23 Ақпан, 2010

СЕРПІНДІ СЕРІКТЕСТІК

954 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Екі ел арасындағы достық қарым-қатынас тәуелсіздік жыл­да­ры ішінде жақсы жалғасып келе жатқаны белгілі. Айталық, әлемді шарлаған дағдарысқа қа­ра­май, сауда саласындағы  екі­жақ­ты байланыс өткен жылы 12,2 миллиард долларды құрап­ты. Мұндай ілгерілеушілік мұ­най-газ, электр энергетикасы, атом энергиясы бойынша да оң қадамдарға ие болыпты. Ал аймақтар арасындағы қарым-қа­тынасқа келер болсақ, Ресейдің 70 өңірі біздің Отанымыздың ше­каралық облыстарымен серік­тестікте жұмыс жасайды. Олар­дың ішінде Челябі, Орынбор, Омбы, Свердлов, Новосібір облыстары бар. Өткен жылдың қыркүйек айында Орынбор қаласында екі мемлекет арасындағы үлкен фо­рум өтіп, онда атқарылған жұ­мыстар мен алда тұрған міндет­тер жан-жақты талқыланғаны мәлім. Сол секілді ғылыми-техникалық байланыстар да кең өріс алған. Әсіресе, Қазақстан-Ресей мемлекеттері инновация­лық бастамалар аясында “Ро­с­на­но” компаниясымен бірлікте на­нотехнологияны дамыту жайы да жолға қоймақ. Ғарышты игеру, әскери техника салалары бойын­ша да игілікті істер өз ше­шімін тауып, мәдени-гумани­тар­лық байланыстар  тереңдетіле бере­тіні, ол үстіміздегі жылы нақты іс-шараларға ұласатыны күмән туғызбайды. Бұған қоса, биылғы жылдың басында Ел­басымыз Нұрсұлтан Назарбаев­тың біздің Отанымызға сапармен келген Мәскеу және Бүкіл Ресей Па­триархы Кириллмен кездесуі екі ел арасындағы қарым-қаты­настың жылы шырайлы дамып отырғанының әдемі көрінісі болғаны тағы рас. Бірнеше ғасырлар бойы жал­ғасқан байланыс елдігімізді жа­рия­лап, еңсемізді тіктегелі бері сер­пінді серпіліске ұласып, әлем­дік мәселелерде ортақ арнада тоғысып келеді. Баспасөз өкілдерімен дидар­лас­қан Ресей Сыртқы істер ми­нистрі Сергей Лавров Қазақстан басшысымен жүздесу жылы шырайлы жағдайда өткенін алға тартып, әріптесі, Қазақстан Рес­пуб­ликасының Мемлекеттік хат­шысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев екеуі Прези­дент­ті әлемдегі және екі мем­ле­кет­тің арасындағы  серпінді әріп­тестік туралы келіссөздер хақын­да хабардар еткенін жеткізді. Дидарласу кезінде мемлекеттер арасындағы берік байланыстар, екі елге ортақ құрылымдар ту­ра­лы сөз болғанын, биыл Қазақ­станның ЕҚЫҰ-ға төрағалық, ал Ресейдің ТМД-ға төрағалық қызметтері үлкен іс-қимылмен басталғанын назарға салды. Сол секілді Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, ЕурАз­ЭҚ-қа, АӨСШК-ге, өзге ұйым­дар­ға мүше болумен бірге,  Қа­зақстан, Ресей және Беларусь арасындағы Кедендік одақтың құрылуы бұл экономикалық жағынан тиімді болатынын, оның алғашқы қадамдары өз нәтижесін бере бастағанын атап өтті. “Екі мемлекет те  БҰҰ-дан бас­тап бірқатар халықаралық ұйымдарға мүше, сол себептен де барлық стратегиялық жұмыс бірлікте кеңесе отырып шешіліп келеді. ЕҚЫҰ-ға Қазақстанның төраға­лы­ғы үлкен жетістік болумен бірге, дүниежүзілік қауымдастық алдына ауқымды мәселелер жүк­тейді. Қазақстан­ның түрлі ба­ғыт­тардағы бастама­ларын, әсіресе, Азиядағы бейбітшілік туралы түйінді жұмыстарын қолдаймыз”, – деген ресейлік министр біздің ортақ істегі ой-байлам, бағыт-бағдарымызды Қазақстан Прези­денті Нұр­сұл­тан Назар­баевтың қызу қуат­тап келе жатқанын айтты. Әріп­тес екі мемлекет те төрағалық қызметті абыроймен атқаруға келістік, деп сөз аяғын түйді. Сонымен қатар, С.Лавров Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сырт­қы істер ми­нистрі Қанат Сау­да­баевты өз мем­лекетіне сапармен келіп қай­туға шақырды. Сүлеймен МӘМЕТ.