға өңірі Тайпақ ауданына қарайтын. 1932-1934 жылдары Ғабдолла Махамбетов Тайпақ ауданының Базартөбе, 1934-1959 жылдары зейнет демалысына шыққанға дейін Қызылжар мектебінде еңбек етті. Жиырма жыл директор болып, осы мектепті басқарды. 1940 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен, 1939 және 1949 жылдары сол кездегі ең жоғары награда – Ленин орденімен марапатталды.

Ғабдолла Махамбетов ерекше білімді, мінезге бай, халық арасында аса сыйлы мұғалім болған. Ұлы Отан соғысы жылдарында тұрмыс қиыншылығынан мектептегі оқуын жалғастыра алмай қалған оқушыларын іздеп барып, жанашырлықпен сөйлесіп, оқуын жалғастыруын өтінгенін сол кездің куәгерлері аңыз етіп айтады. Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мұғалімі, Халық ағарту ісінің озаты, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер 1967 жылы өмірден өтті. Бірақ ұстаздың еңбегін жарты ғасыр өтсе де ұмытпаған шәкірттері мен ұрпақтары өзі есімін иеленген мектеп ғимараты алдында ескерткішін орнатты. Бұл оқиға Қазақстан Президентінің ұстаз беделін ерекше айшықтаған Жолдауымен тұспа-тұс келуінің өзі тегін емес.

- Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасында «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек. Бұл тарихтың жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы» деген болатын. «Өткенін білмеген елдің болашағы бұлыңғыр», кешегі ұлы тұлға Ғабдолла Махамбетов есімі бүгінгі мектебіміздің тарихында алтын әріппен жазулы, - деді ескерткіштің салтанатты ашылуы кезінде аталған білім ордасының басшысы Қанапия Таспай.

Ұстазды ұлықтаған шараға Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары Асқар Әбуғалиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Бақманов, осы мектепті әр жылдары бітірген түлектер арнайы келген екен. Ғабдолла Махамбетовтің ұрпақтары Роза мен Разия Ғабдоллақызы, Нұржан Ғабдоллаұлы, келіні, ардагер ұстаз Бақытжамал Қажыбаева, ақын Тілес Жазықбаев тағы басқалар сөз сөйлеп, тарихи тұлғаның тағылымды істері туралы естеліктерді ортаға салды. Мектеп оқушылары Құралбек Бақтыгерей, Зульфия Ермекқалиева, мұғалім Сая Каримуллина Ғабдолла Махамбетұлына арнаған өлең жырларын оқып, басқа да өнерлерін көрсетті.

Салтанатты шара соңынан мектепте Ғабдолла Махамбетовті еске алуға арналған дәстүрлі волейбол турнирі өтті. Оған Ақжайық ауданының Алмалы, Сарытоғай, Қызылжар, Тайпақ ауылынан мұғалімдер командасы келген екен. Турнир жеңімпаздары Ғ.Махамбетовтің ұрпақтары тағайындаған бағалы сыйлыққа ие болды.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан

Суретті түсірген Тұрғали ҒҰМАРОВ