Қазақстан • 26 Қазан, 2018

«Аса құпия» құжаттар алғаш рет жарияланды

679 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
«Аса құпия» құжаттар алғаш рет жарияланды

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін тарихқа жаңа көзқараспен қарап, тарихи оқиғаларға әділ бағасын беру үрдісі басталғанда, өткен ғасырдың 1930 жылдарындағы ашаршылық қасіретін шеккен әлеуметтік тап – қазақ ауылдары туралы қалыптасқан дәстүрлі көзқарасқа да өзгеріс енді. КСРО халқының ортақ қасіреті – миллиондаған тағдырды қиып түскен 1930 жылдардағы ұлы нәубет болса, Қазақстанның басына бұл зұлмат айрықша ауыр болып төнген еді. Міне осы тақырыпқа орай құрастырылып, архив деректерінің негізінде дайындалған «Қазақ ауылының қасіреті. 1928-1934 жж.» атты жаңа жинақ баспа бетінен жарық көріп отыр. Бұл жинақтың 1928 жыл мен 1929 жылдың арасын қамтыған бірінші томы 2013 жылы оқырман қолына тиген еді. Ал 1929 жыл мен 1932 жылдың аралығындағы архивтік мәліметтер жинақталған жаңа кітап биылғы қыркүйек айында оқырманға жол тартты. Кітап «Мәдениет пен өнер саласындағы бәсекеге қабілеттілікті көтеру, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерттеу және танымал ету, архив ісін пайдаланудың тиімділігін көтеру» бағдарламасының негізінде жарық­қа шықты. Кітапты құрастырушылар – Анаргүл Зұлқашева, Ғазиза Исахан және Жанар Сатаева секілді архив мамандары. Кітапты әзірлеуге Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан Республикасының қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы мен Президент Архиві секілді іргелі мекемелер қатысқан.

Ашаршылық туралы жинақтың 2-томында дәстүрлі қазақ ауылдарындағы түбегейлі өзгерістер: күштеп коллективтендіру, байларды жаппай кәмпескелеу, мәжбүрлі түрде отырықшыға айналдыру секілді бұрын қазақ ауылына жат болып келген өмір салтына байланысты жазылған құжаттар жарияланған. Бұл өзгерістің бәрі де әкімшілік шаралар арқылы асқан қатыгездікпен жүзеге асырылды. Астық, нан дайындайтын, мал етінің өні­мін әзірлейтін орындардың біртіндеп жабылуы Қазақстандағы аштықтың өр­шуіне, ауыл тұрғындарының жаппай сырт­қы елдерге жөңкіле көшуіне, ереуілдер мен бас көтерулерге, биліктің оларды аяусыз басып-жаншуына алып келді. Кітапта республикалық екі бас архивтің: Президент Архиві мен Орталық мемлекеттік архивтің деректері мен мәліметтері көрініс тапқан. Жинақта жалпы саны 172 архивтік құжат жарияланған. 

1929-1932 жылдардың аралығындағы кезең тарихта қазақ ауылдарының өмір салтын толықтай талқандаған уақыт бөлігі болып есептеледі. Осыны айғақтаған құ­­жаттардың көпшілігі жинақ арқылы ғы­лыми айналысқа алғаш рет еніп отыр. Өт­кен ғасырдың соңы мен осы ғасырдың басына дейін құпия болып келген Қазақ Автономиялы советтік республикасының орталық, республикалық, жергілікті ке­ңес­тік, партиялық, шаруа­шылық ор­ган­дарының, ОГПУ Өкілетті уәкілдігінің ауқым­ды құжаттар кешені, Қазақстандағы ұрыс қимылдары туралы 11-Қызылтулы кавалерлік дивизиясы командованиясының есебі тұңғыш рет осы кітапта жарияланды. Сол уақыттағы Қазақстанның нақты ахуалын айғақтайтын бұл құжаттардың барлығы «құпия» және «аса құпия» атты айрықша белгілермен сақталған. Мұқият саралап оқығанда бұл құжаттар аштықтың қолдан жасалғанын анық қуаттайды. Нә­тижесінде қазақ ұлтын құрап отырған ауылдық тұрғындар саны күрт төмендеді. Өлкенің өзіндік ерекшелігін ескермес­тен сыңаржақ, соқыр әдіспен қаулы қа­былдағандар «жоғарыдан» келген жар­лықтарды мүлтіксіз орындап отырды. 

Мемлекеттік бағдарлама аясында жа­рыққа шыққан жинақта жарияланған құ­жаттармен оқырман Қазақстанның барлық кітапханасы арқылы таныса алады.
 
Жанар САТАЕВА,

Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің баспасөз хатшысы