Қазақстан • 25 Қазан, 2018

Мәжіліс депутаттары Солтүстік Қазақстанда Жолдау талаптарын түсіндіруде

378 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісінің депутаттары  Роман Ким, Айқын Қоңыровтың қатысуымен Қазақстан халқы облыстық ассамблеясында өткен сұрақ-жауап кешінде халқымыздың бақуатты өмір сүруі, озық дамыған отыз елдің қатарына қосылуы қазақстандықтардың ауызбірлігінде, өзара түсіністігінде екені баса атап көрсетілді.

Мәжіліс депутаттары Солтүстік Қазақстанда Жолдау талаптарын түсіндіруде

Р. Ким Жолдауда заман сынына тегеурінді  іс-қимылдардың кешенді шаралары жан-жақты қамтылғанын, түпкі мақсат  тұрғындардың әл-ауқатын, тұрмыс сапасын арттыру болып қала беретінін жеткізді. А. Қоңыров үкіметтік деңгейде қабылданған үш жылдық бағдарлама бойынша облысқа жыл сайын 30 миллиард теңге бөлінетінін,  осыған орай мол қаражатты тиімді жұмсаудың  механизмдерін ойластыру, бақылауды күшейту қажеттігін атап көрсетті. Қараша айында өтетін Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық ынтымақтастық форумы қарсаңында  облыс аумағында еңселі әлеуметтік, мәдени, спорт нысандары, баспаналар  қарқынды тұрғызылуда. Жайлылық дегеніміз–ең алдымен, тұрғын үйдің қолжетімділігі, ауланың әдемілігі мен қауіпсіздігі, тіршілікке және жұмыс істеуге қолайлы елді мекеннің және сапалы инфрақұрылымның болуы, деді  меймандар.

М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті жанында құрылған Қазақстан халқы ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Людмила Гривеннаяның жұмыс берушілер диплом алған жас маманға жұмыс өтілінің қажеттігі жайлы талап қояды. Жоқ жұмыс өтілін қайдан алады? Жасы ұлғайған адамдарды да қызметке қабылдай бермейді деген сұрағына халық қалаулыларынан  бұл жерде  басты назар жас ерекшелігіне емес, маманнның біліміне аударылуы тиіс. Ал, ккәсіби шеберлік жылдар өте қалыптасады. Бұл мәселені тиісті орындардың қатысуымен талқылап, бір шешімге келетін боламыз деген жауап алынды.

Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінде өткен кездесуде  студент-жастарды білім беру, денсаулық сақтау салалаларының  түйткілді мәселелері  бей-жай қалдырмады. Парламент Мәжілісінің депутаттары Альберт Рау мен Сапар Ахметов өз сөздерінде жоғары оқу орындарына бөлінетін гранттар санының көбейтілгенін, енді  маман даярлау талабы күшейтілетінін, жұмысқа орналасуы, жоғары жалақылы қызметпен қамтамасыз етілуі бағалаудың бас өлшеміне алынатыны, құжаттарды қағазсыз, цифрлық жүйеге көшіру  медициналық қызмет көрсету мүмкіндігін арттыратынын алға тартты.

Халық қалаулылары А. Рау, С. Ахметов, Б. Оспанов, П. Шарапаев Аққайың ауданында бірнеше  кездесу өткізіп,  Жолдаудың басым бағыттарын тарқата айтып берді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

 Солтүстік Қазақстан облысы.