Өнер • 25 Қазан, 2018

Әзер­бай­жан композиторы Қара Қараевтың 100 жыл­ды­ғына орай мерейтойлық концерт өтті

373 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бас шаһар төріндегі іргелі өнер ордасы – «Астана» концерт залында Астана қаласы әкімдігі, TҮРКСОЙ ха­­лық­аралық ұйымы жә­не Әзербайжан Рес­пу­б­ликасының Қа­зақ­стан­дағы елші­лігінің бір­лесе ұйым­дас­ты­руы­мен КСРО ха­лық әртісі, әйгілі әзер­бай­жан композиторы Қара Қараевтың 100 жыл­ды­ғына орай мерей­тойлық концерт өтті.

Әзер­бай­жан композиторы Қара Қараевтың 100 жыл­ды­ғына орай мерейтойлық концерт өтті

Классикалық музыка май­тал­манының ғасыр тойына ар­налған айтулы кешке Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, Әзербайжан Республикасының Қазақстан­дағы елшісі Рашад Маммадов, ТҮРКСОЙ халық­ара­лық ұйы­мының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов және мәдениет пен өнердің көрнекті өкіл­де­рі қатысты. Астана мемле­кет­тік академиялық филар­мо­ниясының Симфониялық оркестрі Әзербайжаннан арнайы шақырылған қос дирижер – Мұстафа Мехмандаров пен Муртуза Бюльбюльдің сүйемелдеуінде композитор қолтаңбасына тиесілі атақ­ты «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасынан үзінді, «Жеті сұлу» балетінен «Прекраснейшая» және «Вальс» шығармаларын, сондай-ақ «Тропою грома» ба­летінен №2 сюитаны талғам­паз тыңдарман назарына ұсын­ды. 

Түркі кеңістігі қайрат­кер­­лері мен айтулы тұлға­ла­ларының мерейтойларын атаусыз қалдырмайтын ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының 2018 жылды Қара Қараевтың жы­лы деп жариялауы – әуенімен әлемді әлдилеген Әзербайжан классикалық музыкасының саңлағы Қара Қараевтың шығармашылық мұрасының шартарапты шар­лап, Жер шарының түк­пір-түкпірін жайлаған өнер­сүйер тыңдарманға рухани қуаныш сыйлаудың таптырмас мүмкіндігін тарту ет­кені сөз­сіз. Елорда төрінде өткен ай­тулы концерт аталған тағы­лымды шараның бір парасы ғана. 

Қара Абулфазоғлы Қа­раев­тың музыкалық мұрасы мазмұн жағынан кең ауқымды және жанрлық тұрғыдан жан-жақты. Композитор қия­лына қанат бітірген туындылар музыка жанрларының барлығын дерлік қамтиды. Өзінің саналы шығармашылық ғұ­мы­­рында сазгер 3 опера, дәл сондай есепте балет пен симфония, сондай-ақ көп­­­теген тақырыптық һәм бағдарламалық туын­дылар мен камералық, ас­паптық оркестрлерге және де бірнеше спектакль мен түрлі кинофильм­дерге арнап әуен жазды. Қара Қараев шығармашылығының бағыты мен стилі негізінен эмо­ция­налды жарқындық, дра­ма­лық тереңдік және нәзік ли­риканы өзара сәтті үй­лестіре отырып, содан өзіне ғана тән дара тынысын дөп басуымен ерекшеленеді. Ком­позитордың әуен әлеміне ден қойған тыңдарман сазгер қолтаңбасынан әйгілі ақын Низами шығармашылығынан нәр алған шабытты да жарқын шығыс дәстүрінің нәзік иірім­дерін жазбай таниды. Ол, әсіресе әуен әміршісінің «Ләй­­­лі-Мәжнүн», «Жеті сұлу» шы­ғармаларының саз сарынында айқын аңғарылады. Тіпті композитор өмірінің соңында жазылған туынды­лар әуезінде де осы құнар сақталған. Яғ­ни, Қ.Қараев шығарма­шы­лы­ғы­ның не­гізгі тіні, өзе­гі – ха­­­лық музы­ка­сының жау­һар­лары.

«Астана» концерт залының төрінде өткен музыка кешіне жиналған өнерсүйер қауым сөзбен айтып жеткізгісіз ғаламат күйді Астана мем­­лекеттік академиялық фи­лар­­мониясы Симфониялық ор­кестрінің орындауында жаһанды сазымен тербеген әйгілі әзербайжан ком­пози­торының талғампаз таби­ғатынан сезініп, бір-ақ деммен өткен концерт шымылдығын қимай жапты. Әзербайжан әуен әлемінің падишаһы – Қа­ра Қараевтың ғасыр тойы­на ар­налған салтанатты кештің та­ғылымы мен мәні де осы бір ғажайып музыканың мінсіз мәнерімен шебер үйлесіп, тың­даушысын тылсым сыр­дың тұңғиығына бойлатты.

Назерке ЖҰМАБАЙ, 

«Егемен Қазақстан»