Күрес • 18 Қазан, 2018

Әбу-Дабиде дзюдодан «Гранд Слэм» турнирі өтеді

162 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

27-29 қазан аралығында Біріккен Араб әмірлігінің (БАӘ) астанасы – Әбу-Дабиде дзюдодан ерлер мен әйелдер арасында «Гранд Слэм» турнирі өтеді.  Бұл жарыста Қазақстанның 12 балуаны бақ сынайды.

Әбу-Дабиде дзюдодан «Гранд Слэм» турнирі өтеді

Ерлер арасында 60 келі салмақта Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаев күреседі. Азия ойындарында қабырғасын қайыстырып алған Елдос енді жарақатынан толықтай айығып, алдағы бәсекеде бас жүлде үшін таласуға әзір екенін айтты. Бакудегі әлем чемпионатында жарты жолда сүрінген Ғұсманның да арманы – Әбу-Дабиде жеңіс тұғырынан көріну.

66 кило салмақ дәрежесінде Ерлан Серікжанов пен Елдос Жұмаханов боз кілемге шығады. Қазіргі кезде елішлік жарыста айтулы қос балуанның арасында мықты бәсекелстік белең алып тұр. Биыл екеуі де халықаралық аренада жақсы өнер көрсетуде. Ерлан Бакуде өткен әлем чемпионатында күміс жүлде алса, Елдос Жакартада алауы тұтанған Азия ойындарында қола медальді иеленді.

73 кило салмақта Бекәділ Шәймерденов, 81 кило салмақта Дидар Хамза және 90 кило салмақта Ислам Бозбаев пен Әзиз Қалқманұлы күш сынасады. Бұл балуандардың барлығы да биылғы әлем чемпионатында өнер көрсеткен болатын. Бекәділ мен Әзиздің қарсыластарына әлі жетпесе, Ислам көп ескерту алғандықтан жарыс жолынан шығып қалды. Ал Дидар Олимпиада чемпионымен тең дәрежеде айқасып, төрешілердің өрескел қателігі салдарынан ресейлік Хасан Қалмұрзаевқа жол берген еді. Енді сол олқылықтың орнын толтыру керек.

Аса ауыр салмақта қазақтың екі бірдей нар тұлғалы балуаны жарыс көрігін қыздырады. Олар – Ерасыл Қажыбаев пен Ғалымжан Қырықбай. Ал әйелдер арасында жалғыз Отгонцецег Галбадрах белдеседі. Аса жеңіл салмақта бақ сынап жүрген Отгонцецег бұған дейін де талай байрақты бәсекеде жүлде алғанын жанкүйерлер жақсы біледі.  

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»