Әлем • 25 Қазан, 2018

Президент сапарының жаңғырығы. Шетелдік БАҚ-қа шолу

313 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Әлемдік ақпарат құралдары және халықаралық сарапшылар Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылы 18-19 қазанда Брюссельде өткен Азия-Еуропа форумы (ASEM) 12-ші саммитінің пленарлық отырысында сөйлеген сөздеріне ерекше маңыз беруде. Қазірдің өзінде әлемдік белді-белді ақпарат құралдары белгілі саясаткерлер мен экономистердің пікірлерін жарыса жариялап жатыр.

Президент сапарының жаңғырығы. Шетелдік БАҚ-қа шолу

Мәселен «Euractiv» панеуропалық телеарнасы (Бельгия) 16 қазанда Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев­тың берген сұхбатын көрсетті. Оның ба­рысында Мемлекет басшысы Қазақ­стан «Еуразиялық контент мемлекет­терінің өзара байланысын нығайту бойынша АСЕМ саммитінің негізгі тұ­жы­рымдамасын іске асыруға» мүдделі екендігін мәлімдеді. 

Қазақстан Президенті өзінің сұх­бат­ында Еуразиядағы серіктестік әлемдік жүйені нығайтуға қабілетті екенін атап өтті. Сонымен қатар ол Еуропа мен Азия елдері арасындағы қарым-қаты­нас­тардағы сенімділікті арттырудың негізі құралы қазіргі және жаңа қақтығыстар мен дағдарыстарды шешу және алдын алудағы бірлескен күш-жігер болып табылатынын мәлімдеді. 

Телеарна, сондай-ақ АСЕМ саммитінің аясында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Еуропалық комиссия президенті Жан-Клод Юнкер кездесіп, бо­лашақта ЕО-Қазақстан бизнес-форумын өткізу, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі арқылы аймақтық қарым-қатынастарды дамыту мәселелерін талқылағандығын атап өтті.  

«Euractiv» Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаевтың Франция президенті Эммануэль Макронмен кездесуін хабарлай келе, Қазақстан Президентінің екі ел арасындағы сауда айналымын 5 млрд долларға жеткізуге болатындығын айтқан сөзін жариялады. 

«РИА Новости» агенттігі өз кезе­гінде «Азия-Еуропа» форумының сес­сиясында сөйлеген сөзінде Президент Н.Назарбаев әлемнің қазіргі жағдайын өт­кен ғасырдың 60-ыншы жылдарында болған Кариб дағдарысымен салыс­тырды. Ол «Азия-Еуропа» саммиті АҚШ-ты, Ресейді, Қытайды, сондай-ақ Еуро­одақты және өзге де державаларды әлемнің қазіргі  қарама-қайшылықтардың шешімін іздеуге шақыру тиіс» деген ойын білдірді», деп жазды.

 Ал «Орталықазиялық жаңалықтар қызметі» АСЕМ форумы саммитінің аясында Kazakh Invest ұлттық ком­пания­сының басшысы еуропалық 25 жетекші және трансұлттық, оның ішінде Royal Dutch Shell, Alstom, Claas Group, Borealis, Linde Group компанияларының басшыларымен кездесті, деп хабарлады. 

Басылымның жазуына қарағанда, қазіргі күні кездесуге қатысушылар құны 16 млрд АҚШ доллары болатын 7 инвестициялық жобаны жүзеге асыр­ған және тағы 6 жоба қолға алынған. Олардың қатарында құрылыс материалдарын шығару, күн электр стансасы, картопты қайта өңдеу және басқалары бар. Бұл жобалардың жалпы құны 300 млн долларға шамалас. Болашақта еуропалық инвесторлардың қатысуымен тағы 12 өндірісті іске қосу жоспарланған. 

Аталған жаңалықтар қызметі Car­meuse Group трансұлттық корпо­ра­ция­сының өкілдері Қарағанды облысының аумағындағы Сарыопан кен орнында ірі жоба – I сортты әк өндіретін зауыт құ­рылысының жобасын жүзеге асыру туралы айтып берді, деп жазды. 

Сонымен қатар Бельгияның Van Hool машина жасау компаниясы Қазақстанда автобус шығаратын біріккен кәсіпорын құру жобасын ұсынса, «Astana» ӘКК мен Халықаралық сауда орталықтары қауымдастығы Астанада Бүкіләлемдік сауда орталығын салу туралы меморандумға қол қойған. 

Мемлекет басшысының АСЕМ форумында сөйлеген сөздерін Өзбекстанның «Tnews» ақпараттық агенттігі де назардан тыс қалдырмады.

Өзбекстан агенттігі: «Түрлі мемле­кет­тердің делегация жетекшілерінің сөзде­рінің арасынан көрші мемлекет Пре­зи­дентінің үндеуі саясаттанушылар мен сарапшылардың жоғары қызығушы­лығын тудырды», деп жазды. Сондай-ақ «Қазақстан кезекті рет халықаралық сая­сат субъектілері арасындағы түрлі пікір қайшылықтарын бейбіт және өркениетті әдіспен шешуге ынталы екендігін паш етті», деп хабарлады «Tnews».     

