Театр • 23 Қазан, 2018

Хәлің қалай, халық театры?

1536 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Өнер десе, ішкен асын жерге қоятын ел ішіндегі тума таланттардың басын біріктіріп, көркемөнерпаздардың өз күшімен құрылған халық театр­лары әр ауыл мен ауданның ажарын кіргізетін бірегей орталықтар болып саналады. 

Хәлің қалай, халық театры?

Академиялық театрдың әртістерін күнде көру бақыты бұйырмаса да, жергілікті жұрттың көзайымына ай­налған бұл театрлардың да жасындай жарқылдап тұрған өз Асанәлісі мен тотыдайын таранған Торғындары бар. Кәсіби театры жоқ шағын қалалардағы өнер кө­рігін бас-аяғы оншақты адамнан құралатын халық театрлары қыз­дырып келе жатқан болса, оның төр­кінін өнерге сүйіспеншілік пен туған жерге адалдықтан іздеген дұрыс болар. Жергілікті халықты театр өне­рімен таныстыратын да, олардың мәдени, қоғамдық өміріне әр беріп, ру­хани-эстетикалық сұранысына сай қызмет етуге тырысып бағатын да драма өнерін дөңгеленткен, өзі әнші, шетінен биші сегіз қырлы, бір сырлы өнерпазсыз ауданның бүгінгі мәдени өмірін көзге елестету еш мүмкін емес. Аудандық деңгейде өнер көрсетіп жүрген аз ғана адамнан құралған кіш­кентай ұжымдардың өнер үшін жасап жүрген жанкешті еңбегі ұшан-теңіз. 

Халық театрларындағы өнер­паз­дардың да көпшілігі кәсіби әртіс емес, мамандығын басқа қиыр­дан тапқан, әйтсе де тағдыр жолы қан­ша шиыр болғанымен, бойда бар өнер бәрібір бұлқынып шығып, қақ­пақылдап әкеп халық театрының сах­на­сынан бір-ақ шығарған. Бүгін­де аудан өңірінде аталып өтетін мерекелік сауықты, қуаныш-думанды, ал кешкілік драмалық ойынды көп­шіліктің ілти­патына бөленген осы әртістер атқа­ра­ды. Қаржысы аз, хал-­жағдайы кісі қы­зы­­ғарлықтай бол­­маса да, «халық теа­тры»­ деген атауды өлтірмей, аман-сау сүй­реп келе жатқан осы өнерпаздардың ең­бегі қоғамда қалай еленеді? Шет аудандардағы халық театрлары қалай өмір сүріп жатыр? 

Мәдениет және ақпарат минис­трі­нің 2007 жылғы 28 наурыздағы №93 бұйрығымен Көр­кемөнерпаздар ұжым­дарына «ха­лықтық» (үлгiлi) атағын беру ту­ралы арнайы Ережесі бекітілген. Ха­лық театрлары облыс­тық халық шығармашылығы орта­лықтарына келіп, төрт жылда бір рет осы атағын қорғап тұрады. Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаментінің Музыкалық өнер басқармасының бас сарапшысы Гүлмира Байжанованың айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстан бойын­ша 1 мыңнан астам «халықтық» атағы бар көркемөнерпаздар ұжы­мы бар. «Олардың ішінде теат­р ұжым­дарының саны 200-ге жуық. Өңір­лердегі театрлардың ең көбі Шығыс Қазақстан облысының үлесінде, ай­мақ­та 28 театр жұмыс істейді. Қара­ғанды облысында – 18, Жамбыл мен Атырау облыстарында – 17. Мысалы, Павлодар облысы бойынша «халықтық» (үлгілі) атағы бар 7 ұжым бар. Театрлардың репертуарында көптеген театрландырылған көрі­ністер мен әдеби-музыкалық кештер, пьесалар мен спектакльдер бар. Олар облыстық, республикалық байқаулар мен фестивальдарға қатысып тұрады», дейді министрлік маманы. 

Алматы облысы бойынша халыққа мәде­ни қызмет көрсетіп, әлеуметтік сұраныстарын қамтамасыз ету бағы­тында 17 аудан, 3 қала бойынша 88 «халықтық» және «үлгілі» атағы бар өнер ұжымдары жұмыс істейді. Со­ның ішінде, 8 халық театры бар. Ке­зінде күллі Жетісу өңірін өнерімен тәнті етіп, екі рет республикалық бай­қаудың жеңімпазы болып дүріл­деткен Ақсу халық театрының репертуары Д.Исабеков, И.Сапарбай, Т.Нұрмағамбетов, Ж.Әлмашұлы секілді белгілі драматург қаламгер­лердің шығармаларымен қамтылған. Ақсу, Көксу, Кеген театрлары 50 жыл­дан бері жұмыс істеп келе жатса, кейінірек құрылған Іле халық теа­трының өзі 36 жылдан бері шығар­машылықпен айналысып келеді. Алматы облысы бо­йынша екі жылда бір рет Қазақстанның халық әртісі Б.Римова атындағы облыстық халық театрлар фестивалі үнемі өткізіліп тұрады. 

