26 Ақпан, 2010

НАМЫСТЫ ҚАМШЫЛАЙТЫН КЕЗ КЕЛДІ

849 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Олимпиаданың 12-ші күні бес жүлделер жиынтығы сарап­қа салынды. Биатлоннан қыз­дар 4 х 6 эстафеталық сайыста шебер­лік байқасты. Қазақ елі намысын Елена Хрусталева, Любовь Фили­монова, Марина мен Анна Лебедева қорғады. Кіл мықтылармен үзеңгі қағыстыру бізге оңай болмады. Жерлестеріміз 14-ші орынды қанағат тұтты. Тартысты айқас барысында Ресейдің мерейі үстем болды. Құра­мында Светлана Слепцова, Анна Богалий-Тито­вец, Ольга Медведцева және Ольга Зайцева сынды шеберлері бар команда бас жүлдені олжалады. Осылайша, орыстар осыдан төрт жыл бұрынғы Турин Олимпиадасындағы табысын қайталады. Франция мен Германия құрамалары күміс пен қолаға қол жеткізді.. 10 000 метрге жарысқан конькишілер сайысында кореялық Ли Сеун Хун негізгі қарсыластары ресейлік Иван Скобрев пен голландиялық Боб де Иогты қапыда қалдырып, алтыннан алқа тағынды. Ал соңғы екеуіне күміс пен қола бұйырды. Негізінде бұл бәсекеде голландиялық Свен Крамер ең үздік уақыт көрсеткен болатын. Алайда төрешілер Олимпиада чемпионына “ереже бұздың” деген айып тағып, оның көрсеткішін есепке алмады. Тау шаңғысынан алып слаломда отандасы­мыз Иван Закурдаев шеберлік байқасып, 51-орында қалып қойды. Бұл ретте швейцариялық Карло Янко теңдессіз деп танылды. Күміс пен қоланы Норвегияның қос саңлағы Хьетил Янсруд пен Аксель Лунд Свиндаль еншіледі. Шаңғы қоссайысында командалық жарыс өтті. Бернхард Грубер, Давид Крайнер, Феликс Готтвальд және Марио Штехер секілді серке­леріне сенім артқан Австрия құрамасы дара шықты. Шешуші сында олар АҚШ пен Гер­мания командаларын артқа тастады. Фристайл­дың ски-кросс түрі бойынша әйелдер арасын­дағы жарыста Олимпиада қожайыны Эшли Макайвордың мерейі үстем болды. Канада­лықпен ең соңғы сәтке дейін үзеңгі қағыс­тырған норвегиялық Хедда Бернтсен мен француз Морон Жосран жүлдегер атанды. Сол күні шайбалы хоккейден топтық бәсекеде бағы жанбаған сегіз команда ширек финал жолдамаларын өзара сарапқа салды. Бұл кездесулер мынадай нәтижемен аяқталды: Швейцария – Беларусь 3:2 (буллит), Канада – Германия 8:2, Чехия – Латвия 3:2 (овертайм), Словакия – Норвегия 4:3. Кеше шаңғыдан ерлер 4 х 10 эстафетада жарыс­ты. Бұл жолы негізгі бәсекелестік Скан­динавия түбегінің өкілдері арасында өрбіді. Мәре­ге Швеция құрамасы бірінші жетсе, Норвегия екінші орынды олжалады. Қола жүлдені Чехия спортшылары жеңіп алды. Николай Чеботько, Сергей Черепанов, Алексей Полтора­нин және Евгений Величко сынды шеберлерге арқа сүйеген отандастарымыз 11-орынға табан тіреді. Сондай-ақ, коньки, тау шаңғысы, бобслей, шорт-трек және фристайл­дан бәсекелер өтті. Бұл спорт түр­лері бойынша қазақстандықтар күш сынасқан жоқ. Көпшілік күткен шайбалы хоккейден ширек финалдық бәсекелер өз мәресіне жетіп, жартылай финалда күш сынасатын командалар анықталды. Бұл кездесулердің нәтижелері мынадай: АҚШ – Швейцария 2:0, Канада – Ресей 7:3, Финляндия – Чехия 2:0, Швеция – Словакия 3:4. Бүгін әлемнің ең үздік төрт ұлттық құрамасы ақтық айқасқа шығу мүмкіндігіне ие болу үшін мұз айдынына шығады. Сондай-ақ, осы күні Қазақстан құрамасы тек шаңғышылардың 4 х 10 эстафеталық сайысында күш сынасады. Осы орайда біз жарыс жолына шығатын жерлестеріміз Светлана Малахова, Оксана Яцкая, Елена Коломина және Елена Антоноваға сәттілік тілегіміз келеді. Ғалым СҮЛЕЙМЕН, арнайы “Егемен Қазақстан” үшін – Ванкуверден.