Ақпарат агенттігі Нұрсұлтан Назар­баев­тың «Сирия, Украина және басқа да мемлекеттердегі мәселелерді реттемеген күнде жағдай мүлдем шиеленісе бер­мек» деген сөздерін де келтіре кеткен. Оған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев форум­дағы сөзінің соңында айтқан «Азия мен Еуропадағы жаһандық түйткілдерге қарсы тұру үшін Қазақстанның әркезде белсенді әріптестікке дайын» деген сөздеріне маңыз берген. 

Өзбекстандық агенттік хабарының соңында «Халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланған және шешілген беделді саммиттегі Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі, әсіресе әлемдік дер­жа­валар арасындағы халықаралық шие­леністерді бәсеңдетуге септігін тигізері анық» деп тұжырым жасайды. 

Ал EU Reporter (Бельгия) ақпарат агент­тігінің жазуына қарағанда, АСЕМ саммиті аясында Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ, Ресей, Қытай және ЕО тәрізді ірі ойыншыларды адамзат алдындағы жауап­­кершілікті сезінуге шақырып, барлық мәселелерді БҰҰ-ның арнайы сессия­­сында талқылауды және мұндай кезде­су­лерге Астананы платформа ретін­де ұсынған. 

Ресейдің «ТАСС» агенттігі де Қазақстан Пре­зи­дентінің АСЕМ самми­тінде сөйлегендегі теке-тірестер мен санк­ция­лық және сауда соғыстарының әсері­нен ха­лық­аралық саясаттың шиеленіске тап бол­ғандығын және әлемдегі дағ­дарыс­тарды шешу үшін Астана алаңын қолдану туралы ұсынысын жазды. 

Осыған орай, Каспий өңірін зерттеу жөніндегі Берлин орталығының доценті Матиас Дорнфельд «АСЕМ пленарлық сессиясында жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін АҚШ, Қытай, Ресей және Еуропалық одақ сияқты әлемдік державалардың өзара тығыз ықпалдастығының қажеттілігіне өзінің стратегиялық көзқарасын ұсынған Президент Н.Назарбаевтың сөйлеген сөзі үлкен әсер қалдырғанын» атап өтті.  

М.Дорнфельд «осындай өзара ық­палдастықтың форматы әртүрлі болуы мүмкін, ең бастысы болашақ диалог үшін негіз құру» деп есептейді. Соңғы уақытта әлем мейлінше әлсіз және тұрақсыз, бұл халықаралық саясаттарға, әлемдік экономикаларға және қауіпсіздік мәселелеріне қатысты. Сол себептен Қазақстан Президентінің БҰҰ қам­қорлығымен жаһандық проблемаларды шешу үшін әлемдік державаларды ша­қыру туралы бастамасы уақтылы және болашақ диалогтың шешуші бас­тамасы болып табылады. Қазақстан өз тәжірибесі негізінде адамзаттың кез келген проблемасын талқылау үшін тиімді алаң болуды жалғастыра алатынын дәлелдеді».  

Сонымен қатар беделді неміс саясаттанушысы және публицист Александр Рар Президент Н.Назарбаевтың АҚШ-ты, Ресейді, Қытайды және ЕО-ны адам­заттың алдындағы жауапкершілігін түсі­нуге және халықаралық қақтығыстардың заманауи шешімдерін іздеуге шақыруды өзекті мәселе деп санайды. А. Рардың сөзіне қарағанда, «өзінің делдалдық күш-жігерлерінің табыстылығын бір­неше мәрте дәлелдеген Қазақстан осы елдердің көшбасшыларының кезде­су­леріне алаң­ды ұсынуға дайын. Әлемдік қоғамдастық осы ұсынысты байсалды көзқараспен қа­былдауы қажет. Табыс көбінесе Қазақстан ұсынатын диалогқа байланысты болады».

Болгарияның бұрынғы вице-прези­денті Маргарита Попованың айт­уынша, «Президент Нұрсұлтан Назарбаев соғыссыз әлем үшін, ядролық қарулану жарысына қарсы тұрақты және тиімді саясатын жүргізуде. Мәселен, Қазақстанның ең өзекті проблемаларды талқылау үшін әлемдік көшбасшылары кездесулеріне астаналық алаңды ұсынуға дайын екенін білдіру. Нұрсұлтан Назарбаевтың Азия-Еуропа форумында сөйлеген сөзі – адамның өркениеттерін құтқару, адамның  адамгершілік қасиетін сақтау үшін әр­түрлі континенттердегі халықтар мен мем­лекеттер еркіндігінің бірігу символы».

Жалпы, халықаралық сарапшылардың ой-пікірлері көрсеткендей, Президент Н.Ә.Назарбаевтың халықаралық күн тәр­тібіндегі жаһандық мәселелерді қоз­ғайтын «Азия-Еуропа» сияқты беделді сам­митте сөйлеген сөзі әлемдік державалар арасындағы халықаралық шиеленісті төмен­дету қажеттілігі тұрғысындағы өзек­тілікке ие болды. 

Дайындаған

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»