Қазақстан • 22 Қазан, 2018

Жастарға арналған халықаралық конференция өтті

114 реткөрсетілді

2018 жылғы 19-20 қазан күндері Астана қаласында «Инвестиция – жастарға! Ешкімді тыс қалдырмайық» тақырыбында халықаралық конференция өтті.  

Жиынды ашқан Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин әрбір мемлекетте, әрбір қоғамда жастардың орны ерекше, олар қоғамның, халықтың, ұлттың болашағын айқындайды, деді.

Осы жолда Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тәуелсіздік алған күннен бастап, жастар мәселесіне зор көңіл бөліп келе жатқанын атап өткен палата Спикері, олар­дың барлығын заң жағынан қолдау үшін Парламентте де тиісті жұмыстар атқарылып жатқанына тоқталды.

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Сонымен бірге жастар саясатына қатысты бір­қатар нақты тапсырмалар берді. Олардың барлығы жас­тардың рө­лін арттыруға, өмір сапасын жақ­сартуға, бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге жаңа серпін беретіні сөзсіз. Олар халықтың белсенді бө­­лі­гі болумен қатар, ұлттық бәсе­кеге қа­бі­­леттілігін арттырудың маңыз­ды факторы, – деді Палата Спикері.

Одан әрі жиында Халықты қоныс­тандыру және дамыту жө­нін­дегі Азия қауымдастығының төрағасы, Жапонияның бұрынғы Премьер-министрі Ясуо Фукуда, Қазақстан Республикасы Қоғам­дық даму министрі Дархан Калетаев және БҰҰ өкілі Ян Мак Фарлейн сөз сөйледі. 

Қырғыз Республикасы Жогор­ку Кенеші төрағасының орынбасары Мирлан Бакиров Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың осыдан 25 жыл бұрын «Болашақ» бағдарламасы арқылы жастарға инвестиция салып, Орталық Азия елдеріне үлгі болғанына Қырғызстан­ның бауырлас мемлекет ретінде қуанышты екенін жеткізді. 

Қарқынды дамып келе жат­­қан мемлекетте жастарға инвес­­тиция салу болашақта эконо­мика­лық, бейбіт, жан-жақты дамы­ған және тұрақты қоғам құру­да шешуші рөл атқарады. Бұл Халық­тың қоныстануы және дамуы жөніндегі Азия пар­ламент­шілері форумының стра­тегияөлық басымдықтары тұжы­рымдамасының үш бағыты­ның бірі болып табылады. 

Конференцияның жұмысы барысында қиын өмірлік жағдай­ларға тап болған жастарға, сондай-ақ ауыл жастарына ерекше назар аударылды.

Парламент өкілдері, мем­ле­кеттік органдардың және азамат­тық қоғамның ынтымақ­тастығына негізделген өзекті мәселелерді шешуге арналған конференция төрт түрлі тақырыпқа бағытталған панельдік сессия жұмыстарымен жалғасты. 

Бірінші сессия «Жастардың білім алу және жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін нығайту» тақырыбында өтті. Оған Өзбек­стан Республикасы Олий Мажлисі Заң шығару палатасы спикерінің орынбасары Борий Алиханов төрағалық етті. 

Сессия жұмысы барысында орта және жоғары білімнің жетілдірілуіне, білім беру сапасын жақсартуға кедергі келтіретін мәселелер талқыланды. Қазіргі таңда жастарды еңбекпен қамту – ел дамуы жолындағы маңызды мәселелердің бірі. Әлемнің кей­бір елдерінде жастардың жұмыс­­сыздығы 50 пайыздан асады. 

Екінші сессия жұмысы Жа­пония Парламенті жоғарғы пала­тасының депутаты, Парла­мен­тарийлердің халықтың қоныс­тануы және дамуы жөніндегі Азия форумының төрағасы Кейзо Такемидің төрағалық етуімен өтті. 

«Денсаулық сақтау саласын­дағы ақпаратқа, білім­ге және қызмет көрсетуге жан-жақ­ты қол­жетімділік» тақыры­бы­на арнал­ған отырыста жастар ара­сындағы суицид пен денсаулық сақтау мәселелеріне мән берілді. 

