Аймақтар • 22 Қазан, 2018

Ақтөбедегі саябаққа Астана атауы берілді

554 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбе саябақтар мен гүлзарлар қаласына айналып келеді. Тек соңғы үш жылдың ішінде мұнда 50-ге тарта мәнді де сәнді демалыс орындары бой түзепті. Таяуда бұлардың қатары қайталанбас кескін-келбеті мен нақышы бар тағы бір айырықша да ажарлы саябақпен толықты. Шебер қолдар мен шығармашылық ұшқыр ойдың ізі атойлап тұрған саябаққа «Астана» атауы берілген.

Ақтөбедегі саябаққа Астана атауы берілді

Суретте: «Астана» саябағының көрінісі

Нысанды қаржыландыру ісі «Парыз» және Астана қаласы қорлары есебінен жүргізілген. Мұндағы құрылыс-монтаж жұмыстарының жалпы құны 466 миллион тенге құрайды. Бүгінгі алаңы небәрі 4,3 гектарды құрайтын «Астана» алдағы жылдарда 90 гектар көлемді қамтитын шеті мен шегі жоқ үлкен саябаққа айналмақ.

Соғай сәйкес оның айналасын абаттандыру ісі одан әрі жалғаса бермек.  Жаңадан жасақталған саябақта Елордасы Астананы қақ жарып ағатын Есіл өзенінің мөлтек макеті мен бас қаладағы негізгі нысандардың шағын нобайы көрініс тауыпты. Бұған қоса бұл арада әр түрлі архитектруалық ансамбльдер, шағын жүргіншілер мен велосипед жолдары салынбақ. Сондай-ақ осы маңдағы неке сарайы мен өнер орталығының артынан үлкен этноауыл бой түземек.

Қысқасы Астананың атауын алған демалыс орнында оның еліміздің елордасына арналғанын айғақтайтын айшықтар жеткілікті. Саябақта Астананың түрлі-түсті панарамалық көркем көріністері бейнеленген. Нұр сәулесі шашыраған ақық шамдар мен ыңғайлы орындықтар, мүсіндік тұлғалар мен релефті төбелер ешкімді де енжар, селсоқ қалдыра алмайды. Есіл өзенінің жағалайын еске салатын ені 3,5 метр, тереңдігі 50 см арықтар сылдыр қағып, тынығуға келген қала тұрғындары мен қонақтарына ұмтылмастай әсер әрі жайлы көңіл-күй сыйлар алары анық. Шағын жасанды өзен үстіне көпірлер салынған. Бұл сәулеттік үлгілер е саябақты тартымды да, әсерлі көріністермен толықтыру ниетінен туған шынайы шығармашылық шешім екенін еріксіз түйсінесіз.

Қанатын кеңге жайылып, іргең беки түссін «Астана» саябағы!

Темір Құсайын,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