Халық шығармашылығының аса­ жақсы дамыған аймақтарының бі­рі – Атырау облысы. Махамбет, Жы­­лыой, Мақат, Индер аудандарын айтпағанда, Құрманғазы мен Қы­зыл­қоға ауданының өзінде төрт-төрт­тен сегіз театр жұмыс істеп тұр. Театрдың өрістеуін жаңаша жолға қою, актерлердің орындаушылық ше­­бер­лігін шыңдап, ұжымды ха­лық­­тық театр деңгейіне жеткізу мақ­сатында бұл облыста да «Шынайы шымылдық» халықтық театрлардың облыстық байқауы екі жылда бір өткізіліп тұрады. Театр қоржындары жылма-жыл тың қойы­лымдармен толықтырылып оты­­­­ра­ды. Рухани жаңғыру аясында ха­лық­тық театр­лар аудан, облыс және аймақтық шараларға қатысып, бірнеше жүлделі орындарды қанжығаларына байлаған. «Қарагөз», «Еңлік-Кебек» пен «Жалбыр» секілді клас­си­ка­лық шығармалармен бірге, рес­пуб­ликалық театрлардың репер­туарындағы «Бөлтірік бөрік астында», «Боранды бекет», «Күшік күйеу», «Тойдан қайтқан қазақтар», «Қысылғаннан қыз болдық» сияқты заманауи драматургтердің де пьесалары қамтылған. Театрлардың репертуарын қалыптастыру, зама­науи сахналық үрдісті нығайту мен дамыту, сондай-ақ театрдың шығар­машылық ізденістерін ынталандыру және кеңейту мақсатында халық театрлары гастроль ұйымдастырып, көрші аудандар мен ауылдарға спектакль мен концерттік бағдарламаларын ұсынып, ақылы қызмет көрсетеді. Себебі, негізінен, аудандық мәде­ниет үйінің ғимаратына қоныс­танған халық театрларының бірқатарында қызметкерлер үшін арнайы штат қарастырылмаған. Қарас­тырылғанының өзі өнер көрсетіп, тапқан қаржысын сахналық костюмдер алып, декорация жаңарту үшін жұмсауға мәжбүр. Себебі аудандық бюджет есебінен қаржыландырылатын театр қызметкерлерінің айлық жала­қысы аз. 

Декорация демекші, бірде архив құжаттарын парақтап отырып, 1929 жылы жарияланған «Театр туралы» деген мақалаға кез болдық. Автор ғасыр басындағы халық театрларының жұмысын қатаң сынға алады. «Театр жабдықтан жұрдай. Киімнен сырдай. Бір-екі көнетоз шапанды шал да киеді, кемпір де киеді, қыз да киеді. Семейдің сыпырма бөркі мен саптама етігін бөкей де киеді. Адай да киеді. Найман тымақты орыс та киеді. Ноғай да киеді. Керекті жабдық (декорация) жоққа тән. Жалбыратып әкеліп ұстайтын жарты қанат үй бар. Бар бетке ұстар осы. Ол да тозуға айналды. Жабдық, киім-кешекті молайтудың қамына жөндеп кіріспей болмайды. Театрда ойынның әртүрлі жабдығы, Қазақстан киімдерінің барлық белгісі болмай жарымаймыз. Бұған ақша аясақ, еш нәрсе таба алмаймыз. Бұған қаражат берудің үстіне жұртшылық көмегі керек». 

Ке­лер жылы бұл тарихи мақаланың жазыл­ғанына жүз жыл болады, бірақ бүгінгі халық театрларының ма­те­риалдық жағдайы, техникалық қоры автордың дәл осы сипаттағанынан көп өзгере қоймағанын, тіпті өте ұқсас еке­нін байқаймыз. Туған жеріне кіндігі байланған адамның өнер алдындағы өз адалдығы жан-жағын жарық етіп, ішінен алаулай жанған шырағы, кішкентай ауданының салтанатына сән қоссам деген перзенттік парыздан туған өтеусіз қайрат-жігері болмаса, халық театры қалай өмір сүрген болар еді? Ойлаудың өзі қорқынышты.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