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, жыл сайын әлемде 15 мил­лионнан астам қыздар (18 жасқа дейін) жас ана атанады. Яғни, 15-19 жас аралығындағы қыздардың өліміне жүктілік пен босану себеп болып отыр. Дүние жүзі бойынша жыл сайын 67 000-ға жуық жасөспірім өз-өздеріне зиян келтірген.

Конференция барысында Қырғыз Республикасы Жогорку Кенеші төрағасының орынбасары Мирлан Бакиров төрағалық еткен «Жастардың азаматтық, экономикалық және әлеуметтік мәселелерге толық қатысуы» сессиясында жастардың қоғамдық белсенділігі жайы талқыланды.

Филиппин Республикасы Пар­ламентінің мүшесі, Парла­мен­тарийлердің халықтың қоныс­тануы және дамуы жөніндегі Азия форумы төрағасының орынбасары Теодоро Багюлаттың төрағалық етуімен өткен «Жастар­дың жаһан­дану жағдайын­да­ғы тәуекелі мен мүмкіндіктері» төртінші сессия жұмысымен жал­ғасты. 

Сессия жұмысында жаһандану кезеңінде жастар кәсіпкерлігін дамыту халық арасында жұмысқа орналасуға, білікті кадрларды даярлауға және ел дамуының инновациялық жолына жылдам көшу қажеттілігі туралы айтылды. Сондай-ақ жастардың алдарына мақсат қойғыш, жылдам және қуатты жұмыс күшіне ие бол­ғанына қарамастан, еңбек нары­ғындағы жас маманның бәсе­кеге қабілеттілігінің төмен­дігіне де ерекше назар аударылды.

Отырыс барысында Жапония Парламенті жоғарғы палатасы­­­ның депутаты, Парламентарийлер­­­дің халықтың қоныстануы және дамуы жөніндегі Азия форумы­ның төрағасы Кейзо Таке­ми конфе­ренцияда талқыланған мәселелердің маңыздылы­ғына тоқталып, инвестицияны жол құрылысына, инфрақұрылым­ды дамытуға емес, білім беру мен денсаулық сақтау сияқты эконо­микалық өсудің негізгі бағыт­тарына салу қажеттігін атап өтті. 

Конференция жұмысын қо­ры­тындылаған Парламент Мәжі­лісі Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева Мемлекет бас­шысының Жолдауында 2019 жыл­ды «Жастар жылы» деп ж­а­рия­­­лағанына шетелдік қонақ­тар­дың ерекше мән бергенін айтты.

Вице-спикер бұл Елбасы­мыз­дың жастарға деген оң көз­қарасын білдіріп отырғанына, тәуелсіздік алған жылдардан бері Қазақстанда жастар мәселесіне ерекше назар аударылып келе жатқанына тоқталды.

Екі күнге жалғасқан конференция жұмысы Астана деклара­ция­сының қабылдануымен аяқ­талады. 

Қабылданған Астана конференциясы Бүкіл Азия мемле­кет­терінің жастар мәселелерін шешуге және жастарды қолдауға оң серпін береді. 

Онда жастардың білім алып, денсаулықтарын сақтау үшін қолжетімділіктерін қамтамасыз ету, білім алғаннан кейін жұмысқа орналасу, сондай-ақ әлеуметтік мәселелермен қатар жастардың қоғамдық-саяси өмірге белсене араласуларына мүмкіндік жасау қарастырылған.

Әлемнің 40-қа жуық елінен өкілдер келген форумды Қазақ­стан Парла­менті Мәжілісі, Қазақстан Рес­пуб­ликасы Қоғамдық даму ми­нистр­лігі, Халықты қоныстан­дыру және дамыту жөніндегі Азия қауымдастығы, сондай-ақ БҰҰ-ның халықты қоныстандыру саласындағы қоры және Жапония үкіметінің қолдауымен ұйым­дастырылды.

Форум жұмысы Азия-Тынық мұхиты аймағынан Парламент өкілдері, халықаралық сарапшылар және ғалымдардың, мүд­де­лі мемлекеттік органдар мен аза­маттық қоғам және халық­ара­лық ұйымдар өкілдерінің, жас көш­бас­шылардың қатысуымен өтті. 

Маржан ТІЛЕУБЕК, 

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар